Туған жері – тұғыр төрі

Ауыл шаруашылығы саласының дамуында сүбелі үлесін қосып, туған жерді түлетуге атсалысқан жанның бірі – Бақыт Нұртазаев ағамызбен Қызылорда қаласындағы қарашаңырағында сұхбаттасудың сәті түсті. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап көпшілік құрметіне бөленген, еңбегінің жемісін халқының құрметінен тапқан Бақыт ағаның бойынан қарапайымдылық пен терең парасаттың нышаны есіп тұр. Әр сөзі салмақты, әр естелігі өнегеге толы.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі, жауапкершілігі де мол сала. Осы салаға қалай келдіңіз?
– Әкеміздің қызмет бабына байланысты көшіп-қонып жүріп, әр ауылдың түтінінің иісі есімізде қалды. Әсіресе, партия жауынгері әкеміздің сол уақытта елсіз, тіршілігі жоқ аймақ – қазіргі Жаңарық өңірін игеру тапсырмасын орындауға талаптанумен отбасымызбен сол жаққа көшіп барып, ең алғаш қараша үй тігіп, қоныстанғандардың бірі болдық. Суы жоқ жапан далаға ел қонды. Сол қиындықтардың бәрін өз көзімізбен көріп өстік. Әкеміз күн демей, түн демей еңбек етіп, елдің еңсесін көтеруге бар күшін салды. Алғашында 10-15 үй ғана орналасса, жылдар өте келе халық саны еселеп артып, ауылдың іргесі бекіді. Халықты тұрақтандырғаннан кейінгі басты мақсат – ауыл шаруашылығын жолға қою еді. Сол кезде бұл саланың ең қажетті мамандары – гидротехниктер болатын. Сондықтан ба, бала күнімнен осы мамандықтың ауыр мехнатын жадымда түйдім. Судың қадірін, жердің қасиетін әкемнің ісінен де, ауылдың тірлігінен де ұқтым. Сөйтіп, осы салаға деген қызығушылығым өмірлік жолыма айналды. Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс институтына түсіп, “инженер-гидротехник” мамандығын алған соң туған өлкеме оралып, алғашқы еңбек қадамымды ауыл шаруашылығы саласында бастадым.
Бала болсам да сол кезең менің көз алдымда әлі күнге сайрап тұр. Әкемнің еңбекқорлығы, елге деген адалдығы, егістік пен судың қадірін терең ұғындырған өмір сабақтары менің болашағымды айқындады десем артық айтпаймын. Сол жылдары ауылда су ісіне жетекшілік еткен, ел ішінде беделді, кәсібіне адал Ержігіт Бозғұлов сынды азаматтарды көріп өстім. Ол кісі су шаруашылығы саласында аймаққа танылған, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын, нағыз еңбек майталманы еді. Жас күнімнен-ақ Ержігіт ағамызға ұқсағым келді. Сол кісідей елге пайдасы тиетін, жердің қадірін білетін маман болуды мақсат еттім. Осы арман мені гидротехника мамандығын таңдауға жетеледі.
1999 жылы облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып қызметке тағайындалған сәттен бастап жауапкершілік жүгім бұрынғыдан да артты. Дәл осы кезеңде аймақтың аграрлық саласын жаңғыртуға бағытталған бастамалар қолға алынған кез. Соның бірі – күріштің жаңа сұрыптарын өңірге әкелу тәжірибесі еді. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Төрехан Қарлыхановпен бірге Ресейдің Краснодар қаласындағы Күріш өсіру жөнінде ғылыми орталығына барып, атақты селекционер Григорий Леонидович Зеленскиймен келісім-шарт жасасқан кезім күні бүгінгідей есімде.
Сол сапардың нәтижесінде Сыр өңіріне алғаш рет «Лидер» мен «Янтарь» күріш сұрыптары әкелініп, 2002 жылдан бастап егіс алқаптарына енгізілді. Бұған дейін тек «Ақ маржан» сұрыбымен шектеліп келген күріш шаруашылығына бұл үлкен серпіліс болған еді.
– Қызмет бабында жүргенде есте қалған әсерлі сәтіңізбен бөліссеңіз.
– Мен 1999 жылдың қыркүйек айында Қызылорда облысы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі орынбасары болып қалаға ауысып келдім. Бұған дейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, саланың қыр-сырын білгеніммен, облыс көлеміндегі ауқымды жұмыстарға етене араласып, білек сыбана кірісу оңай болған жоқ. Жаңа орта, жаңа жауапкершілік – бәрі де менің бойымнан табандылықты талап етті. Сол сәтте өзіме жүктелген міндетті терең ұғынып, салаға қатысты білімімді жетілдіріп, тың ақпараттар жинап, жан-жақты зерттей бастаған едім. Өйткені мойнымда бүтін бір облыстың ауыл шаруашылығы саласына серпін әкелу міндеті тұрды. Бұл – мен үшін үлкен сенім мен жауапкершілік болатын.
Қызметке келгеніме бір жетідей уақыт өткенде хатшы қыздың «Исатай Әбдікәрімов ағамыз келіп тұр» деген сөзін естігенде жүрегім жарылардай қуанғаным бар. Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Исекең ақ тілегін жаудырып: Інім, «Арпа, бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген сөз бар. Ел қазынасының жарымын құрайтын мұнай мен тастың да бір күні сарқылар шағы келеді, бірақ нан мен дән ешқашан қадірін жоймайды. Сол берекенің басында өзің сияқты азаматтың жүргені қуантады. Ісіңе сәттілік, әрекетіңе берекет болсын! – деп ақ батасын берген еді. Ол кісінің осы бір ыстық ықыласы мен шынайы батасы жүрегіме ерекше жылу сыйлап, күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Осындай аға буынның ақ батасымен басталған еңбегіміздің абыроймен атқарылуы – сол ниеттес, ізгі пейілді ағалардың қолдауының арқасы деп білемін.
