АДАМДЫҒЫҢ – ҚОРҒАНЫҢ!
Өзінің қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен, бастамашылдығымен азаматтылығымен танылған азаматтың бірі – Мәдіхан Бекжанов.
Ол уран өндірісінің дамуына, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосып келеді.
Расында, Мәдіхан Әріпұлы «СКЗ-U» ЖШС жұмысын жүйелеп, қаншама аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан іскер басшымен әңгімелесіп, тұлғалық қабілет-қарымын, азаматтық болмыс-бітімін ашуға тырыстық.
Ол уран өндірісінің дамуына, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосып келеді.
Расында, Мәдіхан Әріпұлы «СКЗ-U» ЖШС жұмысын жүйелеп, қаншама аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан іскер басшымен әңгімелесіп, тұлғалық қабілет-қарымын, азаматтық болмыс-бітімін ашуға тырыстық.
– Соңғы жаңалығыңызбен бөліссеңіз...
– Өзіңіз білетіндей, жыл қорытындысымен «Парыз-2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «СКЗ-U» ЖШС күміс статуеткамен марапатталды.
– Марапат құтты болсын!
– Рақмет.
– Елбасы қатысып, өзі тапсыратын «Алтын сапа», «Парыз» конкурсында үздік танылу оңай еместігі түсінікті. Яғни, «СКЗ-U» ЖШС экологиялық тазалықты сақтауға қосқан үлесін мойындады ғой! Солай ма?
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы халықтың әл-ауқатын жақсартуда кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған. Жалпы, конкурстың комиссиясы жан-жақты саралап, объективті және субъективті факторларын талдау арқылы жеңімпаздарды анықтайты.
Олай болса, зауыт қызметкерлерінің қоршаған ортаны қорғаудағы, тазалықты сақтаудағы жұмысы еленді деген сөз. Зауыттың жұмысын күнделікті бақылап отырған арнайы эколог маманның жұмысы жүйелі. Содан болса керек-ті, ауданаралық эколог мамандар мен облыстық басқармадан келетін уәкілдер экологиялық тазалыққа ерекше мән беріп отырғанымызға куә.
– 2018 жыл несімен ерекшеленді?
– Алғашқы жылдары 100 мың тонна күкірт қышқылын өндірсек, кейінгі жылдары өндіріс жұмысы қалыпқа түсіп, өнімділік артты. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша зауыт 530 мың тонна күкірт қышқылын өндірдік. Жоспар бойынша бұл көрсеткішке 2019 жылдың екінші жарты жылдығында жетуіміз керек-тұғын.
Сонымен бірге, жыл басынан бері 110 000 МВт/ч электр энергиясын өндірсе, оның 73 000 МВт/ч аудандық электр желісіне берді. Яғни, зауыт міндетін толығымен орындады.
– Әрине, зауыттың жетістігі көп. Бірақ, ең бастысы жетістігіне нені жатқызасыз?
– Зауыт жұмысын жүйелеп, өндіріс қуатын арттыру мақсатында құрылтайшылар төрт халықаралық банктен 163 млн. доллар несие алған еді. Қазіргі қарыздың 105 млн. долларын төлеп, үш банктегі несиені жаптық. Енді бірнеше жылда одан да құтылып, аудан экономикасы қосатын үлесіміз арта түседі.
– Өзіңізге жақсы белгілі, жұмыстың жақсы жүруі ең алдымен кадр мәселесіне, жұмысшылардың біліктілігіне байланысты емес пе? Жалпы, жергілікті мамандарға қаншалықты арқа сүйейсіздер?
– Дұрыс айтасыз. Қандай да жұмыстың нәтижелілігі білімді де білікті кадрға байланысты. Зауыттағы 300-ге жуық маманның 75 пайызы жаңақорғандықтар.
Әлгіндегі сөзіңізді тірілтейін, кадр мәселесіне байланысты тоқталар болсақ, «Бәрін де кадр шешеді» деген сөзді жадымызға тоқып өстік қой! Сондықтан кадрдың біліміне, біліктілігіне баса назар аударамыз.
Осы уақытқа дейін жеті маман колледж, төртеуі жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, жұмыс жасауда. Ал, үшеуін зауытқа қажетті мамандықтар бойынша мекеме қаражатының есебінен оқытудамыз.
– Жаңа зауытқа қажетті мамандықтар бойынша оқытып жатқандарыңызды айттыңыз. Мұндай мүмкіндіктерге кімдер ие бола алады?
– Жолдаманы тұрмыстық жағдайы төмен, бірақ, оқуға ықыласы бар жастарға береміз.
– «СКЗ-U» ЖШС ауыл-аймаққа қамқорлығын көрсетіп жүретінін естіп, білім жүрміз. Осы жайында тарқата айтсаңыз...
– Зауыт құрлысы басталғалы Кейден ауылына көмек беріп келеміз. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сай үш рет құдық қазып, оларға су тазартқыш орнатып бердік. Тұрғындардың үй алдындағы жерлеріне егін егу үшін дариядан су айдайтын электромотор орнаттық. Яғни, елді мекенді аяқсумен қамтамасыз етуге айтарлықтай жағдай жасадық.
Жалпы, зауыт түрлі қайырымдылық шаралары мен көмекке 100-150 миллион теңге жұмсады. Мұнымен біз мақтанбаймыз. Алдағы уақытта да қайырымдылық шараларына белсенді қатыса беретін боламыз.
