Алғыс арқалаған азамат
Іскерлігімен елге танылып, кәсібін дөңгелетіп жүргізумен қатар көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созып, жанашырлық танытып, көпшіліктің ыстық ілтипатына бөленіп жүрген туған жерден түлеп ұшқан азаматтар аз емес. Міне, осындай жанның бірі, жерлесіміз Сабыржан Зайнидинов. Атақ пен даңқты жаны сүймейтін қарапайым тұлғаның әрбір ісі ілкімді, шаруасы мығым, кәсібі кісі қызығарлық, пайымпарасатына жан сүйсінеді. Әсілінде, адамның адамшылығы–мейірімі мен көңіл шуағының өзінен артылып, өзгеге сәулесін түсіруінде, ары мен жанын ізгілікке толтыра білуінде сияқты. Міне, туған жеріне ғана емес, тұтас қазаққа қамқорлық жасауда қарым-қабілетін жұмсап келе жатқан біздің кейіпкеріміз былай дейді:
– Тамыры терең, тарихы кенен Жаңақорған кентінде балалық шағымды өткізіп, отбасыммен берекелі тұрмыс кештім. Бүгінде ауданның «Құрметті азаматы», абыз ақсақал Абусейітов Зейнаддин ақсақал кент әкімі болған кезінде өңірдің өсіп-өркендеуіне, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында уақытпен санаспай еңбек ете білген жан. Ал, әжем Ақнұр Әшімқызы осы ауданда ең алғаш акушер маманы ретінде көп жыл жұмыс атқарып, мыңдаған баланың кіндік шешесі атаныпты.
Өзім үйдің тұңғышы болғандықтан атам мен әжемнің бауырында өстім. Атам қайда барса да қасынан тастамай, үлкен кісілердің ортасында көп жүрдім. №163 орта мектепке бірінші сыныпқа барып, №3 мектеп-интернатты бітіріп шықтым. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Алматы қаласындағы Ішкі істер академиясына грантқа оқуға түстім. Оны бітірген соң құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдандым. Сөйтіп, ішкі істер басқармасында жедел уәкіл, бөлім басшысы, одан әрі Алматы қаласы әуежай полициясының штаб бастығы болдым. Осы қызметтерді атқара жүріп, біраз тәжірибе жинадым. 2014 жылдан бастап жеке кәсіпке ден қойып, алдымен құрылыспен, саудасаттықпен айналыса бастадым. Уақыт өте келе кәсібімізді бір деңгейге көтеріп, бүгінде үлкен корпорацияның құрылтайшысымын.
– Бүгінде еліміздегі көпшілік кеңінен білетін белгілі кәсіпкерсіз. Әрине, бұл деңгейге жету үшін көп тер төгіп, үлкен сынақтардан өтуге тура келген болар?
– Кәсіпкер болудың өз қыр-сыры бар. Өзіңнің тырнақтап жинаған қаражатыңа, әрбір басқан қадамыңа есеп беріп, бақылап отырмасаң бір күнде еткен еңбегің еш кетуі мүмкін. Әрине, тиыннан теңге құрау оңай болмады. Ал, теңгені еселеп өсіру тіптен қиын. Әр теңгенің қадірін білдік, нарықты әбден зерттеп, біліміміз бен тәжірбиемізді үнемі жетілдіріп отырдық. Кәсіпкер ешқашан қателесуден қорықпайтын, кеткен қателіктен ой түйіп қоймай, еңбек ету арқылы нәтижеге қол жеткізе алатын адам. Сәтсіздікке ұшырап, бастаған ісін тастап кететін жандар шынайы кәсіпкер бола алмасы белгілі. Өзгелердің жетістігіне қызығып, менің жұмысым неге өрге баспады деп қаймығуға мүлдем бой алдырмаған дұрыс.
