№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қамкөңіл балалар қамқорлыққа зәру

Қамкөңіл балалар қамқорлыққа зәру


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президентіміз «Балалардың үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап көрсетті. Ел арасында «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген әдемі тәмсіл сөз бар. Қамкөңіл жандарға қолдау көрсету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екені айқын. Әйтсе де, мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы қалай? Рас, мүгедек баланы бағу оңай емес. Жасы өскен сайын олардың тауқыметі де көбейе түседі. Ақпараттарға зер салсақ, елімізде 18 жасқа толмаған мүгедек балалардың саны 65 мыңнан асса, оның 57 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Ал, ауданда 146 мүмкіндігі шектеулі балалар екен. Оларға қандай жағдай жасалған? Қандай көмек түрлері көрсетіледі? Оңалту, сауықтыру орталықтары бар? Осы сынды сұрақтарға жауап іздеген едік.


  Әуелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Аягөз Нұржанқызынан сұрап білген едік.
– Өміріміздің мәні мен сәні де осы балалар ғой. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Ең бастысы мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Ауданда тағдыр тауқыметіне түсіп, туа бітті кемтарлыққа немесе жол көлік апатынан мүгедек болған балалар аз емес.

  Олардың өмірге бейімделуі, білім алуы, еңбек етуі, кәсіп игеріп шығуы сынды дүниелерді қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз. Жеке оңалту бағдарламасы арқылы керекжарақтарын яғни, жүруге арналған арба, сүйретпе, жөргектерін ұдайы алып тұрады. Жыл сайын үздіксіз оңалту орталықтарына жіберіп отырамыз. Бұл балалардың барлығына әлеуметтік қызметкер тағайындалған. Олар ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға, арнайы сабақтарға апарып, қоғамнан қалыс қалдырмауға тырысады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар өзгелермен тең дәрежеде қызмет етіп, білім алу құқықтарына ие болып отыр.

Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі, есепте тұрған балалардың басын қосып, тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық мұражайға апарып, еліміздің тарихымен таныстырып, сый-сыяпат жасадық. Одан бөлек, 90 бала Түркістан облысындағы «Арыстан баб» кесенесі, «Керуен Сарай» кешеніне және «Қожа Ахмет Яссауи» мавзолейіне өлкетану максатында тарихи-мәдени орындарға саяхаттап қайтты. Мақсат, төрт қабырғаның ішінде отырған балаға үміт сыйлап, көңіл күйін көтеру. Балалардың қуаныштары кеудесіне сыймай қайтты. Енді, төсек тартып жатқан, қимыл-қозғалысы жоқ балалар бар. Оларға арнайы сый дайындап жатырмыз. Жақын күндері үйлеріне барып, жағдайларын біліп, сый-сияпатымызды жасаймыз, – дейді сала басшысы.

Ақиқатында қамқорлықты қажет ететін жандарға қол үшін беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлау әрбіріміздің парызымыз. Мемлекет қамкөңіл жандарға қамқорлық көрсетуді басты назардан түсірген емес. Бүгінде олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, әлеуметтік қолдау көрсету ісі артып келеді. Осыған орайда, ауданымыздағы арнаулы балабақшаға барып, меңгеруші Жамал Нәлібаевамен тілдескен едік.

