№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2020 жылдан бастап кімдер декларация тапсырады?

2020 жылдан бастап кімдер декларация тапсырады?


2020 жылдан бастап салық жүйесіне қандай өзгерістер енеді? Әсіресе шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Көпбалалы аналар салықтан босатыла ма? Біз осыны зерделеп көрген болатынбыз.


Алдымен Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас­шысы Ерғали Абдрахмановқа жолығып мән-жайды сұрадық. Айта кетейік, салық төлеушілер 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін басқа төлеу тәртібіне көшетінін хабар­ламаған жағдайда салық органдары оларды жалпыға бірдей белгіленген салық төлеу тәртібіне ауыстыратын болады.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық кодексінде жеке кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Қолданыстағы салық кодексімен 12 түрлі қызметке патентті қолдануды алып тастау қарастырылған. Жер қойнауын пайдалану, акцизделетін тауарлар өндiру, консультациялық қызметтер көрсету және тағы басқа. Мақсат – бейресми еңбек қатынасын болдырмау және нақты кірістерді жасыруға жол бермеу, – деді меке­ме басшысы.
Арнаулы салық тәртібіне ауысудың артықшылықтары қандай?
Арнаулы салық тәртібін қолданатын шағын және ұсақ кәсіпкерлік субъектілері 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диа­лог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеунің кепілі» атты Жолдауында айтылғандай, табыс салығынан үш жылға босатылады.
Сонымен бірге, өзгерістер көлеңкелі бизнесті ашыққа шығарып, жалдамалы жұмыскерлерді заңдастыруға бағытталған. Онда жалдамалы қызметкерлерді тарту­сыз жүзеге асырылуы мүмкін емес қызмет түрлері бойынша табыс табуға патент талап етілмейді. Мысалы, тәулік бойы сауда жасау, азық-түлік сату, базарларда сауда жүргізу және тағы басқа.
Мұнда халықаралық тәжірибеге сай ұсақ қолөнершілерге қойылатын салықтық тәртіп негізінде кірісті қадағалауды және жалдамалы жұмысшыларды бақылуды күшейту көзделген. Рұқсат етілген тізімге енбеген қызмет түрлерін көрсететін кәсіпкерлер салық төлеу тәртібін өзгертуі керек. Олар 2 түрлі тәртіптің бірін таңдайды. Жеңілдетілген декларация негізіндегі немесе тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық тәртібі. Екіншісі, жалпыға бірдей белгіленген тәртіп.
Сонымен қатар, жеңілдетілген салық­тық есеп жүргізу және салықтық есептілікті тапсыру, бухгалтерлік есеп жүргізуден босату қарастырылған. 2020 жылы қол ақшамен есеп айырысу жойылады Онлайн кассалық аппарат салық органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді.
2020 жылы қол ақшамен есеп айырысу жойылып, қолданыстағы кассалық аппа­раттарын онлайн жүйеге ауыстыруға көшеді. 400 мың кәсіпкер төлем опера­цияларын жаппай онлайн жүргізуге көшетін болады. Сонымен қатар талапты орындамаған кәсіпкерлерге 36 075 теңге (15 АЭК) айыппұл салынатыны мәлім.
Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйені «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алды. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режимде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу болды. Естеріңізде болса, Қазақстанда кассалық аппараттарды ауыстыру 2016 жылы басталды.
Тағы бір жаңалық. 2020 жылдан бас­тап зейнеткерлер мен кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар да салық төлеу қабілеті туралы есеп беруге міндеттеледі. Сонымен қатар, студенттер мен шетелдік туристер де декларация тапсырулары керек. Бұл «100 нақты қадам – Ұлттық жоспары» бағдарламасының 47 қадамы аясында іске асырылады. Барлық аза­мат­тарды декларация тапсыруға мін­дететудің себебі – заңды тұлғалардың кірістері мен мүліктерін заңды тұрғыда да бақылап, көлеңкелі экономикамен және жемқорлықпен күресу. Жаппай декларацияландыру жүйесін енгізу салық төлеуді бір ретке келтіріп, салықтан жалтаруды тоқтатуға ықпал етеді.
2020 жылдан бастап кімдер дек­ларация тапсыруға міндеттеледі? Кәме­леттік жасқа толған Қазақстан аза­маттары, оралмандар және уақытша тұруға арналған құжаттары бар тұлғалар. Кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар, егер олардың атына жазылған мүлік болса немесе олардың табыс табатыны белгілі болса. Шетел азаматтары, ҚР аумағында мүлкі болса немесе ел аумағындағы мүліктің бір бөлігіне қожалық етсе. Декларация үшін 250.0 формасы толтырылу керек.
Ол үшін аталған формада азаматтың мүлкі, дебеттік және несиелік қарыздары, қолма-қол қаражаты, 2019 жылдың 31 желтоқсанында берілген шетелдік банктердегі банктік құжаттары (депо­зиттер, несиелер) көрсетілуі керек. Соны­мен қатар, жеке тұлға өзге де мүліктерін көрсетуі керек. Мәселен, мәдени құн­дылық, әшекей-бұйымдары немесе био­логиялық активтері.
Салықтық заң бойынша деклара­цияның екі кезеңі қарастырылған: егер құжат қағазда жазылған болса, келесі жылдың 15 шілдесіне дейін өткізу керек, егер электронды түрде сақталған болса, келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Кірістер мен мүлік туралы қысқа декларацияны зейнеткерлер, сту­денттер, жалдамалы жұмысшылар тап­сырады. Бұл олардың өзге жолмен қара­жат таппағандарына кепілдік беретін құжат.
Басқа салық төлеу тәртібіне ауысу үшін не істеу керек?
Патенттен басқа салық салу тәртібіне ауысу үшін, патентті қолданатын жеке кәсіпкерлер салық салу тәртібін таңдауды қазірден бастап ойлауы қажет. Сонымен бірге, салық органдарына электронды түрде (салық төлеушінің кабинеті арқы­лы) немесе жазбаша түрде салық салу тәртібін өзгерту туралы хабарлама тапсыруы керек.
Енді көпбалалы аналарға байланысты жеңілдікті тарқата айтайық. 2020 жылы көпбалалы ата-ананың біреуіне ай сайын 23 АЕК салық шегерісі есептелген, бірақ ата-ананың екеуін қосқанда жылдық салық шегерісі 282 АЕК-тен аспауы тиіс, деп хабарлады Қазақстанның қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті.
Көпбалалы отбасыға арналған салық шегерісі 2020 жылдың 1 қаңтарында төрт немесе одан көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар жеке тұлғаларға қатысты қолданылады. Көпбалалы отбасы екені балалардың туу куәлігімен расталады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс коми­теттен, 2020 жылдан бастап патент негізіндегі арнайы салық режимін келесі іс-әрекет түрлерін дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы. Мәселен, сылақ, ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі жұмыстары, еден жуу, қабырға қаптау, бояу және шынылау, такси қызметі және өзге қызмет түрлерін жүзеге асыратындарға мүмкіндік берілуде.
Қорыта айтқанда, біз бүгін салық жүйесіне енгізілетін өзгерістерді шолып өттік. Қалғаны келесі жылдық еншісінде. Ең бастысы, халық қалтасына жүк салмайтындай оң өзгерістер орын алса игі.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 желтоқсан 2019 ж. 1 112 0