№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Шуақты жырдың жампозы

Шуақты жырдың жампозы

Жақында мәдениет саласының майталманы, ұзақ жылдан бері мәдениет саласының дамуына үлесін қосып жүрген Нұрлан Жапековтың жеке шығармашылық кеші өтті. Бүгінде Жайылма ауылдық клуб үйінің директоры қызметін абыройлы атқарып жүрген жайылмалық жампоздың жыр кешін көруге келген қонақтар «Арман» кенттік мәдениет үйіне жиналды.
Мәдени шараның шымылдығын  аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашты. Шығармашылық табыс тілеген Ғалымжан Жарқынбекұлы Нұрлан Бижанұлына аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.  Оған қоса, «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ізатіллә Нарзілдаев және Жайылма ауылының әкімі  Талғат Зейдалиев Нұрлан Бижанұлына қоғамдық қорынан «Мәдениет» төсбелгісі мен «Алғыс хатын» табыстады.
Өз кезегінде аудандық мәдениет үйінің директоры Зулфия Шалабаева:
– Манаптай текті тұлғаны тудырған киелі топырақта ақындардың легі үзілмеу керек. Біртуар текті тұлғаны өздерінің сахнасына шығарып, абыройын асқақтатып жатқан кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова және осы мәдениет үйі ұжымының еңбегі орасан. Нұрлан Бижанұлы туралықты тұмар қылып тағатын, ақиқатты алдаспаны қылып алдына салып алатын ерекше бір дарынды өнер иесі. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, тәрбиелеген шәкірттері бүгінде өнер биігінен көрініп жүр. Оны сіздің қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білемін, – деді.
Ізгі жандардың осындай құрметі ақынға шабыт сыйлайтыны сөзсіз, өзінің алғыс лебізін жыр шумағымен жеткізген Нұрлан Бижанұлы «Ақ тілек», «Күрең күздің реңі» өлеңінде халқына тілегі мен қоңыр күздің реңін сипаттаса,  Сыр өңірінен өткен ұлы тұлғаларға  арналған «Ұлылардың мекені» жыр-арнауынан әрбір жан тағлым аларлықтай.
Ал, үзеңгілес досы Ғалым Омаров «Жайылма елім – тамыры терең бәйтерек» атты термесін орындап, біртуар тұлғаның туған жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Ақынның сөзіне жазылған сазгер Әлімхан Ақтаевтың«Мүмкін емес»   әнін сазгердің өзі нақышына келтіріп орындады. Жыр әлемінен орын алған ақын ағамыздың «Тәуелсіздік толғауы» шығармасын Насыр Асылжан орындаса, Келдібек Ұлбала жерлесіміз сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің «Арманым – ақботам» атты әнін орындады.
Айта кету керек, Нұрлан Бижанұлының тек  жыр әлемінде емес, айтыс додасында да өзіндік орны бар екені  баршаға белгілі. Талай аламан додаларда үкілі домбырасын  қолына  алып, айтыскер ақындар Шымберген Сүлейменов, Әзімбек Жанқұлиев, Бекарыс Шойбеков, Кенжебай Жүсіп, Ұлзира Үсейінова және Әбілқайыр Сыздықовпен  айтысып,  айтыс әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді. Кеш барысында өзінің айтыс өнеріне баулып жүрген шәкірттері, өнер саласындағы әріптестеріне арналған «Марқасқалар мен мәдениетім мәртебем» әзіл айтысымен көрермен қауымды разы қылды.
Өнер иесінің жыр әлемінде жүрген іні – қарындастары Мадияр Оспанов, Ардақты Қамақ және кештің арнайы қонағы, журналист, ақын Ләйлә Қамақ шығармашылық  өмірдегі ұстазына арнауларын оқып, құттықтау тілегін ақтарды.
Кештің көркін қыздырған Нұрлан ағамыздың ақылшы ұстазы, өмірдегі сырласы, ақын, әуесқой әнші Жақсыбай Бектібаев «Қоңыр күз» әнін шырқады. Жеті жасар баладан жетпістегі қартқа дейін осы жерден табылуы өнер иесінің халық алдындағы құрметін тағы бір көрсетті.
Шығармашыл жанның қасынан табылып, қолдау білдіріп қол ұшын берген «Арман» мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова адал еңбегімен қызмет етіп жүрген кеш иесіне өнерде сүрінбей, бұдан да биік белестерден көрінуіне тілектестігін білдіріп, шуақты жырдың жампозы Нұрлан Жапековтың кешінде өнер көрсеткен өнерпаздарды  өз атынан «Алғыс хатпен» марапаттады.
Мәдени шара соңында Жайылма ауылының ардақтылары Әміркүл Мұстиярова, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Әбуов, кәсіпкер Әбибулла Құламетов, «Желтоқсан» қозғалысының ардагері, кеш иесінің бауыры  Жеңіс Жапеков арнайы келіп құттықтады. 
Майра ҒАНИЕВА.
03 қараша 2019 ж. 1 062 0