Ғажап ғалымдар – Никола Тесла
Никола Тесланы қарапайым ғалым деп айту қиын. Ол данышпан, мистификатор, ХХ ғасырды «жасаған» адам, әртіс және эксцентрик. Ол барлық сипаты бойынша марапатқа ие болған жан. Бұл да негізсіз емес. Өйткені Тесла ғылыми әлемнің ерекше адамы болды, ол нағыз ғалым деген түсінікке мүлдем кереғар тұлға еді. Ол ғылымды кітапхананың шаңынан шығарып, құпиялық пердесін ашты, бұрын ешқашан әлемнің қалай пайда болғаны туралы қызықпаған жандардың қызығушылығын оятты. Ол өз заманындағы ең ақылды адамдарға қарсы шықты.
Тесла мен Томас Эдисонның әйгілі текетіресін бүкіл әлем дем шығармай бақылады. Нәтижесінде, тоқтар соғысының жеңімпазы Тесла болды: 2007-жылы Нью-Йорк Тесла дәріптеген айнымалы тоққа толықтай өтті. Өз жақтастарын неғұрлым көбейтіп, қатарына ықпалды физиктерді ғана емес, қарапайым азаматтарды тарту үшін Тесла тәжірибелерін жарқын думанға айналдырып, көрнекті түрде көрсете білді. Адам үшін айнымалы тоқтың қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін (Томас Эдисон адамдардың жаңашылдықтан қорқатынын жақсы пайдаланып, жақында ашылған айнымалы тоқтың аса қауіпті екені туралы әңгіме таратты) Тесла қалың көпшіліктің алдында жиілігі 700 Гц болатын тоқты денесінен өткізіп, әрине, аман-сау қалды. 1893-жылы Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде ол көрмеге келушілерге флуоресцентік әйнек түтіктен қазіргі неон шамдардың түпнұсқасын жасап шығарған әріптестерін таныстырды. Бес жылдан кейін Тесла ешқандай ескексіз, ескекшісіз өздігінен жүзіп жүрген қайықты көрсетіп, көрерменді тағы таңқалдырды. Бұл механизм өзі ойлап тапқан қашықтан басқару құрылғысына негізделген болатын. Өзін саналы түрде сан түрлі аңыздар мен құпиялардың, қауесет пен болжамдардың өзегіне айналдырған адам ғылыми-көпшілік ортаның ең құрметті тұлғаларының біріне айналды. Оның әйгілі катушкасы – резонансты трансформатор Джармуштың фильмінде көрініс тапты. Ал Ноланның фильмінде Тесланың рөлін Дэвид Боуи сомдап шықты. Сонымен қатар ғалым комикстер мен телехикаялардың кейіпкері болды, Ғаламды құтқарды, қансорғышқа айналды, қылмысты ашуға көмектесті, тіпті Эдисонмен рэп-баттл түрінде сайысқа түсті. Өйткені, әр ұрпақ бұл данышпан адамның феноменін өздерінше шешкісі келеді.