Бизнесі дамыған озық ел
Экономистер мен сарапшылар коронавирустың салдарынан әлем елдері экономикалық дағдарысқа ұшырайтынын және экономиканы сауықтыру бірнеше жылға созылатыны жөнінде дәлел-дәйектерін алға тартуда. Алайда шағын және орта бизнес саласы дамыған елдер дағдырысты оңай еңсереді. Иә кез-келген елдің қуаты кәсіпкерлік саласымен өлшенетіні анық. Осы ретте, әлемдік қауымдастықта озық үлгісі, өзіндік даму жолы қалыптасқан Жапония жайлы тоқталуды жөн көрдік.
Расында Жапония шағын және орта бизнестің даму қарқыны бойынша әлемде көш басында. Сондықтанда озық үлгінің керек тұсын түртіп алып, тарқата айтқанды жөн көрдік. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі Жапония әлемдегі ең бай елдер қатарына қосылуына бірден-бір себепкер болған нәрсе – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Бизнесті қолдау арқылы қираған елден жоғары технологиялық дамыған елге айналды. Елдегі дәстүр бойынша әрбір ірі корпорация өз жанында бірнеше шағын кәсіпорын құрады. Жапонияда шағын кәсіпорындар үлесіне өндірісті өнімнің 50%, көтерме сауданың 60%-ы кіреді. Еркін нарықты бәсеке шағын кәсіпорындарға сыртқы ортаға бейімделуіне көмектеседі. Яғни, мемлекеттік орган шағын кәсіпорынға құрал жабдықтарды жаңартуға, технологияны жақсартуға, өнімге деген сұранысты ұлғайтуға қолдау көрсетеді. Елдегі бизнесті мақсатты түрде бюджеттен қаржыландыруды, әрбір министрлік пен ведомство өз шығындар бюджетіне шағын бизнеске жұмсайтын қаржыны кіргізеді. Кәсіпорындар жеңілдетілген салық мөлшерлемесін қолданады. Қазіргі таңда Жапония шағын және орта кәсіпорындар бойынша жалпы ұлттық өнімнің 73 пайызына ие болып отыр.
Күн шығыс елінің тұрғындары негізінен қалалық іспен айналысады. Яғни, қалалық кәсіпорындары жұмыс жасайды. Білім өте жоғары бағаланады. Балалары 5 жастан бастап ғылымды зерттей бастайды. Егер ғылыми айналымға енгізіп, инновациялық жаңалықтар тапса, мемлекет тарапынан тағы да қолдау шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ зерттеу дерегіне сүйенсек, мұнда шағын және орта бизнес кәсіпорындарының маңызды экономикалық рөлі бар. Өйткені кәсіпорындардың үлесі 95 пайыздан асады. Несие кооперативтері ШОБ-ты қаржыландырумен айналысады. Жалпы ШОБ барлық жапондық компаниялардың 99,7%-ын құрайды. Бұл сектор елдің жұмыспен қамтылған халық санының 66,2%-ын құрайды.
Енді қандай бизнес түрлері жақсы дамыған дегенге келсек. Көбіне кішігірім кәсіпорындар бөлшек, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, құрылыс және машина жасау саласында жұмыс жасайды. Меншік нысандарына сай, жапон кәсіпорындарының жартысы жеке, қалғаны отбасылық болып табылады. Оған қоса, Жапонияда кіші кәсіпкердің мәртебесі алғаш рет 1953 жылы заңмен бекітілген. Ал, 1963 жылы шағын және орта кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Онда ШОБ елдегі нарықтық экономиканың құрамдас бөлігі болып табылатыны нақтыланған. Негізінен Күн шығыс еліндегі кішігірім кәсіпорындардың табысты дамуы – бұл үкімет жүргізіп отырған белсенді экономикалық саясаттың жемісі. Мемлекеттік қолдау шаралары көбіне шағын инновациялық және ынталы кәсіпкерлерді оқыту деңгейін арттыруға бағытталған. Үкімет қосымша білім алуға ақша бөлсе, шағын компаниялар қызметкерлері үшін арнайы курстар ашады. Сонымен қатар, Жапонияда ШОБ-ты қаржыландыру мәселесі түрлі мемлекеттік және жеке меншік мамандандырылған ұйымдардың арқасында шешіледі. Мәселен, Күн шығыс елінің шағын және орта кәсіпорындарын қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік корпорациясы басым салалардың бірі болып табылатын секторларда жұмыс істейтін кәсіпорындарға тіркелген және айналым қаражатын ұлғайту үшін жеңілдетілген ұзақ мерзімді қарыздар ұсынады. Ал Халықтық Қаржы Корпорациясы кішігірім кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді микрокредиттерді қамтамасыз етуде. Кредиттік және шағын бизнесті қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік корпорацияның ассоциациясы кәсіпкерлерге жеке қаржы институттарынан тартылған қарыздарды өтеу кепілдігін береді. Сондай-ақ сауда-өнеркәсіптік палаталары мен олардың филиалдары кәсіпкерлерге қаржы, салықтар және бухгалтерлік есеп бойынша тегін кеңес береді. Осындай мемлекеттік үлкен қолдаудың нәтижесінде Жапонияның кәсіпкерлік әлеуеті әлемде озық көш бастады.
Қорыта айтанда, Жапония Үкіметі бүгінгі таңда шағын кәсіпкерлерге көмек көрсетудің жаңа нысандарын енгізіп жатыр. Жаңа бизнесті құруды жеңілдету үшін заң қаралып жатыр. Оған сәйкес, бастапқы капиталсыз шағын бизнес ашуға болады. Кепілсіз қарыздар жүйесі дамып, зерттеу және дамыту компанияларына арналған салықтық үзілістер кеңеюде. Осылайша, жеңілдетілген мүмкіндіктердің арқасында Жапонияның бизнес секторы одан әрі қарқынды серпін алуда.
Әбдісамат ӘБДІШ