Вакциналау барысы
Вакциналау – аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың тиімді әдісі. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, жақындарымыздың саулығына әсер етеміз.
Кейбір адамдарға, мысалы, ауыр науқастарға, белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың вакциналауына тәуелді.
Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қаупі төмендейді, демек ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп вакцина егілсе, соғұрлым қоздырғышты адамнан адамға беру мүмкіндігі шектеледі. Сонымен қатар, халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткіземіз. Алайда, халықтың вакцинаға әлі де сеніммен қарамауының себебін білу үшін бас эпидемиолог-дәрігер Асқан Отарбековпен тілдескен едік
– Вакцинациялаудың басталғанына біршама уақыт өтсе де, халықтың пікірлері әлі бір арнаға тоғыса қоймады. Яғни көпшілік әлеуметтік желілерде толып жүрген жалған ақпараттарға сеніп қалуда. Cонымен қатар аудан тұрғындары блогерлердің сөзіне сеніп, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауда. Біз осы мәселені шешу үшін сол блогерлердің өзімен де жұмыс жасаудамыз. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жоспар бойынша жұмысты жалғастыра береміз. Халыққа айтарым денсаулық өз қолдарыңызда. Екпе алып өзіңізді де, өзгелерді де сақтаңыз, – деді ол.
Вакциналауда алдыңғы аптамен салыстырғанда алға қарай жылжу 1 пайызбен ғана шектелді. Аудан бойынша коронавирусқа қарсы бірінші турмен екпе алғандар саны – 25620 адамды құраса, екінші туры – 21154 адамды қамтыды. 11 қазандағы көрсеткіш бойынша жоспардың 73,1 пайызы екпемен қамтылған. Екпе егу жұмысы сенбі, жексенбі күндері де жалғасады.
Рауза КӨБЕГЕНҚЫЗЫ