Сонымен қатар, кәсіп бастамақ ниеттегі адам өзінің ресурстарына қарай білуі керек. Нақтырақ айтқанда білім, күш, ақша, таныстық, қабілет-қарымын есептей біліп, үлкен тәуекелдер мен сәтсіздіктерге дайын болуы қажет. Кез келген нәрсені түсіндіру үшін салыстырмалы мысалдарға жүгінеміз. Қазіргі кәсіпкерлердің үлкен өкілдері бизнесті майдан деп түсіндіреді. Майданда адам – стратегиясын таңдап, қауіп-қатерлерден аман қалудың жолдарын барынша ойлап жүретін болса, бизнесте де дәл солай деген сөз. Жеңіл жеткізу үшін әйгілі кәсіпкер Стив Джобстың «Бизнес дегеніміз – аз ғана қағидалардан тұратын қызықты ойын» деген сөзін қолдансақ болады.
– Алғашқы сауалды «қасіретті қаңтар» деген атаумен тарихқа сіңіп бара жатқан оқиғаға байланыстырып қойсам деп отырмын. Сіздер осы күндерде қиналған жандарға демеу болды деп естідік. Осы жайында айта кетсеңіз?
– Ол күндер елдің басына күн туған сын сағаттар болды. Ондай сәтте азды-көпті мүмкіндігің бола тұра үнсіз, әрекетсіз қалу азаматтығымызға сын болар еді. Сондықтан қолымыздан келгенше, қаржылай да, басқалай да көмек қолын создық. Жалпы, серіктесім екеуміз қосылып, 60 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсеттік. Қалада жаппай тәртіпсіздік пен дүрбелең басталған күні интернет өшіріліп, түрлі қаржы ұйымдары қызмет көрсетпек түгілі, тоналып жатқанда адамдар өз есепшоттарындағы ақшаларына қолдары жетпей қалды. Сәйкесінше, азықтүлік дүкендері де қолма-қол сауда жасауға мәжбүр болды. Сол күндері шамамыз келгенше 1 000 адамға 20 мың теңгеден таратып шықтық. Ондағы ойымыз, тұрғындар ең болмаса негізгі қажетті азық-түліктерін алсын деген ниет еді. Оған қоса, қаңтардың 5-і мен 8-і күндері аралығында Алматы қаласы ІІД қызметкерлерін тәулік бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Сондай-ақ қалаға кіреберістегі барлық блок-бекеттерде тұрған әскери қызметкерлерге түскі және кешкі астарын жеткізіп бердік. Осы күндері партия мүшесі ретінде «Аманат» партиясының қалалық филиалына өтініш білдірген тұрмысы төмен бірнеше отбасына азық-түлік себетін таратып шықтық. Біз мұны ешқандай мақтаныш немесе жарнама үшін емес, азаматтық борышымыз деп атқардық. Сол күндері арнайы күзет жасақтарын ұйымдастырып, қалада үйлерінде жалғыз қалып қойған қарт кісілерді қорғап шықтық. Жалпы, 35 пәтерді күзету үшін өзіміздің туыс інілерімізге өтініш жасадық. Кейбірінің үйіне қарындастарымызды уақытша күтуші ретінде қойдық. Ел іші дүрлігіп жатқанда ұры-қарылар да қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарды, қарттарды торитыны белгілі. Ал оларды қорғау керек еді. Сондықтан мұның барлығын жалғызбасты қарттарымыз үрейленбеуі үшін жасадық.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтады: «Қолыңнан ештеңе келмесе, ең болмаса жылы жүзбен күліп амандас. Соның өзі садақа», – деп. Қайырымды адам қашанда тура жолда жүріп, адамгершілік қасиеттерді бойына жұмылдырады. Қайырымы кең қазақ сынды халықтың әр баласы әлсізге қол ұшын созып, көмек беруге дайын тұрған. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар әркез қоғамның негізгі тірегі. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының істәжірибелерімен жалғастырылып келеді. Сол игі істі менде қолымнан келгенімше атқарудамын. Тамыз айынан бері «Балаларды мектепке дайындаймыз» акциясы айысында 250-ге жуық баланы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Одан бөлек Арыс қаласында болған апаттан зардан шеккендерге он үй тұрғызып бердік. Қала берді, Қостанай қаласында болған өрттен қиналған халыққа, екі фура азық-түлік жібердік. Ал, күні кеше Өскемен қаласындағы жылу істен шыққан уақытта 40 миллион теңге қаражат жұмсадық. Айталық, жылыту апараттары мен төсеніштер және азықтүлік, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз еттік.
