Алматы медицина университетінің түлегі Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды
Алматы медицина университетінің түлегі Космосбек Чолпонбаев 2018 жылдың 20 сәуірінде Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.
Бұл туралы Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында хабарланды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.Бүгінде Қырғызстанның Денсаулық министрі болып тағайындалған Космосбек Чолпонбаев 1963 жылы Ыстық-Көл облысындағы Ичке-Жергез ауылында дүниеге келген. Ол 1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Фармация» мамандығы бойынша фармацевтика факультетіне түсіп, оны 1985 жылы үздік бітіріп шықты. Фармация ғылымдарының докторы, профессор Космосбек Чолпонбаев 2011 жылы заңгер мамандығы бойынша екінші жоғары оқу орнын тәмамдады.
Ол КГМИ фармацевтикалық, аналитикалық және органикалық химия кафедрасында оқытушы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттар мен медициналық техника бөлімінің бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттар мен медициналық техника департаменті директорының орынбасары, сонымен қатар Қырғызстанның фармацевтикалық одағын басқарды.
Қырғыз және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін Космосбек Чолпонбаев төрт монография, 107 ғылыми мақала, 5 оқулық және 26 әдістемелік ұсыныс жазған.