– Еңбегіңіз еленіп, алған марапаттарыңыз аз емес. Бұл туралы не айтасыз?
– Тәуелсіздігіміздің 10, 20 және 30 жылдық мерейтойларында арнайы марапат мінберінен көріндік. Уақыт талабымен атқарылған еңбектің бағаланғаны көңілге қуаныш. Сол жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, аймақ басшысы мен саланың арнайы Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарын иелендік. Солардың ішінде мен үшін ерекше мәні бар марапат – «Құрмет» орденін алуым.
Алайда, осының бәрінен де жаныма ең жақыны – туған жерімнің, яғни, «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атануым дер едім. Туған жердің топырағы қашанда ыстық қой. Жаңақорғанның әр тасы, әр бұлағы мен үшін ыстық, мен үшін қымбат. Себебі мен сол топырақта туып, сол топырақта өстім, сол жердің берекелі ауасымен тыныстап, төл кәсібімнің жемісін иелендім. Туған жер – менің өмірімнің бастау бұлағы, жігерімнің қайнары.
Ілгеріде айтып өткенімдей, әкеміз Әбдіғаппар Нұртазаевтың Сыр бойындағы бірлігі бекем, берекесі артқан ауылды көркейту жолындағы өлшеусіз еңбегі ескеріліп, 1996 жылдан бастап ауылымыз "Әбдіғаппар ауылы" деп аталды. Бұл – біздің әулетіміз үшін зор мақтаныш, әрі туған жерге деген сүйіспеншіліктің символы. Әкеміздің маңдай тері сіңген жерді одан әрі көркейтіп, ауылдың рухын сақтау – біздің перзенттік әрі азаматтық парызымыз деп білемін. Жыл сайын отбасымызбен ауылға барып, ағайын-туыспен қауышып, қолымыздан келгенше көмек көрсетіп тұрамыз. Әсіресе әр оқу жылы қарсаңында көпбалалы аналарға балаларын мектепке дайындауға жәрдемдесіп, кішкене болса да қуаныш сыйлауға тырысып келемін. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген дана сөз бар ғой, сол ниетпен ауылдың ажарын аша түсу үшін демалыс алаңдарын салып, көгалдандыру жұмыстарына да атсалысудамын. Туған жердің тынысын сезініп, оған жақсылық жасау – мен үшін өмірдің мәні мен қуанышы.
– Зейнет жасына шыққаннан кейін де белсенді еңбек етіп, қоғам өміріне араласып келесіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз...
– Жалпы ауыл шаруашылығы саласында аудан көлемінен бастап облыс деңгейіне дейін түрлі жауапты қызметтерді атқардық. 1999–2003 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімінің ауыл шаруашылығы саласындағы орынбасары болып еңбек еттім. Ал 2003 жылдың қыркүйегінен бастап аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалып, осы салада табанды еңбек етіп, 2016 жылы зейнет демалысына шықтым.
Сол жылдары Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарласып, маңызды бір ұсынысын жеткізді. Сондағы айтқаны – жазасын өтеп келген азаматтарды қоғамға бейімдейтін пробациялық орталықты біздің облыста алғаш ашу мәселесі болатын. Сол орталықтың құрылуына және жұмысының жолға қойылуына жетекшілік етуге ұсыныс түсті. Осылайша, зейнет жасына шыққаннан кейін де қоғам игілігі үшін тағы бір жауапты саланың басы-қасында болдым. Бұл жұмыс оңай болған жоқ, үлкен жауапкершілікті талап етті. Өмірдің қилы өткелінен өткен азаматтардың қоғамға қайта сіңісуіне жағдай жасау, оларға кәсіпкерлік бағытта кеңес беру, қайтарымсыз несие алуға қолдау көрсету сияқты маңызды істермен айналыстық.
Қазір толыққанды зейнеттемін. Үйде өз қолыммен еккен алма мен өрік ағаштарым – менің күнделікті жұмысым. Табиғатпен етене болып, тыныш өмір сүріп жатқаныммен, елдің рухани және әлеуметтік өмірінен қол үзген емеспін. Қоғамды дұрыс бағытқа үндейтін насихат жұмыстарына араласып тұрамын, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде белсенді қызметімді жалғастырып келемін.
Өмір бойы еңбек етуді тоқтатпау – менің өмірлік дағдым. Себебі елге пайдаң тисе, демек өміріңнің мәні бар деген сөз, – деп түйіндеді ол ойын.
Әңгіме соңында Бақыт Әбдіғаппарұлы өткен өмір белестеріне көз жүгіртіп, ел игілігі үшін атқарған еңбектерін еске алды. «Бәріміздің мақсатымыз – туған жердің топырағын түлету, халықтың несібесін арттыру», – дейді ол сабырлы қалыппен.
Осындай жаңашылдық пен еңбекқорлықтың арқасында Бақыт Әбдіғаппарұлының есімі Сыр өңірінің аграрлық тарихында айрықша аталады. Ол – туған жердің игілігі үшін тер төгіп, ұрпаққа өнеге қалдырған ел ағасы.
Жәмила Ермахан




