№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданға көкөніс қайдан келеді?

Ауданға көкөніс қайдан келеді?

Биыл қыс қаһарына мініп,жұрт қалың қармен алысып жүргенде, базардың бағамы да мың құбылып тұр. Халық көп тұтынатын тауар түрлері, оның ішінде, көкөністің бағасы сан рет қымбаттады. Бірнеше күн бұрынғы 220 теңгелік алма 360 теңгеден сатылуда. Базарға арнайы барып, қызу сауданы барлап, бағамдап қайттық. Бізді көкөніс түрлері қайдан келетіні қызықтырды.

Сатушыларды әңгімеге тартып, мән-жайды білуге тырыстық.
– Апа, амансыз ба?
– Иә, қызым, не салып берейін?
– Алманың түр-түрі бар екен. Қайсысын алған дұрыс?
– Өзің жеуге ме, әлде қонаққа ма?
– Балаларға, яғни өзімізге ғой…
– А-а-а, онда мына сары алма дұрыс қой, осы алманың қызыл түрі де бар.
– Бағасы қанша?
– Қонаққа қоятын сырттың алмасы ғой, өздерің жеуге осы алма дұрыс. Жергілікті алма шіруге бейім болады. Бірақ арзан әрі адам ағзасына пайдалы. Бірақ тез өтіп кетпесе жарамсызданып сатушыны шығынға ұшыратады, – деді.
Байқағанымыз, көкөніс пен жеміс-жидектің басым бөлігі берісі Өзбекстан, Қытай, Түркиядан келеді екен. Алайда олардың сапасы қандай? Бір ғана мысал, Қазақстанда өскен бір қап картоптан 7-8 келі шірігі шығады. Қытайдан келген картоптан 5-6 түйірі ғана бұзылады. Сонда қытайлық диқандар картопты топырақта өсірмей ме, әлде инновациялық технологияны пайдаланып отыр ма, әлде химиялық қоспалар қоса ма? Мұны ауданда арнайы зерттеп, қорытынды шығарып жатқан мекеме жоқ. Бұған дейін «Шірімейтін алма жеп жүрсіз бе?» деген мақала жазып, онда Қытай алмаларының ұзақ сақталуына сыры – күкірт газын, парафин, мыс сульфатын (медный купорос) қолданады деп мәселе қозғаған болатынмын. Мәселен, базарда тұрған қияр, картоп, қызанақ, сәбіз өнімдерінің арзан-қымбатына назар аударсаң, олардың сапасына көз жеткізуге болады. Қымбат бағада сатылып жатқандардың түрі, түсі, сақталған жағдайы өзіне сай. Ал осы көкөніс өнімдерінің көбінің сырттан әкелінетіні көңілге аздап күдік ұялатады. Мысалы, алма арғы жағы Иран, Қырғыз, берісі Алматыдан тасымалданатын болса, алмұрт Польша, мандарин Пәкістан, Қытайдан, лимон Түркиядан, жүзім Өзбекстаннан жеткізіледі екен. Ал картоп Ресейдікі және Қазақстандыкі болса, сәбіз Ташкент және Павлодар, жуа Жамбылдан тасымалданады.
– Жалпы биыл жемістің бағасы жылдағыдан біршама арзан. Жақын маңнан келетін тауарлар арзандау келеді. Дегенмен арзан бағада келгені бостау, жөнді піспегендей, дұрыс бапталып-күтілмегендей әсер қалдырады. Әрине, мұндай жағдайда кез келген адам «дұрысын» алғысы келіп, 20-30 теңге айырмашылығына қарап жатпайды, – деді кәсіпкер Бейбіт Еркінұлы.
Иә, расымен базардағы сауда істеп жүрген қарапайым халық тауардың арзанын іздейді, оның қолжетімді әрі сапалы болғанын қалайды. Ол үшін жергілікті жерде, өзімізде бау-бақша өсіру керек-ақ. Олардың шеттен келетін көкөністерге қарағанда анағұрлым тиімді, сапасы да анау айтарлықтай жақсы болуы тиіс.
Иә, айта берсең түйіткілді мәселе жетерлік. Десе де өз өніміміз өзімізге жетпей жатқанына кім кінәлі? Алақандай жеріне барлық дақылдарды сеуіп, ала жаздай еңбектеніп, күзде жинап, қыста пұлдап отырған көрші өзбек ағайыннан үйренеріміз көп. Сондықтан қыста жаздың қамын ойлап, көкөніс егуді қолға алсақ екен.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
02 ақпан 2021 ж. 2 087 0