Тас диірмен...
Бала күнімде әжем тас диірменін айналдырып, әндетіп отырушы еді. Маған өте ыстық көрініс болатын. Өйткені, әжемнің таң атқаннан күн батқанға дейін диірмен айналдырып, бізге ыстық күлше пісіріп беретіні көз алдымда. Қалайша ұмытайын, әлгі күлшенің дәмі таңдайымда, иісі мұрнымда аңқып тұр. Қазір үйге барсам, әжемнің диірмені асханада шкафтың үстінде, құдды мұражайда тұрғандай елестейді. Қара шаңыраққа бас сұққан сайын, әжемнің диірменін қолыма алып, өткен күндерді есіме аламын. Өте әдемі естелік менің жадымда мәңгі сақтаулы.
Жақында ағайындас әпкем қонаққа шақырды. Дастархан басынан ас ішіп, сыртқа шықсам бала біткеннің барлығы бір жерге топталып, дауыстары жер жарып жатыр. Қастарына барып қарасам диірмен тасын қызықтап тұр екен. Бір-бірінен «бұл не, кәдімгі тас па? Өзі ауыр сияқты ғой. Бұны қалай пайдаланады?» деп, шуласып жатыр. Бір кезде мені көрді дағы «әпке бұл не?» деп сұрады. «Бұл диірменнің тасы ғой», десем, «диірмен деген не?» деп бетіме қарап тұр. Біздің ата-әжелеріміз бұрын күнкөріс үшін пайдаланған қажетті құралды қазіргі өсіп келе жатқан жас буынның білмейтіні кәдімгідей ойға батырды. Расымен де, тас диірменді үйде емес, қазір мұражайдан ғана көріп тамашалайтын күйге жеткеніміз іштей қынжылтты.
Ертеде аналарымыз қол диірмен арқылы тарыны ұнтақтап талқан істесе, бидайдан ұн жасағаны ойыма оралып, бәлкім, жаңаша әдіске салып, әлде де қол диірменді кәдеге асырса қалай болар екен деп, қалың ой үстінде тұр едім, қолына бидай толы тостағын алып жеңгем келді. Сөйтсем, балалардың таңқалысын байқаған Шолпан жеңгем, қолдан бидай тартып көрсетейін деп жатыр екен. Балалармен бірге мен де қуанып кеттім. Қайтадан диірменнің дауысын еститін болдым-ау. Содан дереу жеңгем іске кірісіп кетті.
– Әсел-ау, мына немерелерім қызығып қарағаннан кейін, асханада жатқан қол диірменді шығарып, өз қолыммен бидайды ұнтақтап көрсеткім келіп еді. Әйтпесе, бұлар не екенін білмей, әже бұл тасты таудан әкелдің бе деп жүр. Біз бала кезімізде бұл диірменге дамыл болмайтын. Үйдегі бала-шаға анамыздың етегіне оралып, диірменді тартуға таласатынбыз. Ол да бір керемет кездер екен ғой, – дейді Шолпан жеңгей.
Сөйтіп, қолындағы бидайды диірменге салды да, бар күшімен айналдырып жіберді. Әжептәуір күш керек екен. Бірақ, жеңгемнің қолы жаттығып қалған, әп-сәтте ұнтақтап шығарды. Балалардың бәрі мәз-мейрам, ерекше толқыныс үстінде. Алпысты алқымдап, жетпіске аяқ басқан Шолпан жеңгемнің бұл ісі құптарлық дүние. Көне затты ескінің қалдығы деп лақтырып тастамай, кейінгі ұрпаққа сарымайдай сақтап жүргенінің өзі өнеге.
Содан аудандағы тарихи өлкетану мұражайына бет алдым. Ондағы ғылыми әдіскер Құралай Дәрменмен бір сөйлесіп, өзімде де білмейтін құнды ақпараттарға қанық болдым.
– Ата-баба дәстүрімен сабақтасып келе жатқан қол диірмен қазақтың ілгеріден келе жатқан тұрмыстық құралы ғой. Кейінгі кездері біреу білсе, енді бірі білмей жатады. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» демекші, дамыған заман талабы асыл мұрамызды қолданыстан шеттетіп жатыр. Бірақ, ол өз құндылығын жоғалтпайды, қазақ бар жерде ұмытылмайды. Мұражайға келген жас буын өкілдері қызыға қарап, бізден сұрап жатады. Біз де өз тарапымыздан мейлінше кеңінен түсіндіруге тырысамыз. Осы тұста, оқырмандарға да айтып кетейін. Қол диірмені екі үлкен қыша тастан жасалған. Ортасында бидай салатын үңгісі болады. Бұрын дәмді, күлше нан пісіру үшін біздің әжелеріміз қол диірменін қолданған. Диірменмен бидай ұсатып, ұн жасаған. Диірменнің ұнды қалай ұнтақтайтынын алдыңғы толқын аға – әпкелеріміз жақсы біледі. Әсіресе диірменді айналдыру өте қиын, тарихи жәдігеріміздің екі үлкен қыша тастарының диаметрі 33 см, тұтқасы 11 см. Диірмен өте ауыр. Диірменді айналдыру үшін көп күш керек. Қыша тас ойығына бидай салынып, астық тастардың арасында үгітіледі, осылайша үгітілген бидай төменгі қыша тас астына жиналады. Жұмыстың қиындығынан қашпай сол жұмысты бар ынтасымен атқарған ата – әжелерімізден, «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ жалғанда» деген ғибрат қалған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дегендей, осынау тарихи жәдігер кезінде бір ауылды асыраған екен, – дейді мұражай қызметкері.
Халқымыз көшіп-қонып жүрсе де, ағаш сабы бар қол диірменін тастамай, тұрмысқа қажетті құралдардың бірі деп есептеген.
Әсел РЗАЕВА