№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімнің кілті – бастауышта

Білімнің кілті – бастауышта

Әліппеде «ю» әрібінің реттілігі 41-ші, ал, «ы» дыбысы 37-ші орналасқан. Міне, елде осы әріптермен 30-дан аса 1 сынып ашылды десек сенесіз бе? Әлеуметтік желіде осы жөнінде қызу талқылап, бірі – мегаполистерде көп сыныптың құрылуы ел тұтастығына қауіпті десе, екіншілері –
 мұнымен мақтануда. Қалалар мен кенттерде жаңа мектептер ашылып жатса да, оқушы саны көбейіп, әр сыныпқа 40-ға жуық бала қабылдап, оқу екі не үш ауысыммен жүруде. Бұл жөнінде ақпарат көздерінде мәлімет көп. Біздің аудандағы ахуал қандай? Оқушылар сыныпта қысылып-қымтырылмай отыр ма? Біз осы сұрақтың түйінін тарқаттық.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың мәлімдеуінше, 2021-2022 оқу жылында елдегі 7 мыңнан аса мектепке, шамамен 3,6 млн оқушы барған. Оның ішінде 380 мыңға жуық бала 1 сыныпқа қабылданды.
Әрине, аз емес. Біз дамушы мемлекет болғандықтан халық саны артып, мек­теп тапшылығы байқалуы заңдылық. Қайта ұланғайыр жерге ие болатын жас буынмен мақтануымыз тиіс. Алматы қаласының мектептерінде оқушының көптігінен «р», «ю», «ы» сыныбы ашы­лып, сыныпта 35-36 оқушыға дейін артқанына көпшілік таңғалып отыр.
Мектептегі сыныпта 25 баладан аспауы тиіс. Бұл – санитарлық-эпиде­миологиялық нормалардың талабы. Ал, ауылдық мектептерде бір сыныптағы балалар саны жергілікті халықтың қажеттіліктеріне қарай айқындалады. Заң осылай дейді. Біз қаншалықты заңға бағынып жұмыс істеудеміз. Әуелі аудандық білім бөліміне барып, жауапты маман Жанна Нұрмағанбетовадан тиісті сұраққа жауап алдық.
– Ауданда 42 мектеп бар, оның 7-і кентте орналасқан. Елді-мекендерде мектептің көлеміне қарай 1-2 сыныппен шектелген. Аудан орталығындағы мек­теп­терге тоқталсақ, 1-сыныпты ең көп қабылдаған мектеп – №110, №163 мектеп. Олар 7 сыныптан қабылдады. №169 білім ордасында 5 сыныптан, №125, №51, №192 мектепте 4 сыныптан, №56 мектеп 2 сыныптан қабылдады. Оқушы сыйымдылығына байланысты мә­селе жоқ, – дейді маман. 
Содан №110 мектепке барып, 1 сынып оқушыларының қалай сабақ өтіп жатқанын көзбен көрдік. Мұнда талапқа сай 25 оқушы білім алуда. Бастауыш сынып ұстазы Камшат Бердімұратқызы:
– Мектептің сыйымдылығына қарай, оқушы қабылдадық. Бізде биыл 158 өспірім 1 сыныпқа келіп, білім алуда. Әр сыныпта 25 баладан артық емес, – деді.
Қош! Көзімізбен көргеннен кейін көңіліміз жайланды. Ендігі бағыт орта­лықтағы №169 мектеп. Онда мектеп директоры Аллаберген Ахметовке жо­лық­тық.
– Шыны керек, бізде орыс сыныбы болғандықтан оқушылар саны көп. Биыл 1 сыныпқа 115 оқушы қабылдадық. Яғни 4 сынып ашылды. Әр сыныпта 25 баладан бар. Биылғы жаңалық – ақылы мектептер ашылып, оқушылар бөлінді ғой! Біздегі орыс сыныбына қабылданған оқушылардың біршамасы сонда кетті, – дейді мектеп басшысы.
Расында, биыл төрт ақылы мек­теп ашылып, ата-аналарда таң­дау мүмкіндігі туды. Енді ақылы мек­тептерге баруға ұйғардық. Алдымен орталық көше бойында орналасқан «Заңғар» интеллектуалды мектептің табалдырығын аттадық.
