Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кореяның қарқынды кәсібі

Кореяның қарқынды кәсібі


Шамамен осыдан 5 жыл бұрын нағашым шетел медицинасының игілігін көруге Кореяға барды. Нәтижелі емнен кейін «Азия жолбарысы» атанған мемлекетте қалып, жұмыс жасады. Міне, осыдан бастап экономикасы мен медицинасы қарыштап дамыған елге деген қызығушылығым артты. Біз әл-ауқаты қарқынды өскен елдің кәсібі қалай дамығанын саралап көруге тырыстық...


Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­тасақ, басқа мемлекеттер сияқты екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Корей елінің де экономикалық деңгейі қатты құлдырап, әлемдегі ең кедей мемлекеттер қатарынан бір-ақ шықты. Мәселен 1962 жылғы даму көрсеткішінің статистикасы бойынша кедейшілік жөнінен соңынан санағанда Оңтүстік Корея Азия елдерінің ішінде Үндістаннан кейінгі орынға жайғасты. Кәрістер халықты жоқшылықтан құт­қарудың басты қаруы – еңбекқорлық екенін алға тартып, әр тұрғынды жалқаулықтан арылуға шақырды. Ал елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, өндіріс орындарын ашу мол қаражатты қажет ететіні айтпаса да түсінікті жайт. Сол кездегі Корей Үкіметі Германиядан қарызға қомақты несие алып, оның өтеуін кәрістің өрімдей қыз-жігіттері немістердің жұртында қара жұмыс жасап қайтарған екен. Міне, осыдан бастап Азияның алпауытына айалған мемлекет дамудың даңғыл жолына түсіп, кәсіптің бірнеше түрін меңгере бастаған.
Деректерге сүйенсек, Оңтүстік Ко­рея Республикасының экономикалық өркендеуі ХХ ғасырдың 60-жылдары арнайы мемлекеттік экономикалық саясаттың негізінде басталған. Олар 1965 жылдан бастап әлем нарығына тауар экспорттай бастаған. Мәселен шетелдерге, әсіресе мұнайлы Араб еліне құрылыс қызметін экспорттады. Кәріс құрылысшылары шет елдерде басқа компаниялармен салыстырғанда арзан бағаға жолдар мен көпірлер, қонақ үйлер мен порттар сала бастады. Нәтижесінде елдің қазынасы артты.
Сонымен қатар 1970 жылдары машина жасау өнеркәсібіне, құрылыс пен мұнай химиясын дамытуға баса назар аударып, сырттан әкелінетін шикізат негізінде жұмыс жасайтын металлургия зауыттарын сала бастады. Сол уақытта ауыл шаруашылығының ұлттық табыстағы үлесі 35 пайыздан 4,6 пайызға азайып, өңдеуші өнеркәсіп үлесі 20 пайыздан 43 пайызға дейін артқан. Осындай тың өзгерістер мен жаңа өнеркәсіптердің іске қосылуы аталмыш мемлекетті Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдерінің деңгейіне жеткізді. Қазір Корея металлургия өнеркәсібі саласында әлем бойынша 6-орында. Олар дүние жүзінде өнді­рілетін болаттың 4 пайызын құраса, электролиттік мыс, мырыш, қорғасын, құйма алюминий өндірісі де жақсы дамыған. Бұл саладағы ПОСКО концерні әлемде жетекші орында. Ал, жедел дамыған мұнай химиясы 1980 жылы ішкі сұранысты толық қамтып, қазір әлемде мұнай химиясын өнімдерінің 5 пайызы соларға тиесілі.
Бүгінде кеме жасау корей өнер­кәсібінің жетекші саласының бірі. Мемлекеттегі басты кеме жасау орталығы – Пусан. Сондай-ақ жеңіл автомобиль жасаудан әлемде 5 орынға жайғасқан. Қазір Оңтүстік Кореядағы «Hyundai Motor Company», «Daewoo», «Kia Corporation» сынды алпауыт компаниялардан жылына шамамен 3 млн-нан аса жеңіл көліктері шығады.
Корей елі дегенде түрлі гаджеттердің санамызға сарт ете қалатыны рас. Олар соңғы жылдары ғылымды көп қажет ететін электроника, электр техникасын жасауға ден қойды. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея әлемде тұтынушылық электроника өндіру бойынша бірінші орында тұр. Сандық технологияға көшкен бірден-бір мемлекет. Саладағы ірі компаниялары LG, Samsung және Daewoo Electronics. Бұл компаниялардың шығарған өнімінің басым бөлігі экспортқа жол тартады. Мәселен, 2021 жылы Samsung Electronics компаниясы сырт елдерге 35 миллион данадан аса ұялы телефон сатқан.
Хош. Ендігі кезекте Корея мемле­кетінде шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілетін көмекке тоқталсақ. Мұнда шағын бизнес өте қарқынды дамыған. Мәселен, елдегі барлық өндірістің 98 пайызын қамтитын және жұмыс істейтін халықтың 60 пайызын қамтитын миллионнан астам кәсіпорны бар. Кореялық шағын компаниялар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын және экспорттың 45 пайызын құрайды. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея экономикасы – жалпы ішкі өнімнің номинальды көлемі бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағында үздік үштікті түйіндеп тұр. Корея 1990 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаннан бастап Үкімет инновациялық технологияларға қолдау көрсетіп, өндірістік процесті автоматтандыруға бағытталған инвестиция тартуға кіріседі. Сөйтіп, Корей мемлекеті 2000 жылдан бастап 10 жылдық шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын енгізді. Мұндағы мақсат – шағын және орта бизнестің деңгейін көтеру болды. Он жылдық бағдарламаның нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің экспорттық үлесі 30 пайыздан 50 пайызға өсті. Ал, халықты жұмыспен қамту 80 пайызды құрады. Мемлекет шағын және орта бизнесті қаржылай қолдап, елде заемдар бойынша төмен пайыздық мөлшерлеме режимін енгізді. Кәсіпкерлікті қолдау саясаты бірнеше бағытта жүрді. Бастапқы компаниялар төмен пайыздық мөлшерлемемен 8 жыл бойы несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл негізгі банк жүйесіне қарағанда 3 пайызға төмен. Оған қоса, өндірілетін өнім халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келсе, мұндай компаниялар мемлекет тарапынан қосымша қаржылық қолдауға ие болады.
Иә, «Кәсіп бастағың келсе – кәрістен үйрен», – демекші, Азия жолбарысына баланған мемлекеттен үйренеріміз көп-ақ. Өйткені біздің жастармыз да кәрістер сияқты өскелең ұрпақты жастайынан еңбекке баулып, кәсіпке қызығушылығын арттырып, олардың тың идеяларын демеп, жастар мемлекет тарапынан қолдау тапса біздің де алпауыт мемлекеттермен иық теңестіруіміз әбден мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Кореяның қарқынды кәсіпкерлік саласынан үйренеріміз аз емес.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
25 қаңтар 2022 ж. 2 289 0