№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Нарық бағамы қалай?

Нарық бағамы қалай?

Нарық бағамы жылдың төрт мезгілінде құбылып тұр. Тауардың түріне сұраныс артқан сайын баға да еселене береді. Мұны сауда заңдылығы деуге болады. Мәселен, жазда азық-түлік арзан болса, құрылыс заттары қымбаттайды. Керісінше қыста көкөністің бағасы үш есе қымбаттауы мүмкін, бірақ басқа тауарлар төмендейді. Бұны сарапшылар әр түрлі саралайды. Биыл қыс басталмай жатып азық-түлік, оның ішінде бақша дақылдарының бағасы күрт қымбаттап, қалтаға әжептеуір салмақ салып тұр. Мәселен, қияр мен қызанақтың бағасы осыдан екі ай бұрын 200-250 болса, қазір құны еселеп өсті. Біз бүгін нарық бағасы төңірегінде талдау жасап көруді ұйғардық.

Алдымен сарапшылардың пікіріне тоқталайық. Бағаның өзгеруі бірінші кезекте импортқа байланысты, яғни, өзге елден тасымалданатын тауарлар түрлі бағамен келеді. Оған басты себеп доллардың бірде өсіп, бірде төмендеп кетуі, әрі өнімге қажетті шикізаттың тапшылығы да бар. Екіншіден, алыпсатарлардың ашкөздігі дейді. Қарапайым мысал, жақында хит болған қытай жүзімі бастапқыда 10 мың теңгенің үстінде сатылымда болса, қазір құның жарты бағасына да жетпейді. Негізі, шет елден келетін құны үш есе арзан екен. Міне, мәселе қайда жатыр? Үшіншіден, сапаға байланысты, отандық өнімнің бағасы өзге елдердегі тауарлардан әлдеқайда қымбат, тек сапасы жөнінен бірдей келе бермейді.

АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ БАҚЫЛАУ БАР МА?
Алдымен күнделікті тұтынатын тауар түрлеріне тоқталайық. Қазір азықтүлік, онық ішінде жеміс-жидектің бағасы құбылып тұр. Тек алма жемісінің құны тұрақты. Қалған тауарларды олай дей алмаймыз. Өткен аптада аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, қала және аудандарда базарға тексеріс жүргізіліп, баға тұрақтылығы қатаң қадағаланды. Аудан әкімі Мажит Самитұлы бастаған жауапты сала басшылығы да бағаға бақылау жасап, тұтынушы құқығы туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Бұл түсінікті, енді азық-түлік бағаларына келейік. Бірінші кезекте ет бағасына тоқталайық. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінен алған мәліметте сиыр етінің бағасы 2000 теңгеден деп көрсетілген. Бұл баға негізінен жілікке сойылатын еттің құны секілді. Өйткені, базар жағалағандар еттің бағасы 2300-2400 екенін нақты біледі. Шынын айту керек, 1 келі ет бір асып жегеніңе жетпейді. Қазақ етсіз отыра алмайтыны белгілі ғой, сондықтан ет бағасы шарықтап барады. Бұл мәселеге саудагерлердің де айтар уәжі бар. – Біз көбіне етті сатып аламыз немесе бір малды бүтіндей бөлшектеп саудалаймыз. Ал, мал бордақылау ісінде бейнет көп. Күтіп-баптау бір бейнет, оның үстіне жем-шөбі, дәрі-дәрмегі қалтаға әжептеуір салмақ. Осындай себептерден ет бағасы қымбаттап кетеді, – дейді сатушылар. Ол түсінікті, қарапайым көлден ауланып әкелетін балықтың да бағасы сұмдық енді. Келісі еттің бағасына жақындап келеді. Бұл бизнесте де көп шикілік бар. Министрлік, сондай-ақ көтерме сауда бағаларын 15-20%-ға, бөлшек сауда бағаларын 20-30%-ға төмендетпекші. Осы бағытта халықаралық деңгейде референттік баға енгізіліп, дәрі-дәрмек бағасы халықаралық және ұқсас нарықтардағы бағамен салыстырылып отыратын болады.

ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫ
Ұлттық экономика министрі апта басында өткен брифингте шетелден келетін құрылыс материалдары құнының өсуіне байланысты Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өзгеруі мүмкін екенін айтты. Министрдің айтуынша, мемлекет әлеуметтік және несиелік тұрғын үйдің бағасын реттеуді жалғастырады, ал қалған тұрғын үй нарығы сұраныс пен ұсыныстың ықпалына ұшырайды. Үкімет цемент және арматура сияқты базалық құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз еткенімен, ішкі әрлеу импортқа тәуелді болып қалады, бұл баға тәуекелін тудырады.
Құрылысқа қажетті тауарлардың 70 пайызын өз күшімізбен шығаратынымызды еліміздің өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та мәлімдеді. «Бірінші кезекте мемлекет әлеуметтік тұрғын үй бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Біз «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары туралы, әкімдік нарықтан сатып алатын жалға берілетін тұрғын үйдің бағасы туралы айтып отырмыз. Бұл жерде, әрине, мемлекет бағаның жоғарғы шегін қатаң бақылайды. Біз өткен жылға қарағанда өзгерістер күтпейміз», деп атап өтті министр Қ.Шарлапаев. Министр жеке тұрғын үй нарығында нарықтық тетіктер жұмыс істейтінін айтты. Алайда Үкімет құрылыс материалдарын өзіміз өндіруіміз бағаның өсуін шектеуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ ДЕРЕГІ
Басқа тауарлардың нарықтағы жағдайы бәрімізге белгілі. Өйткені, сауда жүйесі өте қатты дамып келеді. Интернет дүкендер мен шағын кәсіп иелері күннен күнге көбейіп келеді. Оның бір пайдасы ортадағы делдалдар мен алыпсатарлардың азайғандығы. Ал, дәрі-дәрмектің импортына қатысты ақпар ашық кеңістікте көріне бермейді. Дәрі бағасына шектеу немесе бақылау жасап жатқан жауапты саланы да көріп отырғанымыз жоқ. Бір қуантарлығы, келер жылдан бастап дәрілердің бағасының төмендейтіні. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова нақты айтты. Шетелден келетін дәрілер келесі жылдан бастап арзандауы мүмкін. Оның сөзінше, бағаның негізсіз өсуі логистика мен жарнамаға кеткен шығындардың көп болуына байланысты. Қазір импортталатын препараттардың бағасын төмендету бойынша мемлекеттік органдармен келісім жасалып жатыр. Министр бұл мәселе 2 айда шешілетінін айтты. «Келер жылдың басында осы интеграцияны толықтай аяқтасақ, импорттық өнімнің елімізге нақты қай бағамен кіріп жатқанын көре аламыз, бұл баға қалыптастыру жағдайына оң әсерін тигізеді» – дейді министр. Үкімет басшысы дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау үшін бюджеттен биыл 474 млрд теңге бөлінгенін, оның 251 млрд теңгесі – амбулаториялық деңгейдегі 3,5 млн науқасты тегін препаратпен қамтуға жұмсалғанын жеткізді. Бірақ отандық фармацевтика әлеуетін арттыру қажетігін де назардан тыс қалдырған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігіне ол үшін шетелдік инвесторлармен байланыс орнату қажеттігін ескертті. Депутат Асхат Аймағамбетов дәрілердің бағасы 25%-ға дейін арзандауы мүмкіндігін алға тартып отыр. «Негізсіз шығындар алып тасталады. Бұрын маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ға дейін жетіп, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тағы 15% үстеме қосылатын. Енді бұл қосымша шығындар алынып тасталады, осылайша бағаны арзан деңгейде ұстауға мүмкіндік туады», – дейді депутат. Министрлік, сондай-ақ көтерме сауда бағаларын 15-20%- ға, бөлшек сауда бағаларын 20-30%-ға төмендетпекші. Осы бағытта халықаралық деңгейде референттік баға енгізіліп, дәрі-дәрмек бағасы халықаралық және ұқсас нарықтардағы бағамен салыстырылып отырмақшы. Нәтижесін көретін боламыз. Жаңақорғанда 10-нан аса дәріхана бар. Олардағы баға біркелкі болғанымен, кейбір дәрілерде айырмашылық байқалады.
БАСПАНА МЕН ЖЕР ЖАЙЫ
Қазір тұрғын үй алу да оңай шаруа емес. Ипотекалық үйлердің құны шарықтап тұр. Бұл ірі мегаполистерде. Біздің ауданда да мемлекет тарапынан берілетін баспаналар бар. Олар да арнайы санат арқылы беріледі. Ал, үйлердің бағасы сәл арзандады демесеңіз, жаңа баспаналардың нарықтағы құны 20-25 млн теңге тұрады. Кенттің орталығында бұдан сәл қымбаттырақ. Енді жабайы сауда болған соң әркім өз нарқын қояды, бағаға шектеу жоқ. Енді жер бағасына келейік. Кент аумағы жыл сайын кеңейіп келеді, себебі тұрғындар саны артуда. Алайда, мемлекеттен берілетін жер кезегі келетін емес. 2015 жылы тіркелгендер әлі толық алмапты. Оған басты себеп инфрақұрылым дейді жауапты сала мамандары. Қазір 5 мыңнан аса тұрғын кезекте тұр. Жалпы жер кезегі бітпейтін жырға айналды. Бұл бөлек әңгіме, ал жер бағасын жабайы нарықпен ұштастырып көрсек, ауданда 10 соттық жердің құны 3-3,5 млн аралығында. Бұл Ипподром, МАИ бекеті аумағындағы баға, орталықта бұдан сәл қымбаттау. ТҮЙІН. Біз бүгін нарықтағы баға кеңістігінде жиі өзгеріп тұратын тауар түрлеріне тоқталдық. Әзірге бағаның жайкүйі осылай, жаңа жылдан кейін нарық қалай құбылатынын көреміз. Ең бастысы, халықтың қалтасына ауыр салмақ түспесе болғаны. Онсыз да төлемдер мен айыппұлдар жағадан алып жатқанда.

Әли Темірбек
11 желтоқсан 2024 ж. 83 0