№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Кенттің күтіміне күнделікті жанашырлық керек

Кенттің күтіміне күнделікті жанашырлық керек

Расында, Жаңақорған кенті – аудан дамуында әлеуметтік-экономикалық, ру­­­хани-мәдени локоматив болуы тиіс. Он­сыз аудан өркениетінің, адамдар мәдениетінің өрісі қысқа, өркені неғайбыл. Аудан әкімінің мәжілісінде осының салмағын сезіне түстік.

Жаңақорған кентінің экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерін саралауға кент әкімі Сардармұхамедуали Садықов сөз алды.
– Жаңақорған кентінің аумағы – 2829 гектар. Халық саны – 33034, тұрғын үй саны – 5734. Балабақшаларды басқару облыстық білім басқармасына беріліп, кент бюджетінің 70 пайызға жуығы облысқа өтіп, бюджет 809,7 млн теңгемен бекітілді. Жаңақорған кенті бойынша салық түсімдері 124 пайыз орындалды.
Инфрақұрылымды жетілдіру бағы­тында жүйелі жұмыстар қолға алынып, 21 көшеге орташа жөндеу және 15 көшеге қиыршық тас төсеу, 2 ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Одан бөлек, жарықтандыруға, абаттандыру және көркейту-көгал­дан­дыруға барынша назар аударылды, – деп бастады баяндамасын кент әкімі.
«Қуырдақтың көкесін, түйе сой­ғанда көресің» деген осы болар! Статистикалық мәліметтен арыға ұза­маған, салыстырмалы талдауы жоқ, бірде-бір ұсыныс айтылмаған баян­даманы аудан басшысы жаратпады.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кенттің ауқымы кеңейіп, күйбең мәселесі көбейіп келеді. Бірақ ізденген, талаптанған адам қандай түйінді істің де тиегін табады. Аудан әкімінің уәжі осы тұрғыда өрбіді.
– Жер салығының жоспары 3 млн 57 мың теңге, нақты түскені – 1 млн 925 мың теңге, яғни, орындалуы – 63,0 пайыз. Жер салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталды. Салықты мерзімінде жинауға не кедергі екенін айтыңызшы? Зерттеп, тереңдеп үңіліп қарап көрдіңіз бе? – деді Руслан Рүстемұлы.
Журналист ретінде талай жиналысқа қатыстық. Бірақ басшының әріптестерін қамшылап, жігерін жанып, қайратын қайрай түсу қасиетін байқаған емеспіз. Ол – сілкінуге серпін береді. Негізі, намысты адамның жан дүниесі, күш-қуаты буырқанып, ауыртпалықты сезінбей, бейнеттен аянып қалмайды. Кент тіршілігін түзетуде тірлік жоқ емес, бар. Бірақ бірсыдырғы. Ескі әуен, көне күйбең. Жаңаша ойлау, елді ортақ мүддеге жұмылдыру жетіспейді. Сол үшін ізденіс пен еңбекті ұштастыру керек-ақ. Кемшілік осында секілді.
– Салықшы мамандар тұрғын үйлерді араламайды, хабарлама тарқатпайды. Салықшы мен төлемгер арасында кері байланыс орнатылмаған, қысқасы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бүгінгі күнге дейін салық төлеушілер өздері төлеген салықтың есебінен ғана жоспар орындалып отыр деп есептеймін.
Хабарламаңызда кентте 5734 тұрғын үй бар дейсіз, ал, салық төлеушілердің реестрінде 6252 мүлік салығын төлеуші тіркелген. Енді осының ішінде қаншасы салықтан босатылғанын айтыңызшы? Жеңілдік берілген қанша төлеуші бар?
Өткен айдағы мәжіліс тапсырмасының орындалуы туралы мүлдем ақпарат келтірген жоқсыз. Сіздің ойыңызша тапсырма беріледі, оны орындамаса да жұмыс жүре бере ме? Жоқ! Олай болмайды!
2016 жылғы 45 жеке тұлғаның жер учаскесі реестрге енбеген. Енді есептейік 0,10 га жер учаскесінің жер салығы 260 теңге болса, 45 учаске жер салығы 11700 теңге болады, 2016 жылдан бері 5 жылға көбейтсе 58500 теңгені құрайды. 2017 жылы 46 жер учаскесі, 2018 жылдан бері келе жатқан 67 жер учаскесі, 2019 жылы 19 жер учаскесі, 2020 жылдан реестрге кірмеген 34 жер учаскесі бар. «Судың да сұрауы бар» емес пе, бұл не деген батпан құйрық!