– Енді өзіңізге келсек. Өндіріс саласына қалай келдіңіз?
– Менің кім болып, қандай мамандық таңдайтыныма ата-анам араласқан емес. Мектеп қабырғасында жүргенде кез келген шаруаға білек түріп кірісіп, белсенділігімен көзге түстім.
Келешекте кім болатынымды өзім-ақ ерте жастан бағдарладым десем де болады. 7-сыныпта оқып жүргенімде химик-биолог болуды ойлайтынмын. Сондықтан биология мен химия пәніне ерекше ден қойдым.
Содан Қызылордадағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, химия-биология пәнінің мұғалімі бойынша бітіріп шықтым. Аудандық партия комитеті мені аудандық комсомол комитетін басқаруға жіберді. Кейінірек Мәскеуге Жоғарғы Комсомол мектебіне оқуға жіберді. Оны бітіріп келісімен РУ-6 кен басқармасына партия комитетінің жетекшісі болып сайландым. Онда 20 жылға тарта жұмыс істедім. Тәуелсіздік алғаннан кейін кен басқармасында бөлім бастығы, іс басқарушысы, «Қазатомөндіріс-Демеу» «Демеу-Шиелі» филиалының директоры қызметіне атқардым. 2007 жылы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауытына бас директор болып келдім.
– Әрбір адам – өзінше бір құбылыс. Сіз екі ауыз сөзбен өзіңіздің болмыс-бітіміңіз бен қабілет-қарымыңызды қалай суреттейсіз?
– Адамды биікке жетелейтін сенім. Өз-өзіне сенген адам ғана жетістікке жете алады. Екіншіден, өзіне сенген адам біліктілігін арттырып, мақсат-мұратқа жетуде өзіне де, өзге де талапшыл болады.
Айтайын дегенім, Абай айтқандай өз-өзіне сенген, өз қайратына сенген адаммын. Сосын талапшылмын.
– Сізді тұлға ретінде биіктерге жетелеген ұстанымыңыз қандай?
– Мақсат-мұратына адал болу. Адамдықтың, адалдықтың туын жоғары ұстау...
– Адамдық, адалдық демекші, адамдықтыңтың негізгі белгісі не?
– Адам – өзінің адамгершілігімен, адалдығымен қайырымдылығымен, кішіпейілділігімен және әділеттігімен ардақты. Яғни, адамдығың – қорғаның болады. Міне, мұндай адамдарға бақ қонады. Елге сыйлы болады.
– Бақ құсы санаулы ғана адамдар басына қонады екен. Өзіңізді басына бақ қонған адам ретінде санайсыз ба?
– (Күліп) Әсілі, басына бақ қонған азамат шығармын...
Есімді білгелі жақсы жандармен жиі ұшырасып, сыйлас, сырлас болдым. Бауырларыммен мақтана аламын. Алла адал жар, тәлімді ұрпақ нәсіп етіпті. Біле білгенге мұның бәрі үлкен бақ қой!
Өмірімнің әр түрлі өтпелі кезеңдерінде аудан, облыс басшылары тарапынан үлкен сенімдер жүктелді. Небір күрмеуі қиын істерді шешуге бел шешіп, кірісіп кеттім. Соның арқасында мен осы деңгейге көтерілдім, құрметке бөлендім. Еңбегім бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалымен, «Құрмет» орденімен, «Атом өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері» алтын белгісімен марапатталдым.
Облыстық мәслихаттың VІ шақырылымына депутат болып сайландым.
– Тәуелсіздік сізге және қазаққа қандай сый жасады?
– Бүгінгі менің жетістіктерімнің бәрі Тәуелсіздік арқасы. Тәуелсіздік болмағанда ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи жадымыз өшіп, ұлт ретінде өмір сүрер ме едік? Ол жағы белгісіз. Сондықтан, ең бірінші, Тәуелсіздік қазаққа ата-баба дәстүрін жалғап, ұлт ретінде өмір сүруімізді сыйлады. Екіншіден, халыққа бейбіт өмір мен тыныштықты берді. Үшіншіден, өз кәсібін дамытуға талабы бар, жұмыс жасауға ниетті азаматтар табыс тауып, отбасысын, жақын ағайын-туысын, қала берді, ауылын өркендетуге мүмкіндік алды.
– Қазақстанның ең биік жетістігіне нені балайсыз?
– Ең бірінші, шекарасы шегенделіп, Сарыарқаның төріне елордасын тұрғызды. Бұл – әрбір қазақтың мақтануы жетістік.
Әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш ел, толерантты ұлт ретінде таниды, әрі санасады. Мұны да мақтан тұтуымыз тиіс.
– Соңғы сұрақ. Басшылық қызметте жүрсіз. Біреуге тізеңіз батқан жағдай орын алған болар. Немесе басшы ұнамды тұлға болады дей аласыз ба?
– Қызметте талапшылмын. Бірақ біреудің соңына түсіп, тіземді батырдым дей алмаймын. Басшы ретінде тәртіпке шақырып, ортақ іске ұйыстырып, маманның біліктілігі тұрғысынан ұрысуым мүмкін...
Ал, басшы ретінде жүз пайыз ұнауға тырыспаймын. Себебі, адамның өмірге көзқарасы, ұстанымы әр түрлі. Ондай адамдардың бәріне ұнау мүмкін емес. Тек адамдығыңды, адалдығыңды сақтасаң болғаны...
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.