№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Үлкен жүрек иесі


Ел дамуына үлес қосып, өзінің өнегелі ісімен көптің алғысын арқалаған меценат Қалима Жантөреқызына жұрт «Қоғам жанашыры» деген бағасын әлдеқашан беріп қойған. Бұл тіркестің астарында үлкен мән жатыр. Маңдай термен тапқан табысыңды өзгеге жұмсап, демеушілік жасау үлкен жүректі қажет ететіні тағы бар. Біз сәті түсіп, жүрегі елім деп соққан осындай азаматтардың бірі – туған жеріміздің түлегі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер апамызбен арнайы сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


– Бір сөзіңізде «әжемнің ерке қызымын» дедіңіз. Сол ерке қыз бүгінгідей қоғамда ойып орын алған қазақ қызына қалай айналды?

– Барлығы тәрбиеден. Әжем Рәзия Төлбасқызы бидің қызы. Бір әулеттің ұйытқысы болды. Әжемнің айтқанына ешкім қарсы келмейтін. Бір сөзді, дана кісі еді. Мен осы кісіге қарап бой түзедім. Әрқашан бірінші болғым келді. Бала күніміз, тапшылық кездер ғой. Әжем сәріге тұрғанда өзі жейтін жалғыз алмасын маған беретін. Бетімнен қақпай өсірді. Маған біреу сабақ оқы, немесе жұмыс жаса деген емес. Өз білгеніммен жүрдім, бірақ одан қателеспедім. Осы күнге жетуіме әжемнің батасы да әсер еткендей. Бала күнімде өте бұзық едім. Үй тірлігін мүлдем жасамайтынмын. Сондайда жеңгелеріміз тірлік қыл десе, әжем «тимеңдер менің бастық қызыма» деп ешкімді бетіме келтірмейтін. Міне, «жақсы сөз - жарым ырыс» деген осы.

– Кәсіппен айналысып, басшылықты да қатар алып жүрудің қиындығы да аз емес болар?

– Әрине. Әйтсе де әйелдің ең бірінші қолдаушысы – өмірлік жары. Жолдасы әр ісін қолдаған әйел отбасына да, қоғамдық жұмысқа да үлгереді. Ер адам сіздің әр ісіңізге бірден келіспеуі мүмкін. Бірақ байыбына барып түсіндірсеңіз, ол да түсінеді, қолдайды. Өзімнің жолдасым ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнет­ке шыққан. Қазір ол кісі де қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады.

– Өзіңізді қоғаммен біртұтас сезінуіңізге не ықпал етті?

– Әйелдің жанын әйел түсінеді. Қоғамда көптеген қыз-келіншектердің зорлық-зомбылықтың құрбаны болға­нын көріп шыдай алмадым. «Зорлық зомбылықсыз қоғам» деген кең кө­лемдегі республикалық форум өткіздік. «Қошқар атадағы қыз» деген эссе жазған едім, соның желісімен қысқа метражды фильм түсірдім. Көргендердің барлығы үлкен әсер алды. Өмірде болған оқиғадан алынған шығарма болатын. Қысқаша баяндасам, біреудің жалғыз ұлына тұрмысқа шыққан келіншек кемпір-шалмен тұрғысы келмей, дүниеге әкелген қызын жетектеп кетіп қалады. Аяғында өзімен ертіп кеткен қызы қараусыз қалып бұзақылардың қолына түсіп, қорлық көрген. Біз сол баланы сондай қиындықтан алып шықтық. Бұл өмірде оның да орны барын түсіндіріп, қоғамға ілестірдік. Осыдан кейін ме­нің өмірім қоғамда екеннін түсіндім. Кәсіп ешкімге кедергі келтірмейді. Ол қосымша жұмыс. Бастысы, кісі қоғамға қандайда бір көмегін тигізсе сол олжа.

– Жаңа бір сөзіңізде отбасымызбен патриотпыз дедіңіз. Осыған тоқтала кетсеңіз.

– Расында, отбасымызбен елге қыз­мет еткенді азаматтық борыш санай­мыз. Отаншыл азаматтардың отбасымыз. Тіпті, немерелеріме дейін елім, жерім деп тұрады. Ұлым Санкт-Петербургтағы Г.В.Плеханов атындағы университетті үздік бітіріп, кандидаттығын қорғап шыққан. Америка, Финляндия, Араб әмірлігі сияқты ірі мемлекеттерде жұмысқа орналасуына мүмкіндік бол­ғанымен жүрек қалауымен туған елге оралды. Қазір университетте оқытушы болып, болашақ мамандарды дайындап жатыр.

