» » Дәстүр мен салтын - қазақы қалпын

Дәстүр мен салтын - қазақы қалпын

Көшпенділер мұрасын аманат еткен қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүр, мен жоралғыға өте бай. Қазақтың баспана дәстүрін бір сөзбен сипаттап шығу мүмкін емес шығар. Алайда сол қазақы киіз үйдің әр жабдығы, әр мүлкінен-ақ небір салт-өнегенің түр-түріне кезігесіз. Қазақтың ең қадірлі ұғымдарының бірі – шаңырақ. Қазақ халқында шаңырақ – киелі ұғым ретінде қалыптасқан және ол туралы мақал-мәтел, тыйым сөздер көптеп кездеседі.


  Қазақ қандай қиындықтардан да мойымай, жойылып кетпей аман өткенінің бір себебі, салт-дәстүрінен айнымауында болса керек. Соның бірі қазақтың қонақжай мінезі туралы біздің елімізге саяхаттап келген кез келген жиһанкездің тасқа басылған шығармасынан оқып білуге болады. «Тас түскен жеріне ауыр, қонақ қонған жеріне ауыр» деп сөз қалдырған қазақ қонақтың жағдайын көбірек ойлаған.

Қазақ салты мен дәстүрін сақтап қана қоймай, адамның тәрбиелі ортада, тәлімді елде өсуі үшін өзін-өзі ұстай білу ережелерін де лайықты ұстанған. Бұл қатарға «тыйым сөздерді» де жатқызуға болатын шығар. «Дастарқан үстінде қатты сөйлеме», «Қажетсіз сөзді айтпа», «Нанды баспа», «Аққуды атпа», «Үлкен кісіге қарсы сөз айтпа», «Табалдырықты баспа» деп кете беретін мұндай тыйым сөздердің өзінен де дала дәстүрінің айнымас ережелерін ұғынамыз.

Қазақ халқы үшін киелі, қадірлі саналатын ұғым біршама. Соның бірі ретінде баспана дәстүріндегі шаңырақ сөзін мысалға алайық. Тағы бір мысал келтірсем, қай заманнан болмасын қадірлі сан – «жеті» ұғымы. Жеті санына байланысты қазақта салттар мен жоралғылар өте көп. «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті жоқ», «Жеті ата», «Жеті нан» немесе «Жеті шелпек», «Жеті керемет», «Жеті күн», «Жеті ғашық» сөздері «жеті» санының қадірлі екенін айқындай түседі деп ойлаймын. Туыстық қарым-қатынасқа тікелей байланысты тағы бір ұғым «Жеті ата» дәстүрі. «Жеті ата» дәстүрі бойынша, әрбір ер азамат өзінің ататегін білуі қажет. Ол ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене қатары бойынша жалғасуы шарт. Сонымен қоса жеті атадан туысқан жігіт пен қыз ешқашан отау құрмаған. Бұл қазақ халқының қанының тазалығын білдіреді.

Иә, түсіне білген жанға қазақ мәдениетінің тамыры тереңде. Ендеше, осындай бай, сан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрді құрметтеу, бүгінгі жаһандану заманының ықпалында қалып қоймай, аман сақтап қалу біздің ата-бабадан алған аманатымыз деп білемін.

Жасұлан Сейдеметов
16 ақпан 2023 ж. 220 0