№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мақсатты мамандану мәселесіне маңыз беріледі

Мақсатты мамандану мәселесіне маңыз беріледі

Қойнауы кен қазбаларына бай туған жерімізде иен жатқан шикізат қорын игілігімізге айналдыру бағытында істің көзін білетін ілкімді талаптың тұсауы кесілгеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әр дәуірдің тарихи жүгі бар. Дегенмен де өлке өндіріс өзегіне жан бітіруде жан-жақты кәсіби маман даярлау мәселесін жергілікті жердің өзінде шешуге салғырттық таныту, қатаңырақ айтқанда, экономикалық жауапсыздықпен пара-пар. Осы орайда өңір базасына қарасты арнайы техникалық білім беретін оқу орны – Жаңақорған агро-техникалық колледжі облыста бірден-бір тау-кен мамандығы бойынша білім берудің негізін қалап үлгіргенүлгілі орталық екендігімен ерекшеленіп отыр. Облыстық білім басқармасына қарасты білім ордасы ендігі бағыт жұмысшы мамандарын даярлауда факультативті жүйелеу, яғни нақты туған жер қойнауындағы кеніш орнына керекті мамандықтарды кәсіби тұрғыда саралап, әлеуетін арттыру талабы күн тәртібінде тұр. Осы міндетті жан-жүрегімен сезініп қана қоймай, іс жүзінде жандандыруға талап қылған колледж басшылығы Шалқия кен қазбалары жер асты жұмысын жүргізуге төрт жылға мердігерлік өкілеттікті иеленген Қытай-Азаматтық-Инженерлік-Құрылыс Корпорациясымен осы бағытта меморандум мәселесіне қадам жасап отыр.

Әлемнің 100 мемлекетінде филиалы жұмыс жасайтын бұл алып компанияның күшімен ашық теңіз үстінде аспалы көпірлер орнатылып, тау төстерін тесіп өткен төте жолдары ел мен елді жалғаса, бұл жолы Шалқия кенішінің көкжиегіне де лайықты қолтаңба қалдырары анық.
Бейсенбі күні – 11 қарашада аталмыш корпорацияның бас директоры Дзянг Хай Вен және «Шалқия-Цинк LTD» акционерлік қоғамының әлеу­меттік істер жөніндегі кеңесшісі Ғабит Қазизханұлы Жаңақорған агро­тех­­ни­калық колледжінде болып, оқу-өндірісінде оқытылып жатқан мамандықтармен жан-жақты танысты. Колледж директоры Жомарт Шауенов келген қонақтарды әуелі қолөнер шеберлігі орталығына бастады. Мұнда талантты ұстаз Гүлшат Карекееваның ұшқыр қиял қанатын өрнекті өнерімен реал өмірдің мазмұнына айналдыра білген төл туындыларымен қатар шәкірт­терімен бірлесе дайындаған картина, гобелендері және моншақтан тізбектеліп жасалған әсем бұйымдарынан көрме жасақталыпты. Перспективалы техно­логияның түп тамыры саналатын қарапайым да қастерлі төлтумалардың тұла бойы қазақ халқының төл табиғатына тұнып тұр. Келесі кезекте бас сұққан колледждің кітапханасында оқулықтармен қоса әдеби кітаптарға да орын берілген. Руханият орталығының әлеуеті туралы ағылшын тілінің мұғалімі Бейсенкүл Сейілова әсіресе пайдалы қазбалар туралы оқулықтармен жасақ­талған сөредегі кітаптардың тау-кен мамандығын таңдаған оқушылар үшін айрықша маңызына тоқталды.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, колледжбен танысуға арнайы келген делегацияны оқу орнының тыныс-тіршілігі, перспективалы жобаларымен етене таныстырудағы мақсат – алдағы уақытта бірлескен іс-шараларға негіз қалау. Бұл жөнінде колледж директоры Жомарт Шауенов «Жас маман» жобасы бойынша 320 млн теңге республикалық бюджеттен бөлініп, екі мамандық бойынша жоғары деңгейлі материалдық-техникалық ба­за­­сын жа­ңар­туда, әрі алдағы уақытта тау­-кен саласы бой­ынша да тәуекелді талаптарға мүмкіндік бар екенін, тек нақты белгілі бір мамандыққа бейімделу бағытында екіжақты кеңесулер мен келісулердің тиімділігін айтып, болашақ бағыт-бағдарды ақылдасуға ниеттеніп отыр­ғандарын жеткізді.

