Адамның саулығы – ең үлкен аманат

Аудан медицинасының дамуына қырық жылдан астам уақыт үлес қосып келе жатқан ақ халатты абзал жан Молдахмет Бидашұлы – қазір «Жан Арай» шипажайының бас дәрігері. Білікті маманмен сұхбатымызда урологиялық сырқат түрлері мен ер-азаматтардың денсаулығына қатысты өзекті мәселелер сөз болды.
– Дәрігерлікті таңдауыңызға не себеп болды?
– Балалық шақ – аппақ қағаз секілді, не өрнек түссе, өшпестей жазылып қалады. Әлі есімім де қойылмаған шарана күнімде үйге соққан атақты дәрігер Модахмет Бақбаевтың құрметіне «Молдахмет» деген есімді еншілеппін. Бәлкім, осы кісіге ұқсауға тырыстым. Бұл жолдың ауыр екенін де, жауапкершілігін де сезіндім. Алғашқы еңбек жолымды аудандық ауруханада хирург болып бастадым. Қызмет барысында аудан ауруханасына жансақтау бөлімінің аса қажеттігіне көз жетті. Сол үшін Украинаның Запорожье қаласында оқып келіп, ауданда жансақтау бөлімінің ашылуына тер төктім. Кейін 2004 жылы Алматы қаласында білімімді жетілдіріп, сол қаладағы №12 ауруханада тәжірибеден өтіп, урологияны меңгердім. Содан бері медицинаның урология саласында еңбек етіп келемін. Бүгінде «Жан-арай» ЖШС-де бас дәрігер әрі уролог дәрігер ретінде қызмет атқарып жүрмін.
Урология тек емдеуді емес, жан-жақты ойлануды, дәлдікті, хирургиялық дағдыны, психологиялық дайындықты қажет етеді. Аурудың сипаты жасырын жүреді, ер-азаматтар көп жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралмайды. Сондықтан осы саланың маманы болу – өзіңе ғана емес, бүкіл қоғамға деген жауапкершілік деп ойлаймын. Урология – ерлер денсаулығымен қатар, жалпы адам ағзасының зәр-жыныс жүйелерін зерттеп, емдейтін кең ауқымды сала. Оның ішінде бүйрек, қуық, несеп жолдары, ерлердің репродуктивтік жүйесі – бәрі біздің бақылауымызда.
Урологияның ерекшелігі – диагноз қоюда өте мұқият болу қажет. Ұсақ-түйек белгі үлкен аурудың басы болуы мүмкін. Мысалы, қарапайым белдің ауырсынуы кейде бүйректегі тас ауруының белгісі, ал жиі зәр шығару – қант диабеті немесе простатиттің алғашқы симптомы болуы ықтимал. Бұл салада қателесуге болмайды. Урологтың алдына келгендер ашыла бермейді. Сондықтан дәрігердің этикасы, сабырлылығы, психолог ретіндегі қабілеті өте маңызды.
– Қазіргі уақытта ер-азаматтардың урология саласына деген көзқарасы қандай? Дәрігерге қаралу мәдениеті өзгерді ме?
– Соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалады. Бұрын ер адамдар көбіне «бәрі өзінен-өзі жазылады», «еркек адам ауруын айтпайды» деп жүре беретін. Ал қазір ерлер арасында урологтың көмегіне жүгінетіндер бар. Бірақ көп емес. Ауруы асқынып кеткенде ғана келеді. Әсіресе қуықасты безінің қабынуы немесе бүйрек-тас аурулары бар науқастар көбіне асқынған кезде ғана келеді. Бұл – дұрыс емес. Науқас неғұрлым ерте келсе, ем соғұрлым жеңіл әрі тиімді. Әсіресе жастар жағы денсаулыққа көбірек мән бергені абзал.
– Урология саласында ең жиі кездесетін аурулар мен олардың себептері қандай?
– Ең жиі кездесетіндер – простатит, бүйрекке тас байлану, цистит, пиелонефрит, несеп-жыныс жүйесінің инфекциялары, эрекцияның бұзылуы, бедеулік мәселелері. Суық тию – ол ерлер арасында простатиттің басты себебі. Екінші, артық салмақ пен дұрыс тамақтанбау бүйрек ауруларына әкеледі. Үшінші, қимылсыз өмір, яғни аз қимыл қан айналымын нашарлатып, урологиялық аурулардың қаупін арттырады. Төртінші, стресс – барлық ерлер ауруларының жасырын триггері. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар – үлкен проблема. Мысалы қазіргі уақытта жастардың арасында да урологиялық аурулар жиілей бастады. Себебі жұмыс көбіне компьютер алдында, қозғалыс аз, ұйқы режимі бұзылған.
