№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» Адамның айнымас досы еді

Адамның айнымас досы еді


Қазақстандағы мерекелік күндер тізіміне тағы бір атаулы күн енгізілді. Енді «3 қыркүйек – Қазақы ит тұқымдары күні» деген тармақпен толықты. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл мерекені енгізу – қазақ халқының мәдени мұрасын, тарихын және дәстүрін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ мереке этнография мен ұлттық мәдениетке қызығатын туристердің назарын аударуға ықпал етеді. «Тазы мен төбеттің маңызын арттыру, кинология саласын дамыту және онымен байланысты салалардың өркендеуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық түсімдерді арттыруға және экономикалық өсімге оң әсерін тигізеді», деп атап өтті министрлік.


Иә, тазы мен төбет – жеті қазынаның бірі. Тазы – аңшылықта таптырмас көмекші болса, төбет – ата-бабаларымыздың мал-мүлкін сенімді қорғаушы. Бұл тұқымдар халқымыздың тарихымен тығыз байланысты, олардың шығу тегі ғасырлар тереңінен бастау алады. Шыны керек, қазір төбеттер төбелес бизнесіне айналып кеткені рас. Қазақта ешқашан ит төбелестіру дәстүр саналмаған.

Төбеттер төбелесі тыйылмай тұр

Тазы мен итті қашықтыққа жүгіртіп, мықтысын анықтау ойындары болған. Қазақстанда жануарларды қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР ҚК 316-бабына сәйкес мұндай қылмысқа барғандарға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 90 күнге қамауға алу жазасына кесіледі. Айта кеткен жөн, Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес жануарлардың өліміне немесе мертiгуiне әкелетін қатыгездiкті жасағандар, бұл әрекетін бұзақылық ниетпен немесе асқан қатыгездікпен балалардың көз алдында жасаса – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар, отыз тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.

Дін үкімі қандай?

Ит төбелестіру мен оған ақша тігу харам болып санала ма? Islam.kz сайтының жауабы бойынша, Шафиғи ғалымы Имам Науәуи (р.а.) былай деген: «Хайуандарды бір-біріне айтақтап төбелестіру харам саналады. Өйткені Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Хайуандарды бір біріне айтақтап, өшіктіруден Алла елшісі тыйды». Ал харам болуының мәнін хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді: «Тыйымның себебі – құр ермекке жануарларға жапа шектіріп, оларды бостан-босқа қалжырату болып табылады».
Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне талаттырып қою, осылайша оларға азап шектірудің күнә екені даусыз. Ал оған ақша тігу немесе өз-ара ақшаға төбелестіру – құмар ойыны болып есептеледі. Сондықтан ол да харам.
Жануарларды қинау, төбелестіруді шариғаттың өзі құп көрмейді. Еш себепсіз хайуандарға жапа шектіру, оларды азаптау, қасақана зиян тигізу күнә. Тіпті, құмырсқа екеш құмырсқаны да себепсіз өлтіруге дінімізде тыйым салады. Қиямет күні Алла тағала алдында оларға шектірген зардаптарымыз үшін сұралатынымызды ұмытпаған дұрыс. Алла Елшісі бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім ермек үшін (ғабәсән) бір шымшықты өлтірген болса, әлгі шымшық қиямет күні Аллаға: «Уа, Раббым! Түгенше мені құр ермекке өлтірді, мені жеу үшін өлтірмеді», – деп шиқылдайды».

Әлемдегі жай қалай?

Жануарларға қатыгездік жасағандарға әлем елдерінде қолданылатын жаза түрлері қандай? АҚШ-та 150 мың доллар айыппұл немесе 1,5 жылға түрмеге тоғытылатын үкім бар екен. Польшада 5 жылға дейін, Украинада 8 жылға дейін, Беларусьте 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал біздің елімізде иттерді қансыратқандарға қолданылатын жаза тым жеңіл. Содан бұл жағымсыз құбылыстың беті қайтар емес. Үй жануарларын үйдей пәледен құтқарғымыз келсе, алдымен Қылмыстық кодекстің жануарларды қорғайтын тарауларын қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп, жазаны қа-таңдата түсу керек. Солай емес пе?