– Бізді ең бір толғандыратын мә­се­ле – тау-кен мамандығын бі­ті­ріп, қолына диплом алып шыға­тын талапкердің теориялық жа­ғы­­нан мықты білім алып шық­қа­нымен практикалық жағынан ақсап жатқандығы кейін де көп кедер­гілерге тіреп жатады. Таңдаған кәсі­бінің қыр-сырына терең қанығып шығуы үшін қайнаған еңбектің ор­та­сына барып, өндіріс алаңының детальды бөліктерін қолмен ұстап, көзбен көрудің практикалық маңызы зор. Сіздер тарапынан осы жағына қамқорлық болса, өндіріске аса қажетті жұмысшы мамандығының белгілі түріне білікті кадрлар дай­ындап беруге құлықтымыз. Біз­дің басты мұратымыз, кәсіби маман­дарымыз оқу орнын бітірген соң лайықты кәсібін тауып, өмір кетігіне бір кірпіш боп қалана алуы. Кеніштің келешегі әлі алда, сол белесте жас­та­рымыздың жарқын болашағын көргіміз келеді. Ал оның тетігі бү­гін­нен қаланады емес пе? – деді колледж директоры.

Тың ұсыныс-тілектерді терең түсіністікпен қабылдаған компания иелері осы бағытта барлық мүм­кіндіктерді саралап көріп, екіжақты тиімді іс-қимыл жоспарын түзуге уәде берді. Тау-кен мамандығы бой­­ынша білімгерлерге дәріс беріп жат­­қан колледждің арнайы пән оқы­­тушысы Ма­рат Мұсаевтың пікір­леріне де ден қойды. Аға ұстаздың айтуынша, балаларға тау-кен өнді­рісі саласын жалпы оқытқанмен, оның ішінде бұрғылау, жару сынды өнді­рістік процестерге жеке-жеке кәсіби бейімдеу жағына практикалық тұрғыда база қалыптаспаған. Сон­дықтан ол дайын кешен ретінде кен өндірісімен жүйелі байланыстың ма­ңызды роліне жарқын тілектестікте екенін айтып өтті.
Жомарт Абибуллаұлы 2019 жылы басшы­лық­қа келгенінде колледждегі 14 мамандық түріне тағы 5 маман­дықтың қосылғандығын, оқу орнында 10, 11 сыныптағы жастар білім алуда, олар үш жыл оқитынын айтты. Аса қажетті мамандықтарды 11 сы­наптан кейін (29 жасқа дейінгілер) 10 айда бейімдеп шығаруға да бола­тынын жеткізіп, басшылық на­за­рына тау-кен өндірісіне қатысты жұмысшы мамандығының тізімін ұсы­нып, соның ішінде таңдалған тап­сы­рыстарға маман әзірлеуге то­лық мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті.
Оқу орнында Тау-кен саласы бой­ынша 40 студент мамандану үстінде. Иә, жерасты жұмыстарының сан қабат қиындығын еңсеру өз алдына білім­герлерге техникалық қауіпсіздік мәсе­лелерін жете меңгертуде кеңестік кезең­нен келе жатқан құрал-жабдықтармен сабақ өтудің маңызы ескірені (көнер­гендігі) бел­гілі. Өндірістік-практикалық сабақтарды өз дәрежесінде өткізуде ар­найы кабинеттерді талаптағыдай жаб­дықтауға көмек қолұшын беруге келгенде бұған дейін де әлемнің түкпір-түкпірінде нешеме шепке алған жұмыс орындарында ірі-ірі демеушілік шараларына ынталылық танытып келген аталмыш компанияның бұл тарапта жәрдем талаптарына сенуге болатындай. Мекеме басшысы одан әрі қонақтарды ең соңғы үлгідегі токарь станогында жұмыс істеу технологиясымен, дәнекерлеу ше­бер­ханасына қойылған құны 122 млн теңге тұратын заманауи металл пісіретін жә­не плазмалық аппараттардың жұмыс механизмімен таныстырды.
Арнайы өкілдер одан әрі оқу ор­нын­дағы «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу» шебер­хана­сында оқитын талап­кер­лермен кез­­де­сіп, өндіріс жұмы­сымен та­нысты. Мұнда заманауи тігін маши­налары жеткілікті қамтылған екен. Соңғы үлгідегі заманауи құрал­дар 342 тігіс түрлері, жазу, кес­телеу тех­но­логиясымен қамтыл­ған. Колледж бас­шысы тігінші тобы маман­дарының түрлі кәсіби салаға ар­налған жұмыс фор­маларына тапсы­рыс қабылдап, сұра­нысқа сай сапада қанағаттандыра ала­тын­дық­тарын айтып өтті. Осы бір сәтте өз қолда­рынан шыққан зерлі шапанды қонақтардың иығына жапқан өрім­талдардың өнегелі үрдісті ұла­ғаттауы мейманды құрметтеген көңіл­дің кәделі сыйы ғана емес,өнер мен білімге ұмтылған ұлы дала елі ерте­ңінің іс басындағыларға сенім сал­мағын еселей түскендей ерекше жаймашуақ көңіл райына куә болдық. Енді тек, іске сәт дейміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА

13 қараша 2021 ж. 2 431 0