– Бүгінгі күннің алаңдатарлық мәселесі – ерлер бедеулігі жөнінде не айтар едіңіз...
– Иә, соңғы жылдары ерлер бедеулігі өте өзекті мәселеге айналды. Бұрын адамдар бедеулік туралы кінәратты тек әйелден іздейтін. Ал қазір статистика көрсеткендей, бедеуліктің ерлер тарапынан болуы әйелдермен бірдей. Ерлер бедеулігінің себептері көп. Мәселен, жас кезден көп суықтау, созылмалы инфекциялар, гормондық бұзылыстар, варикоцеле, стресс, дұрыс өмір салтын ұстанбау, ішімдікке әуестену осының барлығы себеп болуы бек мүмкін. Бірақ бұл емделмейтін дерт емес. Ең бастысы, дер кезінде тексеріліп, дұрыс ем қабылдау.
Урологияда ең үлкен қателік – науқастардың өз бетімен ем қабылдауы. Мысалы, простатитке қарсы дәрілерді шамадан тыс ішіп қойса, керісінше ағзаның гормондық жүйесін бұзуы мүмкін. Тағы бір үлкен қателік – интернеттен оқып, өздеріне диагноз қойып, емделу. Бұл дұрыс емес. Интернеттегі ақпарат көзінің қайдан алынғаны белгісіз. Дұрыс қабылданбаған ем үлкен қателіктерге соқтыруы мүмкін. Сондықтан ең алдымен дәрігерге қаралу міндет.
– Шипажайдың емдік ерекшелігі жөнінде не айтасыз...
– Адамның денсаулығы – адам тағдырының тетігі. Емделушілер қатарында 19 және 17 жыл бойы бала сүймеген ерлі-зайыптылардың осы жерден ем алғаннан кейін сәбилі болған қуанышымен бөлісуі біздің де еңбегімізге шабыт сыйлағанын айтқым келеді.
Көптеген ер азаматтар дәрігерге қаралудан ұялады. Бұл қате түсінік. Осы саладағы бірнеше жылдық тәжірибемде менің түсінгенім урология саласында тек емдеу емес, ағарту, түсіндіру, психологиялық қолдау көрсету де маңызды.
– Ер-азаматтардың денсаулығын жақсарту үшін қандай кеңестер берер едіңіз...
– Жылына кемі бір рет урологқа қаралу маңызды. Суыққа отырмауға, аяқ-қолды жылы ұстауға тырысу керек. Дұрыс тамақтану – майлы, тұзды тағамды азайту, күніне кемі 1,5-2 литр су ішу, қозғалысты арттырып, спортпен айналысуды да дағдыға айналдырса деймін. Бүгінде жастардың урологиялық ауруларға шалдығуы жиі байқалады. Бұл дұрыс тамақтанбау мен қозғалыстың аздығынан дер едім.
– Ауруды ауыздықтауда қандай кешенді шаралар қажет?
– Бізге жас мамандардың тәжірибесін шыңдайтын орталықтарды көбейту қажет. Заманауи аппараттар, сапалы диагностика барлық аудан-ауылдарда қолжетімді болуы тиіс.
– Отбасыңызда өзіңіздің ізіңізді жалғаған балаларыңыз бар ма?
– Бізді «дәрігерлер отбасы» деп атаса болады. Өйткені келіншегім 40 жылға жуық аудандық емханада мейірбике болды. Ұлым Бейбіт Қызылорда қаласындағы СЭС-тің басшысы болса, қызым Ақсәуле аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі, қызым Ақжелен «Қызылқұм» өндірісінде дәрігер. Тек бір ұлым ғана темір жол саласында қызмет атқаруда.
– Жастарға қандай тілек айтасыз?
– Ер азамат – отбасының, елдің тірегі. Денсаулық – Алланың берген аманаты. Сол аманатты күту әр адамның өз қолында. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Уақытында тексеріліп, жоспарлы қаралып тұру – ер адамның өз отбасына деген жауапкершілігі. Барша ер-азаматқа зор денсаулық, қажымас күш, шалқар ғұмыр тілеймін.
Айсұлу Алданазар