– Біздің саланың жауапкершілігі өте көп. Келген әр баланың еркелігіне, мінез-құлқына қарай жұмыс жасап, оларға бағыт береміз. Ортаға бейімдеу бастапқы міндеттеріміздің бірі. Оның үстіне бұл жерге әртүрлі деңгейдегі, әртүрлі диагнозы бар балалар келеді, бірі тіл мүкісімен келсе, бірінің естуі нашар, кейбірінің психологиялық ерекшелігі бар. Әрқайсысына өз деңгейінде, денсаулығына қарай қадам жасаймыз. Мектептердегі инклюзивті білім беру жұмысы бұған қарағанда жеңілірек. Ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Жұмысымыздың басты талабы сол. Олар тарапынан алып жатқан алғысымыз да жеткілікті. Еңбектеп келген балалар жүріп, сөйлеуге қиналатын балалар жақсы нәтиже көрсетіп, мектепке баруда. «Арнайы балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылдың желтоқсен айынан бастап жұмыс жасап келеді. Бақшамыздың негізгі мақсаты: мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу, білім беру, дамуындағы ауытқуды түзету, дамыту, медициналық бақылау және қуралжабдықтарды пайдаланып сауықтыру жұмыстарын жүргізу сынды жұмыстарды атқарып келеміз. Қазіргі таңда бізде даму мүмкіндігі шектеулі психикалық дамуы тежелген, тірек қимыл қозғалыстарында, сөйлеу тілінде мүкістігі бар 34 бүлдіршін 4 топта тәрбиеленіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларды орта балалар қатарына қосу мақсатында барлық мүмкіндігімізді қолданып жұмыс жасап жатырмыз. Әр топта балалар деңгейіне қарай топтастырылады және бір топта 5-12 аралығында балалар тәрбиеленеді. Тәрбиешілер мен көмекші тәрбиешілер балалармен күн тәртібіне сәйкес жұмыс жасаса, психолог, логопед, дефектолог, массажист, дәрігер мамандары әр баламен жеке психологиялықмедициналық және педагогикалық түзету жұмыстарын жүргізеді. Түзету жұмыстарымен қатар балабақшада мерекелік іс шаралар өтіледі. Биылғы оқу жылында 14 қазан күні «Алтын күз» тақырыбында мерекелік іс шара өтті. Іс шараға 4 Ата-ана қатысып, бүлдіршіндерімен бірге сайысып, өз мүмкіндіктеріне қарай өнерлерін көрсетті.

Балаларымызға «Күз ханшайымы», «Күз» ханзадасы номинациялары берілді. Қызметкерлердің барлығы ерекше бүлдіршіндеріміздің дамуындағы ақауын түзету жолында аянбай қызмет етуде, – дейді балабақша меңгерушісі.
«Адамның бір қызығы – бала деген». Әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида бұл. Бүлдіршіндердің сыңғыр күлкісін есту біз үшін үлкен бақыт. Осы орайда, аудандық білім бөліміне хабарласып, мүмкіндігі шектеулі балалардың жайкүйін білген едік.

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту және тәрбиелеу білім беру жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Бұл орайда ҚР Үкіметінің 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда білім саласы мамандарына арналған міндеттер барысында ақыл-ойы қалыпты дамитын балалармен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың да білім алуына барлық жағдайды жасау керектігі жүктелген. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға инклюзивтік білім беру ұйымдарының үлесі артып келеді. 2022 жылы 8 логопед кабинеті сатып алынды. 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша ерекше балаларға сабақ беретін пән мұғалімдерін және арнайы мамандарды «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтымен келісім шарт жасалған. 2022 жылы 140 маман инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстан өткізіліп, 4 маман қайта даярлаудан өтті. 2021 жылы ерекше білімді қажет ететін балаларға 20 мектепте 31 балаға арнайы кітаптар алынса, 2022 жылы 677 дана кітаппен қамтамасыз етілді. Инклюзивті білім берумен қамтылған, білім беру мекемелерінің және онда оқитын балалардың жалпы саны – 124, мектепте оқитын балалар саны- 66, мектепке дейінгі балалар саны- 64, инклюзивті білім беру бойынша балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер саны-729, психологиялықпедагогикалық түзету кабинеттерінде көмек көрсететін балалар саны-65 бала, үйде білім алатын балалар саны144 оқушы. Сонымен қатар, «Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша 2020- 2022 жылдарға арналған өңірлік жол картасы» тапсырмалары басшылыққа алынып жұмыстар жасалынып отыр, – дейді сала маманы.

Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейгені дұрыс. Өйткені, мүгедек балалардың бірі өмірге өзімен бірге бар тауқыметті ала келген болса, кейбіреулері түрлі жағдайға байланысты жарымжан болып қалғандар. Олардың көпшілігі өмір бойы мүгедектің тауқыметін тартуға мәжбүр. Әр ата-ана бауыр еті-баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кімкімге де ауыр соққы. Мүгедек балалардың ата-аналары көптеген әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет келеді. Әлемнің дамыған елдерінде мүгедек балаларды дені сау құрбыластарымен қатар оқытып, сол арқылы сауықтыру әдісі бар. Осынау мақсатта ауданымызда да арнайы орталық құрылса құба-құп.
02 қараша 2022 ж. 631 0