Құрылыс заттары неге қымбат?
Қазір нағыз құрылыс жұмыстарының қызып тұрған шағы. Ерте көктемнен қара күзге дейін, тіпті қыстыгүні де сұранысы төмендемейтін бұл саламен екінің бірі кәсіби түрде айналыса бермейді. Бір анық мәселе, құрылыс жұмыстарының қарқыны соңғы бес жылда үш есе артқан. Мұны жауапты сала басшылары растап отыр. Осыған байланысты аудан орталығында құрылыс заттарын сататын дүкендердің де саны екі жылда еке есеге көбейді. Тек бір өкініштісі, баға тұрақсыз, арзан деуге мүлде келмейді. Оған басты себеп ортадағы делдалдық пен экспорт әлеуетінің өсуі, дейді сарапшы мамандар. Дегенмен, Сыр өңірінде құрылыс саласы бойынша Жаңақорған ауданы көш бастап тұр.
Соңғы деректерге қарағанда аудан орталығындағы халық саны 40 мыңнан асып жығылса, баспана саны 10 мыңға жуықтапты. Тұрғындар санының жылдам өсуі нарыққа әсер етпей қоймайды. Жер мен үй бағасы шарықтау шегінде тұр. Мәселен, аудан орталығында 10 соттық жердің бағасы 4-5 млн теңге көлемінде, МАИ бекеті мен Ипподром мөлтек ауандарында 3 млн теңгеден кем емес. Ал, баспана бағасы тіпті қымбат. Егер қалтаңызда 25-30 млн қаржыңыз болса салынғанына 5-6 жыл болған үй алуыңызға болады. Егер қала іргесінен немесе аудан орталығынан арнайы бағдарламамен үй алғыңыз келсе онда мына төмендегі кеңеске жүгінуге тура келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың сәуірі мен биылғы сәуір айында тұрғын үй бағасында едәуір айырмашылық бар. Яғни жаңа тұрғын үй бағасы 1,6 пайызға, екінші нарықтағы үй бағасы 0,1 пайызға өскен. Жаңа үйлер Ақтөбе қаласында 9,5 пайызға, Қызылорда қаласында 7,1 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ ел бойынша бір айдың ішінде пәтерлерді қайта сату 1 пайызға өскен. 2024 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31248 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 7830 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23418 мәміле жасалды. 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда (26389) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 18,4%-ға өсті. Қалай айтсақ та, мемлекеттік бағдарламалар халықтың баспаналы болу мәселесін шешуде тиімді тетік болып тұр. Ал нарықтағы баға жайы басқа мәселе.
Енді тақырыпқа қайта оралайық. Дәл қазіргі сәтте аудан орталығында цемент тапшы болып тұр. Шиелі мен Шымкенттен келетін цемент түрлері бірнеше күнге кешігіп еді, аудан тұрғындары көрші Түркістанның базарын кезіп кетті. Шиелі мен Шымкенттегі екі өндіріс мекемесі де жөндеуден өтіп жатқан көрінеді. Былтыр Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қымбатшылықты девальвациямен бастаған. Екіншіден, рубль де қымбаттады. Соған сай Ресейден әкелінетін материалдар да қымбаттап кетті. Рубльдің құнсыздануынан Ресейде де баға өсті, алайда ресейлік өндірушілер үшін өз өнімін Қазақстанға емес, Қытай мен Еуропаға сатқан қолайлы. Өйткені ол елдерде баға әлдеқайда жоғары. Сондықтан тауардың басым бөлігі сол елдерге кетті де, нарықта тапшылық пайда болды, ал тапшылық бағаны өсіріп жіберді, деп мәлімдеген болатын.
Егер құрылыс базарына бас сұғып, қажетті затттардың бағасын қарасаңыз, күні кеше төмен бағада тұрған заттардың құны едәуір қымбаттағанын анық байқауға болады. Кент тұрғыны Мақсат есімді досымыз кенттегі тұрғын үйдің құрылысын осы көктемде бастаған екен. Қажетті материалдарды алғашында басқа бағамен алса, кейіннен әлдеқайда қымбатқа сатып алыпты. Айтуынша, жоспарлаған сома еселеніп барады.
– Өзім құрылыспен айналысатын болған соң базар бағасын бағамдап отырамын. Мәселен, былтыр 2000-2200 теңгеден аспаған «Волгоград» шифры биыл 2400 теңгеден кем емес. Сол секілді, цемент бағасы да тұрақсыз. Ауданда бірнеше сауда нүктелерін аралап шықсаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Айталық, көктемде құрылыста жиі пайдаланылатын 1 OSB тақтасының бағасы 3 мың теңгенің ар жақ – бер жағында тұрса, бүгінде ондай баға түгілі, материалдың өзін табу қиын. Бірақ олардың да бағасы аспандап кеткен. Ал, үй салып жатқан жұртқа қажетті ағаш пен қаңылтырдың бағасын айтудың өзі қорқынышты. Міне, бізде бақылау жоқтықтың көрінісі осы. Алмасқа шараң жоқ, – дейді қынжыла.
