Ғылым және техника саласында ерекше жетістікке жеткен жерлесіміз Айтжанова Аида Асылбекқызы. Қожакент ауылында туған. Исатай Әбдікәрімов атындағы қазақ-орта мектебінің түлегі.
Әкесі Айтжанов Асылбек ұлағатты ұстаз, өмірлік жолын халыққа, елге қызмет етуге арнаған жан. Анасы Жамила Берденкызы аяулы жар, ардақты ана, мейірбике болып жұмыс істейді. Аида мектепте оқып жүрген кезінен ғылым жолын қуған ағасы мен апасына еліктеп өсті. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында 30 жасқа енді ғана табан тіреген ауыл қызының жеткен жетістігі көңіл қуантады.
2008-2012 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «биотехнология» мамандығы бойынша техника және технологиялар бакалавры академиялық дәрежесін алады. 2012-2014 жылдары «Биотехнология» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистірі академиялық дәрежесі беріледі. 2018-2021 жылдары ӘлФараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде докторантурасын оқып, 2021 жылдың қараша айында РhD-философия ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды.
Ғылымның тұнық суынан нәр алған Аида Асылбекқызының білімге құштарлығы, қайтпас қайсарлығы, батылдығы мен жаңашылдығы әрбір ғылым мен білімнің қадірқасиетін ұлықтай білетін көзі ашық, көкірегі ояу жандарды толғандырмай қоймасы анық. 10 жылдан астам уақыт қана ғылым саласына табан тіреген Аиданың жеткен жетістіктері жоғары.
Ол 2012-2013 жылдары АҚ «Микробиология және вирусология» институтының биохимияфизиология зертханасының зертханашысы, 2013-2018 жылдары экологиялық, ауыл шаруашылығы және техникалық микробиология зертханасының кіші ғылыми қызметкері болды.
2018-2021 жылдары «Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы» Тағамдық микробиология зертханасының ғылыми қызметкері. 2021 жылдан бастап қазірге дейін "Микробиология және вирусология Ғылыми Өндірісік Орталығы, Тағамдық микробиология зертханасының аға ғылыми қызметкері болып жүмыс атқаруда.
Ұстаздық – тарихтағы ең ұлы іс. Осы орайда жас ғалымға ақылкеңесін айтып, жан-ақты дамуына үлкен үлес қосқан ғылыми жетекшісі Саданов Аманкелді Құрбанұлы «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының, ғылым мен техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».
Аманкелді Кұрбанұлының жетекшілігімен ғылыми тәжірибелер жасау барысында көптеген жетістіктерге жетті. Докторлық диссертациясын қорғап, алғаш рет сүт сарысуы қалдығынан сүтқышқылды сусыны өндіріске шығарылды. Сусынның нұсқасы «Амиран» «Қазақ тағамтану академиясының зауыты» ЖШС-мен бірлесе отырып әзірленген «LactoAC» желісі бойынша сүт сарысуы негізіндегі сусынның сынамалық партиясы енгізілді және сатылымға шығарылды.
Сусынның құрамында сүт сарысуы, майсыздандырылған сиыр сүті, ұйытқы, қант, май, ақуыз, көмір сонымен қатар A, B1, B2, B8, B12, C, E дәрумендері бар
Сарысу – өте тамаша өнім, өзінің қарапайымдылығына қарамастан, көптеген қасиеттерге ие. Сүт сарысуы ішек микрофлорасын қалпына келтіріп, газ түзілу және шіру үрдістерін баяулатады, сол себепті оны ас қорыту жолдарының ауруларында емдік мақсатта пайдаланады. Сүт сарысуы суда еритін дәрумендердің қайнар көзі, жемістер мен көкөністер жоқ мезгілде дәрумен жетіспеушіліктің кейбір түрлерінен арылуда пайдасы зор. Сонымен қатар құрамында В тобы дәрумендері болғандықтан, тыныштандырады, ал ауыр жұмыс күнінен кейін ішсе жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Қарттар үшін де тағаммен емдеуде аса пайдалы. Егер тамақ алдында ішсеңіз, асқазандағы тұз қышқылын төмендетуге септігін тигізеді.
Аида Асылбекқызы үшін бір орында тоқтап қалу, бір дүниемен шектелу – жұмысына салғырттық танытумен бірдей. Тәжірибе алмасып, әрдайым ізденіс үстінде жүретін талапкер технолог біліктілікті арттыру мақсатында 2013 жылы "Interkulturelle Waiterbildungsgesellachaft e.V. Германия, Дюйсбург қаласында Эссен университетінің "молекулалық биотехнология" зертханасында ғылыми тәжірибе алмасты. 2019 жылы Франция, Брест қаласы, Батыс Бретань университетінің биоалуан түрлілік және микробтық экология зертханасында 3 ай ғылыми тағылымдамадан өтті.
Бір үйдің емес, елдің, халықтың қызы Айтжанова Аида жақында ғана шаңырақ көтеріп, бүгінде Молдадосов Нұрқожа есімді жігіттің аяулы жары. – Мен мамандық таңдаудан қателеспедім. Болашақтағы мақсатым ғылым жолында жаңалықтар ашып, биік белестерді бағындыру. Жастармен тәжірибемді бөлісе отырып, ғылымға деген қызығушылығын арттырғым келеді, – дейді ол.
Ботагөз Маратқызы