» » » «ҚҰТТЫҚОЖА – ҚҰТ МЕКЕНІМ»

«ҚҰТТЫҚОЖА – ҚҰТ МЕКЕНІМ»


  
Өнер ұлт болмысының айнасы десек, музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ол ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын жанды мәдени құбылыс. Осы тұста, табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтеруге өзіндік үлесін қосып жүрген Құттықожа ауылының тумасы, әнші, композитор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Дүйсенхан Сыздықовтың орны бөлек. Бүгінде туған жерден жырақта жүргеніне жиырма жыл болған сазгердің ауылға деген сағынышы қашанда басым. Біз мұны Дүйсенхан ағамен тілдесу барысында байқадық. Соданда болса керек, сұхбаттың алғашқы сауалын балалық бал дәурен шақтан бастағанды жөн көрдік.
         – Аға, ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтың алтын өзегі. Әрі өлең-жырдың, қазақы өнердің қара шаңырағы. Сіздің де ең алғаш өнер әлеміне қадам басуыңыз мектеп сахнасынан басталған шығар?
         – «Ел іші – өнер кеніші» демекші, расындабойында таланты бар әрбір өнерпаз мектеп қабырғасында жүрген де ашыла бастайды. Яғни, білім ордасы – бұл оқушылар мен ауыл жастарының талантын шыңдап отырған киелі мекен. Талай өнерлі жандардың түлеп ұшқан алтын бесігі. Сондықтанда өзім туып өскен, білім алған ауылымды үнемі «Құттықожа – құт мекенім» деп айта жүремін. Бұл менің перзенттік борышым. Өзім мектеп қабырғасында жүргенде домбыра, баян, гитара, сырнай сынды музыкалық аспаптарға құмар алдым. Ән орындаушыларды сүйемелдеп, көптеген облыстық, аудандық байқауларда топ жардық. Жастық жігердің жалыны ма, әйтеуір кез келген байқаудан жүлдесіз қайтпайтынбыз. Осылайша, өнерге деген қызығушылық білім ордасын тәмамдағаннан кейін, музыкалық білім алуға дем берді.
         – Еңбек жолыңызға қарасам, алғашқы қызметіңізді аудан орталығынан бастапсыз. Сіз ауданның мәдениет саласын басқарған жылдары «Экспресс» ансамблінің «Халықтық» атақ алуына және мәдениет үйі жанынан «Жаңаша» ойын-сауық отауының, «Хит-Топ-Шоу» бағдарламасының өмірге келуіне ықпал етіпсіз. Жалпы, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда мәдениет саласына жетекшлік жасау қаншалықты  қиын болды?
Кәсіби маман болып қалыптасу үшін, музыкалық білімінің орны ерекше. Сондықтанда қос бірдей оқу орнын тәмамдаған жайым бар. Әуелі Шымкент музыкалық училищесін оркестр жетекшісі, кейіннен Ал-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтыныңэстрадалық үрмелі аспаптар факультетін оркестр жетекшісі және дирижеры мамандығы бойынша бітірдім. Ең алғашқы еңбек жолымды 1984-1985 жылы Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы Қазақ музыкалық драма театрында музыка өңдеуші ретінде бастадым. Осында аз ғана уақыт шыңдалып, 1985 жылы  Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы “Экспресс” халықтық ән-би ансамблінің музыкалық және көркемдік жетекшісі қызметке орналастым. Вианың негізін қалаған Махмуд Ауезов ағамыз ансамбльдің жетекшілігін маған сеніп тапсырды. Екі-үш жыл ішінде бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Яғни, ансамбльдіңшығармашылық  және  музыкалықдеңгейін  көтере  отырып, 1988жылы  «Халықтық»  ән-биансамблі  атағын алдық. Оған қоса, осы жылы Алматы  қаласында  өткенвокальды-аспапты  ансамбльдердің  «Жастардауысы»   атты  республикалықсаяси  әндер  байқауында өзім жетекшілік еткен  «Экспресс»ансамблі  лауреат  атанды. Кейіннен 1990-1997 жылы аудандық мәдениет үйінің директоры және аудандық Мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыройлы атқардық. Осы уақыт аралығында әлгінде өзің айтқан мәдениет үйі жанынан «Жаңаша» ойын-сауық отауы мен жастардың  «Хит-Топ-Шоу» бағдарламасының өмірге келуіне ықпал еттік. Шынында тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда мәдениет саласын басқару жеңіл болмады. Себебі, елдің әлеуметтік тұрмысы енді тіктеліп жатқан кез еді.
Өзіңізге белгілі, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында әрбір перзенттің кіндік қаны тамған туған өлкеге қолдан келген көмекті жасау керектігі жөнінде айтылды. Осы орайда, «Туған жер» дегенде көз алдыңызға ең бірінші кезекте не келеді? 