Ғимарат іші жарық, кең. Оқушыға сапалы білім алуға жан-жақты жағ­дай жасалған. Менің кіргенімді бейне­камерадан байқаған болса керек-ті, директор Құралай Сарқанова алдымнан шықты. Содан мән-жайды түсіндіріп болғаннан кейін 1 сыныпты араладық.
– Биыл 1 сыныпқа 47 бала қабылдап, оны үш сыныпқа бөлдік. Сонда әр сыныпта 15 баладан білім алады. Ұстаздарды іріктеп, білімді, біліктісін таңдадық. Осылайша ата-ана талғамына сай сапалы беруді ойлап отырмыз, – деп ойымен бөлісті.
Одан кейін Өскенбай Жұма­ділла атындағы мектепті көруді ұмытпадық. Мектеп соңғы үлгі­дегі құрал жабдықтармен жасақ­талыпты. Мектеп директоры Дана Жақанованың сөзінше, биыл 1 сыныпқа 114 оқушы қабылданып, оны 7 сыныпқа бөліпті. Әр сыныпта 15-16 баладан екен. Айта кететіні, бір орыс сыныбы ашылыпты.
Осы мақаланы жазу барысында біршама ата-анамен пікірлесіп, біраз мағлұматқа қанықтық. Біздің ауданға да ауылдық округтерден жас отбасылар көшіп келіп жат­қанын аңғардым. Ондағысы «балам жақсы жерде оқысын, жақсы білім алсын» дегені ғой! Сондай ата-ананың бірі – Айғаным Әлжанқызы. Ол жолдасымен ақылдаса келе шалғай ауылдан орталыққа қоныс аударыпты.
– Биыл үлкен қызым мектепке барды. Оны №3 мектеп-интернатқа орналастырдым. Біз Сыр беткейден көшіп келдік. Онда ұстаздардың біліміне көңілім толмайды. Әлем қарқынды дамуда. Бүгінгі жаңалық ертең өзектілігін жояды. Көшке ілесуде сапалы білім алу маңызды. Осы себепті, аудан орталығына көшуді жөн таптық, – дейді жас ана.
Әлбетте ауылда болсын, қалада болсын білім стандарттары бәріне бірдей. Бірақ білім беру саласында ауылдағы мектепте материалдық базаның төмендігінен сапалы бі­лім беруге қолбайлау болатын жағдайлар аз емес...
Ізденгіш, еңбекқор мұғалімдер ауылдық жерде бар, дегенмен, көп жағдайда біліктілік деңгейі жөнінен қалыс қалатыны рас. Елдегі ортақ көрсеткіш бойынша ауылдық мектеп­терде жұмыс істейтін мұғалімдердің жоғары санаттысы 17 пайыз болса, қалалық мектептерде 30 пайыздан асады екен.
Шынында, білімді, білікті ұс­таздар ауылдық жерлерде де аз емес. Осындайда Нұрлат Байген­женің: «Біздің ауылда Гүлзинат Омарова деген апайға таласатын. Сол кісіден әріп танып, көзқарасым қалыптасқанын мақтан етемін. Тұңғышым мектепке баратын кез­де ұстаз таңдадым. №163 мек­тептің сол кездегі директоры Күланда Жақыпбекова «Қарашаш Бименова өте білікті, білімді ұстаз. Оған берсеңіз ұлыңыз математик болады» дегеніне тоқтап, Қарашаш апайды таңдадық. Әттең, апайымыз бақилық болып кетті», – деп екі бірдей бастауыш сынып мұғалімін мақтағанын есіме алдым.
Өз ісіне адал, білімді, білікті, ізденгіш, еңбекқор мұғалімдер ара­мызда жүр. Олар жайлы реті келсе деріптеп, көпке үлгі етуге тырысып жүрміз.
Болашақтыңертеңі тәуелсіз­діктің тұғыры – бүгінгі мектеп бүл­діршіндері десек, олардың сапалы білім алуы маңызды. Ал, білімнің кілті – бастауышта десек, әріп танып, дүниетанымы қалыптасатын бүлдіршінге мектеп пен ұстаз таңдау маңызды іс.
Әсел РЗАЕВА
18 қыркүйек 2021 ж. 2 551 0