Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Дәрі қымбат па, адамның өмірі қымбат па?

Дәрі қымбат па, адамның өмірі қымбат па?


ДДСҰ-ның мәліметінше, Қазақстан коронавирус тез тарап, дәрі-дәрмек бағасы күрт қымбаттаған елдер тізіміне енді. Расында жұқпалы індет өршіген кезде дәріханадағы дәрі-дәрмектер қымбаттады. Мұндай сәтте тапшылық сезілмесе мейлі ғой, бірақ, ең қарапайым дәрілерді таппай сандалдық. Қажет деп тапқан дәріні әрісі Алматы, берісі Қызылорда қаласынан алдырттық. Мұның себебін іздеп, кенттегі дәріханаларды жағаладық.


Өткен апталарда дәріхана алдын бермеген кезек тыйыла бастағандай. Дегенмен сұрай қалсаң сатушылардан «мұндай дәрілер қоймада жоқ» деген жауапты жиі естиміз. «Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбаттың» керін кешіп жүрген әлеумет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмаған Үкіметке қапалы. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық сынап, жауапты саланың жұмысты тиімді ұйымдастырмағанын айтты.
Осы ретте келеңсіз жағдайлардың алдын алуда шаралар жасалып жатыр ма деген заңды сұрақ туындайды. Жасалып жатыр. Өткен аптада ғана аудандық прокуратура кент ішіндегі дәріханаларға мониторинг жүргізіп, қымбаттаған дәрілік заттарды анық­­тады. Алдағы уақытта да Про­куратура мониторингтік жұмысты жалғастырып, бағаны бақылауда ұстай­тындарын айтты.
Соңғы уақытта жұқпалы індет жұқтырғандар саны күрт өсті. Енді ауырғаны бар, ауырмағаны бар, ел жаппай дәрі-дәрмек сатып алуда. Бірақ, бір қынжыларлығы ыстықты түсіретін парацетамолды таппай жүр­гендер көбейді. Бұл мәселе әлеу­меттік желілерде талқыланып та, жазылып та жатыр. Алайда бұған жауапты мамандардың «бәрі бақылауда, дәрі-дәрмек жеткілікті» деген жауабы дайын.
Хош! Тақырып ауанына көшейік. Елде инфекция жұқтырғандардың саны артқан сайын дәріханаларда керекті препараттардың тапшылығы сезілуде. Мәселен, аспирин, пара­цетамол, аскорбин қышқылы, дене қызуын өлшейтин градусниктің жоқтығы аудан тұрғындарын біраз әбігерге салды. Мәселеге көз жеткізу үшін кенттегі «ARZANPHARM» дәрі­ханасына бардық. Сатушыны сөзге тарттым.
– Парацетамол бар ма?
– Жоқ.
– С дәрумені ше?
– Қалмады.
– Қайдан табуға болады?
– Бірнеше күнде қажетті дәрі-дәрмектің бәрі келеді, – деп жауап қатты.
Одан әрі келесі дәріханаларға бет алдық. Мұнда да сұрай кел­ген дәрілер жоқ немесе тапшы болғандықтан бір-екі данадан ғана сатылуда. Дегенмен қажетті дәрілерді алмастыратын препараттар бар екен. Оған да шүкір! Бірақ байқағанымыз, дәріханалардағы дәрілер тек дәрігердің нұсқауы бойынша беріледі екен. Бұрынғыдай «анау дәрі, мынау дәрі керек еді» деп қалағаныңды ала алмайсың. Дәрігердің нұсқаулығы керек, әрі онда мөрі болуы міндетті. Тіптен сіз шалғайдағы ауылдан кел­сеңіз де талап осы. Мұны аудандық аурухананың жанындағы екі дәрі­ханадан да байқадық.
Ал бұған дәріхана сатушысы бы­лай­ша жауап берді.
– Құрамы күшті дәрілер рецепт бойынша беріледі. Дәрігерлердің нұс­қаулығынсыз берілетін түрлері де бар. Бірақ бізді де тұрғындар түсінсе дейміз. Келген дәрілер сол күні-ақ таусылып кетуде. Алайда жолын тауып жеткізуге тырысып бағудамыз. Ал дәрілердің бағасының қымбаттауына мен жауапты емеспін. Мен тек сатушымын. Мына көріп тұрған дәрілік заттың 70 проценттен астамы шет елден әкелінеді. Ал доллар күннен-күнге өсіп барады. Бәлкім, қымбаттауы содан болар, – деді.
Бір анығы, коронавирус бастал­ғалы дәрі-дәрмектер бірнеше есе қымбаттады. Мәселен, карантинге дейін аспиринді 40-50 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 120-150 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. “Терафлю” мен “тайлол” 150 теңгеден сатылса, қазіргі баға­сы 200 теңгенің үстінде. Біз біле­тін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мони­торинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анық­тады. Айта кететіні, мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты.

Лаура БИБАСАРОВА
---
21 шілде 2020 ж. 764 0