Иә, біз тілдескен қарапайым халықтың пікірі осылай өрбіген соң, Жаңақорған ауданындағы «Ақ жол», «Ержан», «Талды су», «Шаңырақ», «АI Madi», «Сауран» және бірнеше ағаш базарына бас сұқтық. Саудагерлердің сөзінше, құрылыс материалдары карантин енгізілгеннен бастап қымбаттаған. Бұл жерде басты кінә ортадағы делдалдар, яғни, өзге өңірден және шет елден импорт жасайтын алыпсатарлар бізге әжептеуір бағаны ұсынады. Ал, біздегі сатушылар алуға ниетті, өйткені, ауданда құрылыс заттарының кез келген түріне сұраныс өте жоғары. Аудандағы құрылыс материалының негізгі түрлері Ресейден келеді. Соның бірі ағаш. Онсыз үй салу мүмкін емес. Іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланатын құрылыс материалының бұл түрінің қалдығы да кез келген жерде пайдаға асады. Ең ақыры ұсақ жаңқасынан ДВП, ДСП жасалып, төбеге де жылулық ретінде қолданылады.
Көп қолданылатын құрылыс материалдарының тағы бір негізгі түрі – қаңылтыр шатырлар. Бұл да қалдықсыз материал. Оның түсінің оннан астам түрі бар. Ал түссіз қаңылтыр шатырлар арзан болады. Сапасына келсек үш түрі бар. Жұқа, орташа, қалың. Сіз қалтаңыздағы қаражаттың көлеміне қарай таңдайсыз. Ұзындығы 6, ені 1,20 метр түрлі түсті профлистің бағасы – 15-18 мың теңге. Мұнымен шатырды жабу ыңғайлы әрі тез. Сонымен қатар заман талабына сай үйіңіз бен қақпаңызға сән береді. Ал түссіз қаңылтырларды шаруа қожалықтары қораның төбесін жабуға, мал ауласын қоршауға көп алады екен.
Сонымен қатар, пластикалық терезелерді жасаушылар да көктемнен бері есік-терезені өндіру бағасын көтеріп жіберген. Былтыр бір терезені 45-50 мыңға жасатсаңыз, биыл 72-75 мың теңгенің айналасында. Біздің ауданымызда пластик есік-терезе жасайтын ұсталар аз емес. Солардың бірі Самат Қамбаровтың сөзінше есік, терезені өздері жасағанымен, қажетті заттарды сырттан алдырғасын, баға үнемі өзгеріп отырады дейді. Байқағанымыздай, құрылыс материалдарын сөз еткенде, бізде көбіне сыртқа тәуелділік басым. Жылдан-жылға жағдайдың жақсарғанымен қымбатшылық қиыншылығы қыспақтан алып тұр. Сәулетті үй тұрғызғымыз келеді, несиеге ұрынамыз. Банкке бір қарыз, құрылысшыға тағы тәуелділік туындайды. Бүйте берсе күрке тұрғызу да күрделеніп кететіні түрі бар. Бұдан қарапайым халық қана қағажу көреді.
Енді бір мысал, «МАИ бекеті» шағын ауданында бір үйді тұрғызу үшін қанша қаражат кетеді? Егер жалдамалы жұмысшы жалдайтын болсаңыз. Үйдің іргетасынан бастап, кілтіне дейін сізге жоқ дегенде 2-3 млн қаржы сұрайды. Егер үйіңіз соңғы үлгідегідей салу керек болса онда бұл қаржыдан 3 есе төлеуге тура келеді. Төмендетілген қаржымен есептеп көрсек, жұмысшылар үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып, есік, терезелерін қондыруға жұмысшылар 2 млн теңге сұрайды. Ал, оған кететін материал құны үш есе болады. Бас-аяғы 8 млн теңге кетті дейміз. Евромемонты бар, газы бар, қызметімен алғанда барлығын қоса алғанда тағы 5-6 млн қаржы қосыңыз, 13-14 млн теңгеге орташа үй салуға болады. Дайынын сатып алсаңыз одан сәл қымбаттау болады. Бұл үйдің көлемі жобамен 11-12 болатыны түсінкті. Айта берсек мысал көп, ең бастысы, қаржы қос бүйірден қыспаса болды.
Қысқаша ауданда қандай құрылыс тауарлары өндіріледі. Соған тоқталсақ, бірінші, таудың тасы өзімізден шығады. Екінші, желім, яғни кілей де өзімізде бар. Одан бөлек, тор қоршау, үй сыртын қаптайтын түрлі жабдықтар мен темір ұсталары да бізде бар. Ал, Қызылорда қаласында былтыр «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС жалпы құны – 2,6 миллиард теңге болатын өндіріс орнын ашты. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.
Түйіндей айтқанда, құрылыс заттарының неге қымбат екенін түсіндік. Шикізат пен өнімнің көп бөлігі экспортталады, екінші, делдалдардың ашкөздігі бағаның тұрақталуына үлкен кедергі. Міне, осы екі жағдайды реттемей, нарық ұбылып тұра береді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