Құмай тазы тазалыққа құмар

...Сейітжан аға аптасына екі-үш рет тұлпарын тізгіндеп, тазысын ертіп, сайын далаға саятшылыққа шығуды әдетке айналдырған. Түздің аң-құсына тазы салу қанға біткен қасиет. Ел ағасы күрең қасқасын тебініп, «Жезтабан» тазысын желдей жүйткітіп, сахараға шықса жаны жай табады екен. Бағзыдан қазақпен бірге келе жатқан саятшылық өнерді ұстанатын Сәкеңнің тіршілігімен танысуға бел буып, шаңырағын бетке алдық.
Ел ағасы желдей жүйрік тазыла¬рын тойдырудың қамында екен. – Құс салып, ит жүгіртіп, саятшылық жасау қазақта атадан қалған игі дәстүр, асыл мұра. Дегенмен, бүгінде бұл іспен кәсіп ретінде айналысатындар тіптен аз, – деп бастады әңгімесін ол.
Ес білгелі ат үстінде өскен азамат уақыт өте аңға құмай тазы салуды әкесінен үйрене бастайды. Кейіннен өз бетінше азулы түз тағысын алуды жөн көреді.
– Бұл кәсіп әкеден дарыған өнер. Бөртөскен елді мекенінде туып өсіп, жазық далада тай мініп, тазы баптаған мен үшін аңшылыққа шығу әдетке айналды. Кейіннен Қандарал көлінің жағасында, Балапан төбенің жиегінде қоян мен түлкіден бастап бөріге дейін қақпан құра бастадым, – деді Сейітжан Әділбекұлы.
Тазы демекші, жалпы қазақ халқы итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Тазыға «құмай» деген ат берді, бұл сөз өте жылдам, жүйрік деген мағынаны береді.
– Шыны керек, тазының бәрі бірдей аңшылыққа жарай бермейді. Егер ит жылқының соңынан еріп жүрсе онда одан үміт күтудің қажеті жоқ. Олар өте әлсіз келеді, тіпті айқас кезінде құлақ шекесі мен алқымынан алдырып қояды. Ен далада тұлпардың алдына шығып, жемтігін алыстан көздеп тұратындар нағыз мықтылары. Олар кейде жеңіліп жатса да соңына дейін күреседі. Үй жануарының тағы бір қыры – батылдығы мен жүйріктігі. Мықтысы 85-90 шақырым жылдамдықпен жүріп отырады. Тазылар көздеген аңының алдымен аяғының артқы тірсегін тістеп үзіп, одан кейін тамағынан буындырып өлтіреді. Бұл нағыз аңшы тазы. Кейбірі айналып өтіп, қасқыр болсын бетін қайтарып, содан кейін жанталаса кетеді. Олардың жалпы негізгі қызметі орнынан бір қайыру, – деді аңшы.
Тазы ит тазалыққа құмар келеді. Тумасынан ақылды, әрі мінезді келетін тазылар мәпелегенді қатты жақсы көреді. Өзге иттерге ұқсамайтын тазылардың бір қасиеті адам тілін тез түсінеді, өте ақылды келеді, өзге адамға ермейді екен. Осындай ерекшеліктерін тілге тиек еткен Сейітжан аға бүгінде ол төрт тазыны жанына серік етіп отыр.
– Жалпы бұл иттерді аңшылыққа үш жастан бастап қосу керек. Ол үшін бір жастан асқаннан кейін ауыздықтап отыру қажет. Сонда ғана дала аңшысы болып шыға келеді. Аңға шығар алдында екі айдай жылқы баққандай қараймыз, 40 күн көкпарға ат дайындағандай оларды да топқа қосуға тиіспіз. Сосын бір ай таң асырып жүгіртеміз. Айта кету керек, астыңдағы жылқыңмен тазың сай болуы керек. Өзім осыдан бірнеше жыл бұрын қожекенттік Әсет Жиенқожаев деген кісіден қасқа тұлпарды алған едім. Бүгінде жапан далада аңға да, аламан көкпарға да өте мықты, төзімді. Жалпы аңға тек қазан айынан бастап шығу керек. Көктемнен күзге дейін дала жануарлары төлдейді, әрі иттерге аң аулау да ауыр тиеді. Себебі ыстық күнде олар құрттауы мүмкін, тез шаршайды. Ал қар қалыңдаған сайын тазылардың жаны кіреді, – деді ел ағасы.
Бүгінде Сыр беткейде қасқыр көп болмайтыны рас, ол үшін тау беткейге бару керек. Алайда, арланға жалғыз тазының шамасы жете бермейтіндіктен қасқырға көп шаппайтын саятшы көбінесе түлкі, қоян, шағал, борсыққа қақпан құрады. Бүгінде ең сенімді, әрі батыл Жезтабаны жалғыз өзі аталмыш аңдарды оңай жемтігіне айналдыруға шамасы жетеді. Дегенмен, тазыға қиындау жануар ол түлкі екен, ол өте айлакер болады. Жүгіріп келе жатып құйрығымен иттерді алдаусыратып кетеді. Осындай жағдайда тез, яғни 90 градусқа бұрылып, шапшаң қимылдайтындар түлкіге оңай жетіп алады. Сондай-ақ, қара құйрықты аулап жүрген бүгінгі кейіпкер ақбөкеннің де жылдам болатынын айтты. Мәселен, қара құйрық орнынан тез қозғалып біраз уақыт жылдамдығын 100 шақырымға дейін жеткізеді. Алайда, олар көп өтпей-ақ шаршап қалатын көрінеді.
Қорыта айтқанда, суыққа да төзімді, жылдам, қайсар мінезді, бір сөзбен айтқанда жүрек жұтқан құмай тазы қашанда қазақ даласында күзетшілік қызметті де, аңшылық кәсіпке де епті келеді. Тістегені аузында кететін асыл тұқымды құмай тазылардың еңбегі адал. Сондықтан Сейітжан Молдабеков осы ақылды жануарды 50 жылға жуық уақыт серік етіп келеді.

Әли ТЕМІРБЕК


---
23 наурыз 2025 ж. 49 0