Вакцина алған студенттер елордаға саяхаттауға жолдама алды
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Вакцина алып, ұтысқа қол жеткіз» лотореясының жеңімпаздарына жолдама табыстады.
Еліміздегі коронавирус инфекциясының күрт өсуіне байланысты ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, денсаулықты нығайту мақсатында 30 шілде күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Вакцина алып, ұтысқа қол жеткіз» атты лоторея ұйымдастырылған болатын.
Аталған акцияға вакцина алған білім ордасының қызметкерлері мен студенттері белсене қатысты. Жеңімпаздар университеттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында лото жәшігі арқылы кездейсоқ тәсілмен анықталды.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласына арналған жолдамаға 30 студент ие болды. Сондай-ақ, 30 студент жазғы тынығу лагеріне жіберіледі. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қызметкерлер мен студенттерге фитнес залға 30 тегін абонемент, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің бассейніне 30 тегін абонемент берілді. Бұдан бөлек, 30 студент бір оқу жылына жатақханаға тұруға 50% жеңілдік алды.
«Пандемиядан тез құтылу үшін вакцина салу жұмыстарын күшейту керек. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана аурудың таралуына мүмкіндігінше жол берілмейді және әріптестер арасында бір-біріне жұқтыру азаяды. Мамандардың пікірінше вакцина салдыру – аурудың алдын алудың ең сенімді әрі барынша тиімді шарасы, вакцина емдемейді, қорғайды», -деді университет ректоры.Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі оқу форматына көшу жоспарлануда. Осыған сәйкес, қазіргі таңда оқу ордасының қызметкерлерінің 94%, білім алушылардың 70% екпе салдырған.