Серіктің серпінді шаруасы
Жазиралы Жаңақорған жерінде Сыр өңірінің журналистері пресс-тур аясында қайта жолықты. Бұл жолғы мақсат аграрлы саладағы тың серпілістер мен кәсіпкерлік бағытындағы бастамалармен танысып, аймақ жұртына кеңінен ақпараттандыру болатын. Жыл басынан бері аудан әкімі Руслан Рүстемовтың бастамасымен бастау алған бұл ақпарат өкілдеріне арналған 3-ші пресс-тур. Осыған дейін аудандағы жаңаша бағыттағы кәсіпкерлік нысандар және киелі мекендер мен көне қалаларға саяхат жасаған болатынбыз. Облыстық телеарна мен газет басылымдарынан келген журналист қауымы алдымен Амантай Сарбасовтың алма бағына бет түзедік.
Соңғы бағыт Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Бекарыс Агрофуд» ЖШС-не аяңдадық. Негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Қожалықтың 1000 басқа арналған заманауи үлгідегі бордақылау алаңы (зертхана, қасапхана, 4 тоңазытқыш камерасы) бар. 2022 жылы құны 250 млн теңге болатын 5000 бастық асыл тұқымды репрудукторлы қой шаруашылығын құру мәселесін жоспарлауда.
Ағымдағы жылы 100 гектар күріш және 10 гектар жаңа жоңышқа дақылдарын егіп, межеленген өнім алған. Келер жылдың егісі үшін шаруашылық 60 гектарға күздік бидай дақылдарын егу жұмыстарын жүргізуде.
– Биыл 150 гектарға күріштің, 50 гектарға күзгі бидайдың дәнін бастырдық. Сыр салысының гектарынан 57 центнерден, бидайдан 15 центнерден өнім алдық. Дәнді дақылды төкпей-шашпай, қамбаға бастырып алдық. Шүкір, дала еңбеккерлерінің еңбегі ақталды. Маусымдық жұмысқа – 150, тұрақты жұмыспен 100 адамды қамтып отырмын. Ерте көктемде соқаны сайлап, жер жыртып жатсақ, екінші жағы, қойды төлдетіп, тауға қамданамыз. Сол себепті топырақты тоздырмай, ауыспалы егін егуге мән береді, – деді кәсп иесі. Серіктестік күзгі бидай егуге қамданып, жер жыртып, оны малалап, дәнін тастауда екен. Берекелі істің басына бардық. Күзгі дала жұмысын көріп, құдықтың басына қарай бағыт алдық. Шардарадан Сырдария өзеніне секундына 30 текше метр су түсуде. Келінтөбе магистральдық каналына су ілінбей, Сыр беткейдегі ауылдар тығырыққа тірелді. Мұның салқынын халық сезінуде. Серіктестік төрағасы ахуалды терең түсініп, өз қаржысымен құдық қазды.
– Өзімнен бөлек, ауылға төрт құдық қаздым. Оның суы 15-20 метрден шықты. Әр құдыққа 80-100 мың теңге көлемінде қаржы шығындадым. Бұл – малды аман сақтауда маңызды қадам болды. Сосын ескі екі құдық болатын. Соңы тазалып, қайта іске қосып, мал су ішетін науаны жасадық. Қазір шаруашылықтың 2000 қойы, 400 жылқысы, 600 сиыры су ішеді. Одан бөлек, ауылдың екі бақташысындағы 1000 сиырдың күнделікті суаты болып тұр, – деді ол.
Міне, бір күндік пресс-тур аясында аудандағы кәсіпкерлік пен аграрлы саланың серпініне осылай куә болдық. Бір сөзбен айтқанда, Жаңақорған ауданы даму динамикасында көш ілгері келеді. Әсіресе, қос салада жаңалық көп.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