Садықов жолдас, айтыңызшы, кентте жеке тұрғын үй құрылысына алғандар жер телімінің бір бөлігін коммерциялық мақсатқа пайдаланып жатқанын білесіз бе? Осы жер мен ғимараттардың есебі бар ма?
Мұнда да түгелдеу, түгендеу ісі жолға қойылмаған. Керек десеңіз, сіздің салықшы мамандарыңыздың қолында арнайы есепке алу кітабы жоқ. Егер ол кітап жүргізілген болса, жыл сайын тұрғын үйлерді аралап, өзгеріс енгізілген болар еді, – деп аудан басшысы бірнеше сұрақ қойды.
Сол секілді Руслан Рүстемұлы кент әкімдігінде мамандар арасындағы әріп­тестік байланыстың жоқтығын да сынға алды.
– Кент әкімі аппаратында жер жөніндегі жауапты маман жер учаскесін табыстау туралы шешім шығарады, ал салық жинайтын маман оны білмеуі басшылар тарапынан тиісті бақылау болмағанын көрсетеді.
Садықов жолдас, Жаңақорған кен­тінде неше көлік тіркелгенін білесіз бе? Уәкілетті органдармен тіркелген көліктің санын нақтылау бойынша хат алмасып тиісті жұмысты жүргіздіңіз бе? Жүргізілген болса көліктерге жасалған талдауыңызды айтып беріңізші?
Жыл басында Сыр беткейінен Жаңақорған кентіне келетін жол­дың бойын, Алтынсарин көшесі аума­ғындағы абаттандыратын жерді таң­дап, эскиздік жобасын слайд, 3D видеослайд түріндегі дрон түсірілімін ұсыну жөнінде хаттамалық тапсырма берілді. Бастапқыда жұмыс болды, алайда аяқсыз қалды. Сізден осыған байланысты ұсынысты көріп тұрғаным жоқ. Сонда бұл жұмыстарды кім істейді?
Сол секілді сіздің алдағы жоспарыңыз туралы ештеңе айтылмады. Алдағы жылға қандай ұсынысыңыз бар, қай проблемалық мәселе шешілмей тұр? Бұл туралы бір ауыз сөз қозғамадыңыз, әлде кент аумағында бәрі қолмен қойғандай қалыпты ма? – деп кент әкімінің кем-кетігіне түзету енгізгендей болды.
Сондай-ақ аудан басшысы Жаңа­қорған кентінде қанша тұрғын үйге көгілдір отын келгенін сұрады.
– Сіз хабарламаңызда 5734 тұрғын үйдің 5030-ы газға қосылып, қамтылу деңгейін 98 пайызға жетті дейсіз. Жөн-ақ. Ал, арифметика амалы бойынша бұл 87,7 пайыз ғана. Сонда кент әкімшілігі қызметкерлері есеп шығаруға шорқақ болғаны ма? Демек кентте көгілдір отынмен қамтылмаған учаскелерге жобалық-сметалық құжаттар дайын­дауды жеделдету керек. Тағы бір түсініксіз тұс бар, мысалы үш жылдың ішінде кент тұрғындарына 494 жер учаскесі (2019 – 225, 2020 – 159, 2021 – 110) табысталды дейсіз. Кент әкімінің шешімімен табысталған жер телімі жер бөлу комиссиясының хаттамасына кереғар емес пе? Халықтың шағымы осындай бей-берекеттен туындайтынын білесіз бе?
Неге десеңіз, жер кезегінде тұрған азаматтар мына мәселені «белден басқандар» деп есептейді. Сондықтан аталған жер телімдерін салыстырмалы түрде зерделеу жұмысын жүргізу маңызды, – деп нақты міндеттерді жүктеді аудан әкімі.
Мұнан бөлек, жұмыссыздықты жою, шағын және орта бизнесті дамыту, абаттандыру, тазалық және тағы басқа бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, аталған кемшіліктерді жыл соңына дейін түзетуді тапсырды.
Ең бастысы, аудан әкімі салалық орынбасары мен жауапты бөлім бас­шылары және кент әкімдігі бірлесіп Жаңақорған кентінің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы мен алдағы міндеттеріне байланысты жұмысшы топ құрып, жұмысты жүйелей түсуді тапсырды.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
---
05 қазан 2021 ж. 276 0