ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰРМЫСЫН ШАЛҚЫТАТЫН ШАЛҚИЯ
Көне Тараздан бастау алатын қойнауы құтқа толы қарт Қаратаудың Өгізмүйізді болып тоқталатын тұсындағы Шалқия кенішіне алыс-жақын шетелдердің көзі түскелі қашшан. Бірақ, «инвестор боламын» деп келген небір алпауыт компаниялар желпініп келгенімен Қаратаудың киесі Зеңгібаба тектес тұмсығы мен қазақ сынды иесінің мысын ешқайсысы да баса алмай келген.
«Сабыр түбі – сары алтын. Сарғайған жетер мұратқа» дегендей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты бағыт ретінде: «Экспортқа бағытталған индустрияландыру – экономикалық саясаттың орталық элементіне айналуы тиіс» деген болатын.
Соған орай, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жариялаған «2019 жылға арналған Қызылорда облысы әкімінің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары туралы» маңызды құжатта Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының жұмысын бастау керек» деп түйіндеді.
Шалқияға неге барлық құрылымдар қазір назар аударды, бұрын қайда болды деген сұраққа келсек, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Шалқия кенішінің әлеуеті шын мәнінде, елдік жанашырлықпен зерттеліп, зерделене бастады.
Сарапшылардың айтуынша, мәселен, әлемдегі жүзден астам ел өз аумақтарындағы қорғасын қорларын біріктірер болса, олардың бәрінің бұл ресурсы бір Шалқияға жете алмайды екен. Сонымен бірге, жер-жаһандағы барлық қорғасын қорының шамамен 77%-ы небары 11 елде, атап айтқанда, АҚШ, Аустралия, Қазақстан, Ресей, Қытай, Канада, Оңтүстік Африка республикасы, Үндістан, Солтүстік Корея, Иран және Тәжікстан жерінде жатыр.
Барлық дамыған және алпауыт елдер қорғасын өндірісіне тәуелді: АҚШ, Қытай, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Франция және Оңтүстік Корея әлемде өндірілетін барлық қорғасынның 65%-ын тұтынады және тиісінше, осы өнімді шығаратын кәсіпорындарға тәуелді.
Шалқия кеніші «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының бетке ұстар басымдықты инвестициялық жобаларының бірі және дүниежүзіндегі осындай кен орындарының ең ірі «бестігінің» қатарына кіреді. Шалқия кенішін жаңғырту жұмыстары 2014 жылы басталды. Содан бері өндіріске қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Шахта қалпына келтіріліп, алдын ала руда қоры дайындалды. Ал бүгін жобаның негізгі бөлігіне кезек келді. Алып құрылыстың іргетасына «уақыт капсуласын» салу рәсімі кезінде Қызылорда облысының әкімі: – 1500 тұрақты жұмыс орны кен байыту комбинатында болады. Сосын біз жергілікті кадрларды осыған дайындап жатырмыз. Мәскеуде, Санкт-Петерборда жоғары инженерлік оқу орындарында Ресейдің Үкіметінің есебінен инженер кадрлар дайындап, олар да осы жерде жұмыс істейтін болады. Жобада энергия үнемдейтін әрі жоғары өнімді технологиялар пайдаланылады. Мәселен, шикізатты шахтадан 200 метр биіктікке тік конвейермен көтереді. Мұндай құрылғы бұрын-соңды Қазақстанда болмаған», – деген болатын.
Алып жобаның жалпы құны 500 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның 350 млн. доллары «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады. Жалпы, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде қуаттылығы жылына 4 млн. тонналық кен-байыту комбинаты «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кенішін дамытудың жол картасына» енген 3 ірі жобаның бірі.
Қорғасын мен мырыш өндіру үшін полиметалдарды өндіріп және байыту жобасына құны 165 млрд теңге тұратын инновациялық тік-конвейерлі руданы шығару технологиясы қолданылып келеді. Қазір өнімге деген сұраныс жоғары. Сондықтан «Шалқия» әлемдік мырыш нарығындағы негізгі өндірушіге айналды. «Шалқия» полиметалл кен орнын «жерасты әдісі» арқылы өнеркәсіптік игеру жобасы екі кезең бойынша 2018 жылы жылдық қуаты 2 млн тоннаға дейін жететін кеніш салынаса. 2020 жылы тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын ірі жобаны неміс компаниясы жүзеге асырады. Жоспар бойынша жылына 4 миллион тонна өнім өндіретін фабрика 2021 жылы іске қосылуы тиіс.
Еншісі бөлінбеген Шалқия кенті мен Құттықожа ауылында 510 отбасында 3100 адам өмір сүріп жатыр. Олардың дені қала құраушы кәсіпорын Шалқия кенішінің шаруашылығы шалқыса деп тілейді. Қазіргі таңда мырыш пен қорғасын шығаратын кеніште 700 өндірісші еңбек етсе, оның 250-ге жуығы жергілікті тұрғындар.
«Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директорының Жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Нәжмәдин Мұсабаевтың айтуынша, өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар елге қайта оралуда. Сол үшін кеніш басшылығы оларды жатын орын, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қойды. Мұнда тұрғын үй мәселесі де оң шешімін тапқан. Таяу болашақта кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде мұнда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Осы тұста, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» бағдарламасына қатысушы мұхит асып оқып келген он мыңнан астам талантты жастың бірі Нұргүл Әбжапбарова (суретте).
– Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Міне, осы зор мүмкіндікті пайдаланып, Жаңақорған кентінен Тұманды Альбион еліне аттанып, 2012-2015 жылы City University London жоғарғы оқу орнының инженерия және математика факультетінің құрылыс және сәулет мамандығын Англияда халықаралық бағдарлама аясында тәмамдадым. Қазір «Шалқия-Цинк» ЛТД кенішінде инженер-құрылысшы болып қызмет етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Туған өлкем Жаңақорғанға келіп, еңбек ету – мен үшін үлкен абырой. Сондықтан, біз секілді қазақ жастарына керемет мүмкіндік жасаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлына ауыл жастары атынан айтар алғысым шексіз», – дейді Нұргүл Әпжапбарова.
Автоматтандырылған комбинат жобасы 651 миллион долларға түспек. Соның 295 миллион долларын арзан несие түрінде Еуропалық қайта құру және даму банкі береді. Өз кезегінде мемлекетіміз атынан бұл қарыздың қайтарымсыз қалмайтынына, уақытылы өтелетініне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры кепілгер болады.
Еліміздегі өзге зауыттардан айырмашылығы сол, бұл жоғарғы деңгейде автоматтандырылған заманауи кәсіпорынға айналмақ. Онымен бірге, «цифрлық тау-кен байыту комбинаты» (ЦТБК) деген ұғым айналымға енуде. Қазіргі заманда мұндай фабрикаларда кен қазу, алып жүк көліктерін жүргізу және басқа да өндірумен, тасымалдаумен, өндірісті қадағалаумен байланысты қара жұмыстардың барлығын роботтар атқарады.
Айта кетерлігі, жаңа цифрлық кәсіпорын іске аса бастаған кезде, оған шет тілін білетін, роботтармен жұмыс жасай алатын, техниканы ұршықтай үйіретін жоғары санаттағы мамандар көптеп керек болады. Ендеше, заманауи бәсекелестікке сай келетін техникалық білім беру ошақтары да кен байыту саласының орта деңгейлі арнаулы, кәсіби мамандарын даярлауға осы бастан кірісіп жатыр.
Ескендір ЕРТАЙ.