№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мүгедек баланың мұңы...

Мүгедек баланың мұңы...

Ел арасында «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген әдемі тәмсіл бар. Қамкөңіл жандарға қолдау көрсету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екені айқын. Әйтсе де, мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы қалай? Рас, мүгедек баланы бағу оңай емес. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сенсек, елімізде 18 жасқа толмаған мүгедек балалардың саны 65 мыңнан асса, оның 57 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Оларға қандай жағдай жасалған? Қандай көмек түрлері көрсетіледі? Оңалту, сауықтыру орталықтары бар ма? Осы сынды сұрақтарға жауап іздеген едік. Әуелі аудандық емханаға арнайы барып, осы тақырып төңірегінде бас балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаевамен сұқбаттасқан едік.

  – Қоғамда балалар арасында туа бітті кемтар, мүгедек балалар саны күннен-күнге артып барады. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Бұл әлі күнге дейін өте күрделі мәселе. «Дені сау ұрпақел болашағы» дегенді жиі естиміз. Күнделікті жұмыс барысында алдыма түрлі дертпен ауыратын балалар келіп жатады. Мүгедек баланы бағу оңай емес. Біздің ауданда 518 мүмкіндігі шектеулі балалар екен. Жасы өскен сайын олардың тауқыметі де көбейе түседі. Өміріміздің мәні мен сәні де осы балалар ғой. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Ең бастысы, мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Ауданда тағдыр тауқыметінен туа бітті кемтар немесе жол-көлік апатынан мүгедек болған балалар аз емес. Күн сайын қаншама ана баласын көтеріп, арбаға салып алып келеді. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Атааналар бала денсаулығына салғырт қарамауы керек. Қандай да бір кемшілік немесе кінәрат байқаса, уақыт өткізбей мамандарға қарату керек. Бізде ата-аналар бейғамдық танытып, кеш қимылдайды. Ол дұрыс емес. Өкінішке қарай, әйелдердің көбісі денсаулықтарына мән бермейді. Бойындағы сырқаттарын болмашы деп бағалайды. Әрбір ана оның соңы ана өліміне алып келетінін білуі тиіс. Болмаса кемтар бала туылады.

– Осы аталған аурулар саны өсуінің себебі неде?

– Әлбетте, ең бірінші ананың денсаулығына байланысты ғой. Дені сау анадан дені сау бала өмірге келеді. Қазір экологиялық ахуал күрделі, күнделікті тұтынатын тамағымыз құнарсыз болғандықтан ата-ана баланы алдын-ала жоспарлаған дұрыс. Бізде емханада дені сау ана мен бала, отбасын жоспарлау сынды арнайы бөлмелер мен мамандар бар. Оның үстіне небір жүкті аналар уақытында есепке тұрмай, босанар уақыты таянғанда емханаға келеді. Оның үстіне бүгінгі қоғамдағы жағдайлар, әлеуметтік мәселелер бала денсаулығында үлкен роль атқарады. Тағы бір мән беруге тұрарлық нәрсе, жүкті келіншектердің жеңсік асқа жерік болуы. Тіпті жерік астың туа біткен мінезге де ықпал ететіні айтылып жүр. Себебі ол ана сүтімен дариды екен. Егер осы қызметті дұрыс пайдаланып, сырқатын дер кезінде емдетсе, ана да, бала да сау болар еді. Бірақ бұл қызметті пайдаланушылар көп емес. Соның әсерінен денсаулығында кінараты бар анадан туған мүгедек балалар көбейіп отыр. Екінші кезекте интервалды сақтау керек. Жыл сайын босану әйел ағзасына зиян. Бала туу жасындағы әйелдерде қаназдық, дәрумен жетіспеушілігі көп кездеседі. Ол ананың денсаулығына қарасаң, көпшілігі 60-70 гемоглабинмен бала көтеріп, туып жатады. Салдарынан балада қаназдық немесе жүрегінде ақау байқалады. Мұның бәрі уақытылы дұрыс тамақтанбаудан болып отыр. Жеміс-жидек, ет жемеген ана мен баланың иммунитеті әлсіз келеді. Ал балалардың уақытылы тамақтанбағанынан асқазан аурулары көбеюде. Сондықтан ата-ана балалардың тамағына мән беріп, бақылау жасағаны дұрыс. Себебі, бала пайдасыз, денсаулыққа зиянды тамақтарды тұтынуы мүмкін. Жас ағза ондай өнімдерге тез әуестеніп алады Түптеп келгенде, ана өзінің денсаулығына жауапкершілік танытып, өмірге сау ұрпақ әкелуді мақсат ету керек.

– Ерекше күтімді қажет ететін ата-аналар өз құқықтарын біле ме? Сіздерден кеңес ала ма?

– Біріншіден, ата-аналар кемтар балаларын емдеу, оңалту, тәрбиелеу, оқыту, әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектіктің алдын алу, үйден оқыту, үйден әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектікті тағайындау, қорғау, қамқорлық, қатарға қосу жөніндегі сұрақтарға жауап беретін Заңдарды, Үкіметтің қаулыларын, осы мәселемен тікелей немесе қосымша түрде айналысатын мекемелер жөнінде біле бермейді, осы білместіктің салдарынан бала зардап шегеді. Сондықтан да, егер ерекше күтімді қажет ететін бала өсіріп отырсаңыз, бізге келіп, қажетті емін немесе керек ақпаратты алсаңыз дейміз. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге бейімделуі, білім алуы, еңбек етуі, кәсіп игеріп шығуы сынды дүниелерді қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс жасалуда. Жеке оңалту бағдарламасы арқылы керек-жарақтарын яғни, жүруге арналған арба, сүйретпе, жөргектері сынды қажеттіліктерінің барлығы мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Жыл сайын үздіксіз оңалту орталықтарына жіберіп отыруға болады. Бұл балалардың барлығына әлеуметтік қызметкер тағайындалған. Бірақ, ата-аналар үйде отырып, селсоқтық танытады. Ақиқатында, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол үшін беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлау әрбіріміздің парызымыз. Мемлекет қамкөңіл жандарға қамқорлық көрсетуді басты назардан түсірген емес. Бүгінде олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, әлеуметтік қолдау көрсету ісі артып келеді.

Р.S. Қазақ халқында жеті атаға дейін тегін сұрап, рулас болса, қыз алысуға тыйым салынған ғой. Бұл да сол тұқым қуалайтын, медицина тілімен айтқанда, генетикалық аурулардың алдын алу болып табылады. Әр ата-ана бауыр еті-баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кім-кімге де ауыр соққы. Мүгедек балалардың ата-аналары көптеген әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет келеді. Бұл тұрғыда ата-аналар өз құқықтарын жетік біліп, талап ете білуі керек-ақ.

Әсел Рзаева
02 желтоқсан 2023 ж. 2 663 0