– Жалпы, қайырымдылық – сауапты іс. Дегенмен қоғамда «Шық бермес Шығайбайлар» аз емес. Жалпы, қайырымдылық өзі жүре келе пайда болатын нәрсе ме, әлде тәрбиеден бе?
– Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Осы сөздің астарында терең мағыналы тәрбие бар деп ойлаймын. Жоғарыда сіз мысалға келтірген Шығайбайлардың көбісін осындай топқа жатқызар едім. Көбіне адал еңбегімен емес, түрлі көлденең табыстармен байыған адамдар өте сараң келетінін көріп жүрміз. Ондайлар қолындағысынан бір тиын артық шықса кедейленіп қаламын деп ойлайды.
Өзім әке-шешемнің тұңғышы болғандықтан, көбіне атамның тәрбиесінде өстім. Сол кісі «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де сабыр ете біл», – дегенді жиі айтып отыратын. Ол кісі «Құдай біреуге байлық береді, бірақ кілтін аспанға іліп қояды екен. Құдай сондай байлықтан сақтасын», – дегенді аузынан тастамайтын. Сол сөздер санамызда бала кезімізден жатталып қалған. Көп қазақ, әсіресе ауылды жерде өскен жігіттер осындай тәрбие көріп өсті. Сондықтан қайырымдылық пен мейірім және жомарттық деген нәрсе ұлттық тәрбиенің негізгі ұстын-дарының бірі деп ойлаймын.
– Артыңыздан еріп-келе жатқан жастарға қандай да бір бағытбағдар беру немесе дәріс оқу сынды ойларыңыз жоқ па?
– Осы тұста айта кетейін, біздің негізгі бағытымыз қайырымдылық қой. Әйткенмен, көпшілігі берген азықтүлікті ішіп-жеп, ертесіне қайтадан алақан жайып отырады. Сол себепті де, «Сабыр» деп аталатын қоғамдық қор аштық. Қаңтар айынан бастап өз жұмысын бастайды. Екі-үш айдан бері жүгіріп, құжаттарын әзірлеп, бәрін дайындап, рұқсатын алып отырмыз. Бұл қордың мақсаты – «Балық берме, қармақ бер» дегенге саяды. Яғни көмекке мұқтаж жанның бойындағы қандай да бір қабылеті болса, оны қысқа мерзімде оқытып, үйретіп, өз кәсібін ашуға ықпал жасау. Айталық, тігіншілік қасиеті бар әйелді нағыз ісмер етіп дайындап, қажетті тігін машинасын және керекті құрал-жабдықтарын алып беріп, жалға алған орынның алғашқы айларын төлеп, өз кәсібін дөңгелетіп кетуіне көмектесеміз. Айта кетейін, бұндай қор елімізде жоқ. Бұл қордың басты ерекшелігі ешкім ақша құя алмайды, біз ешкімнен ақша сұрамаймыз және ешкімге ақша бермейміз. Тек, қарымқабылеті бар жандарға бағыт-бағдар беріп, жол сілтейміз.
Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасының балаларына да үлкен мүмкіндік. Себебі, оқуға, білімге деген ынтасы зор, сабақ үлгерімі жақсы, әлемнің озық елдерінен білім аламын деген жастарға жақсы жаңалық деп есептеймін. Мәселен, оқығысы келетін 50 баланы алып, бір жыл бойы оқытып, жан-жақты дайындап, құжаттарын әзірлеп «Болашақ» бағдарламасының аясында оқуға түсіне жол ашамыз. Біздің қазақ балалары өте білімді, талантты, дарынды. Тек, көп балалардың білім алуына мүмкіндікері жоқ. Біз осындай жеткіншектерге демеу болуды азаматтық парызымыз санаймыз.
