№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Директор неге трактор айдап жүр?

Директор неге трактор айдап жүр?

«Ой мен өлеңге келгенде от едім, лап-лап етіп. Құдалықта үкім үлпілдеп, Нәзік пен Күшә сияқты Лорамен қос дауыста ән шырқап» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Өнер десе арқасы қозып, ішкен асын жерге қоятын жан екені айтпаса да көрініп тұр. Раушан Дәуменқызы аудандағы мәдени шаралардан тыс қалмай, қашанда көзге көрініп жүреді. Ауылдың да көркі болып, ер азаматтардан кем түспей, директормын деп діңкілдемей, тойжиынға аппаратын арқалап, камерасын көтеріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Раушан Шаметова кім? Директор орындығына отырамын дегенше кім болды, кейінге шегінсек:

– «Әңгімесі ауылдың менің асыл жеңешем» деп 1997 жылы келін боп түскен жеңешем қос ішектің құлағында ойнап, мен де қызығып, бала қиял болашақ мамандығым болатынын сол кезде біліппін бе? Мектеп табалдырығын аттағаннан Әлімхан Ахтаев клуб меңгерушісі болып жүргенде сахнаға шығып бастадым, Мейрамбек Мырзахметов ағамызбен ауыл-ауылды аралап концерт қойдық. 2005-2009 жылдары киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде аккордионист мамандығын оқып, Қажыбек Бекбосыновтан білім алдым. Оқу бітіре сала Бекарыс Шойбек ағамыздың өнер мектебінде Халық әндерінен сабақ бердім. Туған ауылға келіп, балабақшада әннен жетекшілік етіп , клубта сүйемелдеуші болып кейіннен директорлыққа келген жайым бар, – деді.

Сегіз қырлы, бір сырлы деп осы Раушан сынды жанды айтқан болар. Өнермен қоса спортты қатар алып, 2018 жылы 60 мың қара үй тігіліп, 40 мың адам қатысқан аудандық Ұлттық ойындар байқауында ләңгі тебуден, оған қоса сол байқауда жаяу жарыста жүйрік атанып, екі сайыста да бас жүлдені қанжығасына байлапты. Ержүрек қыз ұлдардың ойыны деп қарап қалмай, асық ойнап, атқа да шабады екен.

Жаңақорған ауданының 95 жылдығы, халық ақыны Манап Көкеновтың 95 жыл, «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар айтысына Раушан Дәуменқызы да қатысты.

– Жәнібек Сыздықтың үйіндегі басқосуда айтыс ұйымдастырылатынын құлағым шалып, делебем қозып , мен де қатысамын деп ұмтылдым. Әу демейтін қазақ жоқ, «Суырып салмалығың бар ма?» дегенге «иә» деп, Убайдулла Көкенов ағамыздан жөн сұрап, айтыста жүлделі 2 орын алғаным бар. Сахнаға шыққанда дайындалған сөзіңді ұмытып, өз жаныңнан шығарып отыратын сәттер жиі болады. «Атасы жер жырта білмегеннің, баласы тұқым себе білмейді» демекші, өнер нағашы жұртымнан дарыған. Тағы бір есте қалған қызықты сәтіммен бөлісе кетейін. Озат күрішші Жадыра Таспанбетоваға арналған байқауға қатысып, сайыс ережесі бойынша трактормен жер жыртып жүрген видеоролик түсіру керек болды. Сонымен Түгіскендегі алқапқа барып «Мен трактор айдауым керек» деп, 10 минутта үйреніп, 20 гектар жерді айналып шыққанда, оператор жігіт шалқасынан түсе жаздаған, – деп, қызықты күндерін еске алып бір күліп алдық.

Отбасымен қызметті қатар алып, үйде ұл мен қызға тәрбие берсе, жұмыста жасөспірімдерді жетектеп, түрлі байқау мен сайыстың жүлдесін алуда. Мәселен, Нұрсезім Байхон Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған « Ұлт тілінің жанашыры» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында, сондай-ақ Абай Құнанбаев оқуларына қатысып орын алса, бейнелеу өнеріне құштар Қамар Дәумен аудандық байқауда 3 орын алды. Бұлардан бөлек «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сынды сайыстарда Раушан Шаметованың себепкер болуымен шәкірттері оза шауып жүр.

– «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп халықтың тойында қызмет етіп жүрген сәттерде ұятты болып қалатын тұсы да жоқ емес. Бірде бір отбасының беташар тойын өткізіп беремін деп, камерамды апарып қосып қойдым, би де, ән де болып, мәре-сәре той да бітті. Үйге келіп түсірген видеоны жібере қояйын десем дыбыс жоқ. Қанша адамның сөзі, тілегі айтылып жатыр, бірақ естілмейді. Сонда камераны қосып, дыбыс жазатын микрафонды қоспай, бүкіл тойдың бүтіндей естелігін күйдіріп жіберген кезім де болды, – деп өз қатесінен күні бойғы еңбегінің ақысын қайтарып берген кезі болғанын да жасырмады. «Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сезімтал болған жарасады» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, Раушан Дәуменқызы сынды бүкіл өнерді бойына жиған, өмірге құштар, сергек жастар көбейе берсе, нұр үстіне нұр.

Рауза Азилханова
05 желтоқсан 2023 ж. 2 897 0