Әрине, Қарт Қаратауды бойлай орналасқан киелі Құттықожаның әрбір сайы мен қырқасы, өзені мен бұлағы жастық шақты еске түсіреді. Шіркін, туған өлке қашанда ыстық. Себебі, ауылда абыз ақсақалдар мен ағайын-жұрағат бар. Туған өлкеге деген сағынышымды жеткізіп, 2013 жылы “Құттықожа ауылым — құт мекенім” атты ән жазып, әннің тұсаукесерін Құттықожа ауылында өткіздім. Ән кешіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әнші, композитор Жеңіс Сейдуллаұлы қатысып, өнер көрсетті. Сондай-ақ осы жылы аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов т.б. эстрада жұлдыздарының қатысуымен “Туған жер” атты ән кешін өткіздік. Бұлда болса, елге деген рухани тартуым. Және де балалық балғын шағым өткен “Құттықожа” ауылының кіре-беріс жеріне “Құттықожа ауылы” белгісін орнатып, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алдым. Жырақта жүрсекте, ел үшін еңбектенудеміз. Бірер жыл бұрын әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеевтің 65 жылдығына орай «Сағынып жүрші» атты еске алу ән кешін ұйымдастырдық. Әрине, жомарт болу үшін, үлкен кәсіпкер болудың қажеті жоқ. Тек, елге, жерге деген сүйіспеншілік мол болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Жаңақорғанға деген құрметім қашанда жоғары.
Аға, жеке шығармашылығыңызда не жаңалық бар. Сазгер ретінде жазған әндеріңіз кімдердің репертуарынан орын алуда?
– Өнер адамы болғаннан кейін үнемі ізденісте жүреміз. Елмен етене араласып, халық алдында есеп беруді де ұмытпаймыз. Жыл басында 55 жас мерейтойыма орай, әрі халықаралық әйелдер мерекесімен сабақтастырып «Гүл сыйлайық – Анаға» атты жеке шығармашылық ән кешімді өткіздім. Оған қоса, өткен жылы Жаңақорған ауданы әкімдігінің  ұйымдастыруымен өткен Республикалық сазгерлер байқауында “Жаңақорғаным — алтын бесігім!” атты әнім 2- орынға ие болды. Ал, әндеріңізді кімдер орындап жүр деген сауалға келсек, өте көп. Көбіне Қазақ эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова, Кеш-Ю, Азия, Меломен топтары орындап жүр. Одан бөлек, белгілі ақындар Серік Тұрғынбеков, Мұқағали Мақатаев, Шөмішбай Сариев, Қадыр Мырзалиев, Ибрагим Исаев, Абдрахман Асылбеков, Иран Ғайып және т.б. жас ақындардың өлеңдеріне жазылған   100-ден аса әндерім Қазақ радиосы және телебағдарламаларда әнсүйер қауымға ұсынылып келеді.
Жалпы осы әндеріңіз ішінде, патриоттық бағыттағы туындылар қаншалықты басым? Себебі, бүгінде  өскелең жастар бойына патриоттық сезімді молынан сіңіру жайы жиі көтерілуде?
Шыны керек, патриоттық бағыттағы әндерім жетерлік. Басым бөлігі халық ықылысына бөленіп, оң бағасын алып жүр. Өтке жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Сарбаз әндері” атты  бірінші Республикалық әскери патриоттық ән байқауында “Әскер түрлері және саптық әндер” номинациясы бойынша “Танкішілер әні” атты туындым І-орынға ие болды. Және де Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген  ән байқауында“Қазақтың Бауыржаны” атты әнім лауреат атанды. Оған қоса, Ел Ордамыз Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген “Ән жүрегім Астана” атты байқауда “Бақ қалам менің — Астана” атты әнім үздіктердің қатарынан табылды. Осы тұста айрықша атап өтерлік екі әнім жоғары деңгейде мараптқа лайықты деп танылды. Алғашқысы, сәл еретерек яғни, 1997 жылы Марат Сақатовтың сөзіне жазылған Жастық жігер” әнім Қазақстан Жастар Одағының әнұранына айналды. Және де «Азиада алауы» атты әнім 2011 жылы 7-қысқы Азия ойындарының әнұранына ұсынылған үздік 10 әннің қатарына енді. Бұлда болса, үлкен мәртебе.
Аға, соңғы сауал болсын. Жапон халқында «балықшының баласы, ау ұстайды» деген нақыл бар екен. Сіздің де отбасыда өнерге бейім ұрпақ өсіп келе жатқан шығар?
Қос көзімінің қарашығындай болған ұлым Ернар мен қызым Каусар басқа саланы таңдады. Өнерге мүлдем қатысы жоқ. Яғни, экономика саласы. Ең бастысы –Алла тіл-көзден сақтап, еліне елеулі, халқына адал қызмет ететін патриот болып өссін.
Сөз соңында, барша жаңақорған жұртшылығын, еліміздің айшықты мерекесі, 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз Мәңгілік болсын!
Рахмет аға сұхбатыңызға
Әбдісамат ӘБДІШ
20 сәуір 2018 ж. 1 910 0