– Зейнет жасына жетсеңіз де жан рахатын жиып қойып, халықтың қызметінде жүрсіз. Сізді жігерлендіретін нендей күш?

– Қоғам біз секілді азаматтарға мұқтаж. Кез-келген елге қағам жанашырлары керек. «Сен тимесең – мен тимен» деп әрқайсымыз өз жайымызды күйттеп кетсек, ел қалай дамиды. Адамдық қайда қалады? Мені қоғам керек етіп отырғанына қуанамын. Дүниеге адам болып келген соң, айналаңа қандайда бір пайдаңды тигізу біздің азаматтық парызымыз деп білемін. Біздің өзге жаратылыстардан ерекшелігіміз де осыда.

– Соңыңыздан ерген жастарға қандай өсиет айтасыз?

– Адал болуға шақырамын. Адал­дық – адамдыққа шақырады. Мен Әл-Фарабидің «Қайырымды қала адам­­дарының көзқарастары» деген трак­таттарын оқыдым. Сонда «Тәрбиесіз берілген білім – зиян» деген даналығы бар. «Толық адамның» өзі осы кісі­нің еңбектерінен туындаған. Жастарға айтарым, адамға адамгершілік, мейірім керек. Адам неғұрлым мейірімді бол­са, солғұрлым отбасы құндылықтары жақсарады.
Әл-фараби қоғамды шағын қоғам, орта қоғам, ұлы қоғам деп үшке бөлген. Ұлы қоғам деген толық қазақ елі. Қазақ елі мықты болу үшін адалдық керек.

– Сіздің тігін шеберханаңыз барын білеміз. Жалпы, ісмерлікке қалай келдіңіз?

– Бала күнімде апам тойға барып жақсы барқыт мата алып келгені бар. Соны рұқсатсыз алып, ескі шыт көйлегімді кесіп, сол матаны піштім. Тігін тігуге деген қызығушылығым осы кезден басталды. Содан матаны құртқаным үшін таяқты да жедім. Уақыт өте басқа жұмыс жасап, тігін тігуді кейінге қалдырдым. Содан 2000-жылдары қазақ әйелдері Мәскеуге барғанымызда үстімізде ұлттық киім болмады. Мен содан намыстандым. Неге осыны өзім бастамасқа деген ой келді. Негізі өзімнің ісмер болатыным түсіме аян болып кірген еді. Ол кезде тоқырау жылдары 470 адамды жұмыспен қамтып отырған үлкен базаның директоры едім. Жұмыс та, тауар да жоқ уақыт. Айлық жоқ, барлығы айырбас. Тігіншілік қаным­да бар. Анам да, әжем де тігінші еді. Бастапқыда қырғын шығынға ұшырадым. Сонда да тоқтамай жұмыс жасай бердім. Шүкір, бүгін сол бейнетімнің зейнетін көріп отырмын.

– Бүгін өзіңіз түлеп ұшқан №163 мектептің еңбек кабинетіне жасаған сый-сияпатыңыздың куәсі болып отырмыз. Бұл – балалар үшін үлкен базарлық. Неге нақ осы кабинетті жабдықтайын деп шештіңіз?

– Қыз бала ісмерлікті үйренуі керек деп ойлаймын. Бұл үлкен өнер. Біздің балалар да соңғы үлгідегі тігін машинасын меңгеріп, бәсекеге қабілетті болсын деген ниет. Жалпы, ісмерлік – ескірмейтін, қалыс қалмайтын мамандық. Қыздар өздеріне сәнді көйлек тігіп кисе қандай жақсы. Мәселен, мен үстімдегі киімді өзім тігіп алғанмын. Жұмыс сапармен бірнеше шет елде болдым. Сонда байқағаным, көп мемлекет тігін тігуді арнайы пән қылып енгізген. Демек, бұл сұранысқа ие, болашақта қажет болатын мамандық.

ТҮЙІН: Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай, «Жұрттың көбіне ақыл берілгенмен, жүрек бәріне бірдей берілмегенін» ескерсек, көпшілікке көмек қолын созу тек үлкен жүректі жанның қолынан келетін дүние екенін түсіну қиын емес. Ондай үлкен жүрек иесінің маңына көпшілік үйір келеді. Өйткені оның жан тазалығы айналасына шуағын шашып тұрады. Біз де жаны жайсаң жанмен әңгіме барысында осыны аңғардық.

Айсұлу Алданазар
11 мамыр 2024 ж. 2 713 0