– Туған ауылыңызға жиі келіп тұрасыз ба? Ауылдағы ағайынға да көмек қолын созасыз ба?
– Иә, әрине ауыл деген әр қазақтың жүрегінде тұрады. Туған жерімнің ұзақтығына қарамастан, жылына кемі үштөрт рет ат басын тіреп тұрамын. Ағайын-туыспен амандасып, ақсақалдардың басын қосып ас беріп, туған жерде, туған үйімде аунап-қунап қайтатыным бар. Осы тұста айта кетейін, ауылда 70-ке жуық отбасыға ай сайын көмек көрсетіп тұруды әдетке айнадырғанмын. Мешіт имамымен үнемі байланысып, көмекке мұқтаж жандарға әрдайын көмек қолын созамын. Айына бір-екі ірі қара сойып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратып тұрамыз. Басқа да азық-түлік секілді қажеттіліктеріне де көмектесемін. Бірнеше үйге қысқа қарай қажетті көмірін түсіріп беруге қаржы бөлемін. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Одан ажырап қалуға болмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Хорасан ата кесенесінің қасына үлкен қонақ үй салынған болатын. Оған да қомақты қаражат берілді. Биыл атаулы кесененің жанынан мұражай салынып жатыр, үлкен көлемде көмектесіп жатырмын. Бұл менің туған жеріме, еліме жасап жатқан игі істерім деп есептеймін.
– Ақпарат құралдарынан қарап отырамыз, әрдайым мақтау, марапаттарға кенеліп жатасыз. Бұл сіздің жұмысыңызға шабыт беретін болар?
– Әлбетте, дұрыс айтасыз. Елімізде ұлттық мереке – Республика күні атап өтілді. Осы мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Алматы қаласы әкімінің қолынан Мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен марапатталдым. Одан бөлек, ел Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталдым. Еңбегің еш кетпей, еленіп, марапатқа ие болып жатсаң – төккен теріңнің ақталғаны. Бұның өзі бір бақыт емес пе?
Барлық атқарған қызметім Президент тарапынан ескеріліп, осындай ыстық ықыласқа бөленгенім мен үшін үлкен мәртебе. Ары қарай осы қалпымнан таймаған күйде, елімнің айбынды азаматы ретінде, ұлтым деп ұрандаған туымды берік ұстаймын. Себебі мен құс ұшса қанаты талатын, тұлпар шапса тұяғы тозатын кең байтақ, дархан даламызды мекен еткен қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымын.
– Жақында ғана әрбір мұсылманның арманы Мәдина қаласына барып, қажылық сапарыңызды өтеп келдіңіз. Тіпті, ағаш отырғызып жатқан бейнероликті де байқап қалдық...
– Аллаға шүкір, осымен 4 рет Меккеге барып келдім. Мекке, Медина қаласында Ухуд деген тау бар. Сол жерде мұсылмандардың тарихта жазылған ең үлкен жеңілісі бар. Ол жерде жетпіс сақаба қайтыс болған. Сол Ухуд тауының қасында қабірлері бар. Құдайдың құдыреті болар, 2021 жылы барғанымызда Саудияның корольі сол 70 сақабаның құрметіне 70 тал еккен болатын. Сол уақытта біз де Ухуд тауында болатынбыз. Әлгі король осы жерде жүрген қажылардан 5 қажы келіп тал ексін деп рұқсат берген екен. Сол талдың бірін егу маған бұйырды. Әрбір барған сайын арнайы барып, су құйып кетемін. Бұл өте тарихи сәт деп есептеймін.
– Тағылымды әңгімеңізге рақмет!
Әсел Рзаева