ЖАҺАНДАҒЫ ӨЗГЕШЕ БЕС МЕКТЕП
Мектеп – білімнің көзі екені анық. Дегенмен, бүгінгідей жаһандану заманында әр мектептің білім беруі мен тәрбиелеуі, тіпті мектептің орналасу орны да түрліше. Мәселен, Канададағы мектептердің бірінде мүлдем тәртіп жоқ деуге болады. Онда оқитын шәкірттер үй тапсырмасы, баға, сабақ кестесі дегенді білмейді. Оқушы сабаққа бару, бармауын өзі шешеді. Философия, аспаздық, мүсіндеу пәндерін қосымша өтеді. Ең қызығы, ұстаздар балаларға не істесе де кедергі жасамайды.
Ал, АҚШ-ғы «THINK Global» мектебінде әр жаңа оқу жылы сайын оқушылары жаңа елге көшіп отырады. Олар 12 жыл ішінде 12 мемлекетте өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Әр оқушыға Macbook, iPad және iPhone сынды құралдар үй тапсырмасын орындау үшін беріледі. Мұнымен қатар, өздеріне ғана тиесілі әлеуметтік желісі бар.
Англияның «Студия» мектебі оқу материалдарының тек практика жүзінде меңгерілетіндігімен ерекшеленеді. Мектептің әр шәкірті болашақта жұмыс істегісі келетін компаниямен мектеп қабырғасында жүріп келісім-шартқа отыра алады.
Сондай-ақ, Даниядағы «Ашық кеңістік» мектебінің өзгешелігі – ғимаратының ерекшелігінде. Ішінде бөлек-бөлек орналасқан кабинеттер жоқ. Барлық мектеп оқушысы бір үлкен залда отырып сабақ оқиды. Еденге жарқын түсті жастықшалар қойылған. Мұнымен қатар, толықтай интернетпен қамтылған. Ортада тұрған баспалдаққа шығып, ғимарат ішінде өтіп жатқан сабақтарды бақылауға болады.
Камбоджадағы «жүзетін мектеп» атына сай суда орналасқан. Сол маңдағы Кампонг Луонг ауылының барлық үйі су үстіне салынған. Мектепте ата-анасы балық аулау кезінде қайтыс болған 60-қа жуық оқушы оқиды. Ғимарат ішінде бір ғана сынып бар. Оқушылар ол жерде бос уақыттарын өткізеді. Ал, мектепке арнайы легендермен жүзіп келеді екен.