№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Текті тану тұрақтылықты бекемдейді

Текті тану тұрақтылықты бекемдейді


«Адам мен адамды теңестіретін білім» деп айтқан ұлы ойшылдарымыздың сөзі маңызын кемітпей, қайта күн өткен сайын шынайылығын дәлелдей түскеніне уақыт куә. Ел басында болып жатқан соңғы оқиғалардан көріп отырғанымыздай, еліміздің иен байлығын иемденіп отырған олигархтардың байлығын сақтап қалу мақсатында бас сауғалап шет ел асуының астарында қазынаның құлағын ұстап отырсаң да ол саған өмірлік қорған бола алмайтынын көрсетті. Мұның орнына бір бойына бағасы жоқ білім жинаған пенденің халқына тигізер пайдасы ұшан-теңіз, атақ-абыройы да келер ұрпағына мирас болып жетіп, туған ұлтының желкенін түзіп, жеңімпаз рухқа тәрбиелей беретініне тарих сабақтарынан тағылым аз емес. Президент Мәлімдемесінде білім беру реформасын жаңғырту, әлемде ең алдыңғы қатарлы үздік елдердің білім стандартын меңгеріп, жаңаша мазмұндағы оқыту методикасына көшу талаптары осы мақсаттан туындайды.


Қазақстанда ел болашағына лайықты мамандар даярлауда жүйеліліктің бол­мауы, алдын-ала зерделеніп, зерттеліп, сол бойынша мемлекеттік грант та­ғайындау мәселесінің өзектілігін көр­сетті. Қажет емес мамандардың көп даярланып, дипломды жастардың жұ­мыссыз бос жүруінің салдары келең­сіздіктерге апарып соғады. Кеше ел ішінде орын алған бейбастық әрекеттердің басы-қасында осындай қолы бос, зеріккен топтардың кездесуі жұмыссыздық тудыратын қасіреттің қауіптілігімен бетпе-бет кездестірді. Жастар оқуын бітіре сала жұмысқа орналасып кетуі үшін оларды аса қажет кәсіп түрлеріне оқыту мәселесін ел болып қолға алатын кез жетті. Қазіргі кезде ауылдық жерлерде де техникалық мамандыққа тәрбиелеу бағытында көп қамқорлық жасалып жатыр. Елге аса қажет мамандықты игеруде жастар талпынысына ата-ананың да ықпалы зор.
Мемлекет басшысы елдегі ірі ком­панияларда өндірістің өзегін қалып­тастыруға тиіс ұлттық кадрлар резер­він тағайындаудың мүлде мақсат етіл­мейтінінің салдарынан негізгі штат­тарға шетелден дайын мамандарды тартып жұмыс істету сынды жағдайлар етек алғанын сынға алды. Осы орайда кен орындарына тексеру жүргізу керектіігіне тоқталды. Елде маман жеткілікті , тек осы кадрларды үйлесімді алға жылжытуда жанашырлық қажет.
«Платон менің досым, алайда шын­дық одан қымбат» деген сөзімен қарым-қатынас мәселесін ел мүддесінен жоғары қоя алмайтынын ескертуі арқылы бұған дейін етек алған келеңсіздіктерді дер кезінде жоюға міндеттеп отырған оның өткен аптада бай-бағландардың басын қосып, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге қатысты тапсырма беруі ел көкейіндегіні дөп басты. Отандық кәсіпкерлер Кеңесінің құрылуы бизнес­мендердің ойын, идеясын жеткізуіне мүмкіндік береді. Билік пен бизнестің бірігуімен ел экономикасының дамыту, ортамерзімдік бағдарламалар жасалуы тиіс.
Халықтың әлеуметтік хал-ахуа­лының тұрақтануына, кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде кәсіпшілігі зардап шеккен нысандардың жұмысын қайта тіктеуге, сөйтіп тұрғындардың күн­көріс көздіктерінің тынысына дем беруге тырысқан билік елдегі қалталы азаматтарды осындай сын сәтте демеу болуға міндеттеді. Қор төрағасы Болат Жәмішев жинақталған қаржының маңызды міндеттерге бағытталатынын жеткізді.
Қазірде ел аумағындағы сауда орын­дарында азық-түлік бағасы әлі тұрақталған жоқ. Инфлияцияның өсу­іне не себеп? Оның себебі, сұраныс жоғары, ұсыныс төмен. Өз өнімдерімізді ұқсатып, өңдеу мәселесінде ынта-ықыластың кемдігі өндіріске тұсау болып тұр. Ауылдағы ақшасы бар, қалталы азаматтардың көпшілігі қаржысын сау­атты игере білмеудің салдарынан капи­талды өміршең бағытқа бұрып, өзіне де, халыққа да қайтарымды табысқа қол жеткізе алмай отыр. Елде өндірілетін ет, сүт, мал терісі мен жүнін өңдеу орындарының болмауы шикізатты ше­телге экспорттап, өнімін қымбат бағаға сатып алуға соқтырып отыр.
Президент 50 мың теңге жалақымен күнелтіп отырған әлеуметтің хал-жағ­дайы ұлттық табыстың 60 пайызын уысында ұстап отырған 162 отбасының саяси жауапкершілігін қайта қарауға мәжбүр етіп отырғанын жасырмады. Сол сияқты елде трайбализмге қарсы күрес мәселесі де өзекті. Бұған дейін тендер мәселесінде тамыр-таныстық, жең ұшы­нан жалғасу терең етек алып, белгілі бір топтардың, рудың артықшылыққа ие болып, кішігірім кәсіпкерлердің ұдайы сыбағадан құр қалып келген фактілер зерттеп-зерделеп, сыбайластықтың та­мы­рын жою мәселесін алға тартады.
Ел жағдайы түзеліп, әлеуметтік өкі­леттік принциптері салтанат құруы үшін жүйедегі ауыс-түйістерден бұрын халықтың құқықтық сауаттылығының басымдығы, ар-ұят, әдеп нормаларының сақталуы, ең бастысы, тәртіп қағи­даларын бұлжытпай сақтау маңызды. Осы құндылықтар сақталғанда нағыз демократиялы елдер қатарына жетуге болады. Ол үшін бізге Ұлы Дала аманат еткен сабақтастық мазмұны қымбат. Ол қазақ халқына тән ірілік, мәрттік, сертке беріктік, намысқойлық. Осы қасиеттерді сақтап қалуда балабақшадан бастап тәрбие тағылымы тек тазалығына ойысып, олқылықтардың орнын тол­тыруға тырысуымыз керек. Біз осы қымбат қадір-қасиетімізден ажырап бара жатқанымызды кеше бір ата­ның баласы бір-бірінің жағасына жар­масқанда, қирап жатқан біреудің мүлкіне қол салуға арланбағанында, тарихи мұраларымызды шімірікпей шағып, құрдымға құлатқанында анық біліп, бармағымызды шайнадық. Бізге идеологиялық тұрғыдан жаңарып, тек тазалығына түскен жарықшақтардан емделетін сәт туғанын түсіндік. Тегін тапқан ұлтты ешкім сүріндіре алмайды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
---
25 қаңтар 2022 ж. 262 0