№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» Әскери борыш – ардың ісі

Әскери борыш – ардың ісі


Әскер ұғымының ер азамат атауымен астасып кеткені сондай, әкелеріміздің, ағаларымыздың болмысын солдаттық өмірсіз елестете алмаймыз. Ол кезде зәуіде әскерге бара алмай қалғандар өзін төмен санап, қалайда жауынгер қатарына тұруға талпынған. Соңғы уақыттарда бұл міндеттіліктің маңызы неліктен төмендеп кетті?


Әр жылы көктемгі және күзгі мерзімде әскерге шақыру науқаны жүретіні әмбеге аян. Ауданымызда наурыз айының басынан бастап көктемгі әскерге шақыру басталды. Бірақ, ер жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысы өз деңгейінде емес. Соңғы жылдары әскери міндеттілікке жастар селсоқ қарап, түрлі сылтаумен әскерге барудан жалтаруға әуес.
– Жыл сайын облыстан бекітіліп келетін межені орындап келеміз. Десе де, биылғы көктем айларында жастарды әскери қызметке шақыру қиынға соғуда. Көктемгі меже – 131 азаматты әскерге аттандыру. Бүгінге дейін 35 жігіт әскерге аттанды. Негізінен, комиссияға 400 бала келуі керек. Қазір 123 бала келді. Әскерге бару былай тұрсын, шақырту комиссиясына келмейтін болды. Енді заң бойынша әрекет жасаймыз, – дейді Жаңақорған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, подполковник Нұрбол Есенәлиев.
Әскерден жалтарып, Отан алдындағы борышын өтеуге мойынсұнбау ер адам үшін өте ауыр сын. Осы тұста, шақыру комиссиясы талабына салғырттық танытып, әскерге барудан бас тартқандар көп кездесіп отырған ауылдар қатарында Қосүйеңкі, Қожамберді, Жайылма, Машбек ауылы көш бастап тұр. Ескерте кететін жайт бәрі жалтарушылар емес, күнкөріс қамына байланысты жастардың көбі өзге аймақтарға қоныс аударып немесе жұмыс сапарымен жүргендері де бар.

– Бүгінде жастардың патриоттық сезімі жоғары деп айта алмаймын. Десе де, нарық заманында көбі отбасын асырап, жұмыстан шыға алмай жатады. Әйткенмен әскерге бару негізгі міндет екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан, барлық шақырту алған азаматтар бөлімге уақтылы келсе деймін, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің инспекторы Ерік Ахметов.

Жаңақорған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің инспекторы, Бастапқы әскери даярлық әскерден тыс жұмыстар және әскери техникалық мектептер жөніндегі азаматтық персонал Ерік Жұмаділләұлының айтуынша, бітіруші түлектер тегін әскери институттарға оқуға түсуіне болады. Олардың қатарында ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындары, атап айтсақ, Ақтөбе қаласындағы Әуе Қорғаныс Күштері Әскери институты, Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерінің Әскери институты және осы Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бар. ҰБТ-ға қатысып, физика-математика пәндерінен сынақ тапсырған және ең кемі 60 балдан жоғары жинаған оқушы осы оқу орындарына тапсыра алады. Бастысы, жеке бас денсаулығы жарамды болып, отбасында сотты болған адамдар болмауы керек.
ҰБТ тестінен 60 баллдан жоғары жинаған бала конкурсқа түседі. Оқуға түскен курсантты мемлекет толығымен өз қамқорлығына алып, оқу бітіргенде «лейтенант» шенін алып шығады. Оқуды бітірген лейтенант келісім шарт бойынша 10 жыл әскери қызмет атқарып, одан әрі қызметте қалу не өзге салаға ауысу құқы өз еркінде. Бұл бүгінгі жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Айта кетейік, биылдан бастап әскери кафедрада оқыған немесе әскери борышын осыдан бірнеше жыл бұрын атқарған азаматтардың әскери қызметке орналасуына мүмкіндік бар. ҚР Қарулы Күш­терінің ұдайы әзірліктегі әскери бөлімдерді сарбаздар мен сер­жанттар құрамымен жасақтау мақсатында 2022 жылы келісімшарт бойынша 2 жылға әскери қызметке азаматтарды жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.
– Қазіргі таңда ауданда жасы 32 жасқа дейінгі азаматтарды әскери бөлімдерде келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау жұ­мыстары жүргізілуде. Мәселен, жоғарғы оқу орнында қосымша әскери кафедраны бітіргендер мен әскери борышын өтеген азаматтар осы қызметке орналаса алады. Қазіргі таңда Қарағанды, Абай, Приозерск, Қостанай, Петропавл, Алматы қаласындағы әскери бө­лімдерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Осы салаға жұмыс жасауға ниетті азаматтар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, толық мәлімет алуына болады, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау жөніндегі инспекторы Бағлан Тө­лепбаев.
Тақырыпқа тұздық болсын, Заң талаптарына тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексінің 387 бабы бой­ынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтіліп отыр. Яғни, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған жағдайда 1000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Демек, 3 063 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді, болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат жасау немесе өзге де әдісті қолданғандарға 3000 айлық есептік (9 189 000 теңге) көрсеткішке дейінгі мөлшерде ай­ыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақырылуы пунктіне өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан боса­тылады.
Жалпы, әскерге баратын сар­баздар ҰҚК-нің шекара қызметіне, Қорғаныс министрі әскери бөлімі мен Мемлекеттік күзет қызметі және ұлттық ұлан қатарына қосыла алады. Сондықтан, ата-ана ұлдары­мен сөйлесіп, оларға патриоттық ұғымның ұлылығын ұқтырып, әскер қатарына қоса алады. Нағыз әскери саланы таңдағыңыз келсе, онда ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарын таңдаған дұрыс.

Түйін. Әскери борыш – ардың ісі. Отан қорғау, ел мен жерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай болашаққа жеткізу – ерлердің ісі. Ал, нағыз ер азамат ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, кез-келген уақытта қасқайып тұруы қажет. Ол үшін әскерге бару маңызды. Демек, ел қорғайтын ерлерге енжарлық жат.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
---
19 сәуір 2022 ж. 413 0