№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тұлпардан жүйрік жыр-жүрек

Тұлпардан жүйрік жыр-жүрек


Сазгерлік пен ақындықты қатар алып жүрген Уәли Ибрагимовтың есімі Жаңақорған жұртшылығына жақсы таныс. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – деп соғады жүрегіміз» атты облыстық онлайн жазба ақындар байқауында бірінші орынды иеленді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерін арнайы құттықтап барып, әңгімеге тарттық.


– Ақындық өнер – сөз өнерінің аса қадірлі әрі қасиетті саласы. Өзіңіз қатысқан жазба ақындар айтысы жайында әңгімелеп берсеңіз.
– Биылғы жылы бәрі онлайн форматта өтіп жатыр ғой. Осындай үлгіде Арал өңірінде 45-65 жас аралығын қамтитын облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап, «Тәуелсіздік – деп соғады жүрегіміз» атты осы облыстық жазба ақындар мүшәйрасына өнердегі досым Нұрлан Жәпеков екеуміз қатысуды жөн көрдік. Дегенмен, бір күн қалғанда Нұрлан біздің ауданның атынан менің жеке дара қатысқанымды жөн көретінін айтты. Сонымен тәуекел етіп, «Тәуелсіздіктің алауы» атты өлеңімді жібердім. Нәтижесі жаман емес, жүлделі орынға ие болдым.
– Ақындық өнер бойыңызға тегіннен-тегін дарымаған ғой. Қанмен келген өнер ме?
– Әлбетте, қанмен келді. Әкем өте сөзге шешен, суырып салма ақын болаты. Әкемнен маған, менен балам Шоқанға дарыды. Баламды үлкен деңгейдегі ақын деп айта алмаймын. Десе де, кейбір жырдан жұқа көрпе жамылып, мәнсіз-мағынасыз өлең жазып жүргендерден әлдеқайқа жоғары, қалыңдау көрпе жамылған, қазақтың сөз өнерін жан-тәнімен түйсінетін жан. Ал, немерем Уәли Азиз де өнердің ауылынан алыс кетпеді. Өзі өте талантты, менің атымды шығарып жүр. Жақында ғана өткен республикалық зияткерлік олимпиадада жеңімпаз атанды. Осы немеремнің жеңісінен қуат алдым ба, шабыт алдым ба, биылғы жылы жаман басталған жоқ.
– Сіз көп жылдан бері Манап Көкенов атындағы мектепті басшылыққа алып, шәкірт тәрбиелеп келесіз. Қазіргі айтыс өнерінің хал-ахуалы қалай?
– Жылдың басында Мұхтар Ниязовпен шеберлік сабағын өткізсек деген едік. Сол ниетіміз түзу екен. Ауданға кездесуге келгенде, жас ақындармен шеберлік сабағын өткізіп алдық. Оның өзі біздің балаларға үлкен шабыт берді. Әйтсе де, әңгіменің ашығы Әбілқайыр Сыздықов аталмыш саладан қол үзгелі айтыс өнері ақсап тұр. Аймағымыздағы ақындық өнерін сөз еткенде ең алдымен, Манап Көкеновтің есімі ойға оралады. Оның ізін жалғаған Әбілқайыр Сыздықовтың дара жолы кейінгі буынға үлгі іспетті. Осыдан 3-4 жыл бұрын Әбілқайырмен сөйлесіп, осы мектепке егелік жасауына қолқа салдым. Әлі де ойланып жүр, келеді деген үмітіміз бар. Мен суырып салма ақын емеспін, жазба ақынмын ғой. Мен де қолымнан келгенше білгенімді үйретіп, дұрыс жол көрсетуге барымды салып келемін. Жаман емес, айына 2-3 іс-шара өткізіп тұрамыз. Республикалық деңгейде қаншама байқаулар болып жатыр. Солардың барлығында да біздің баптап отырған өрендеріміз жүлделі орындар алып, болмағанда алғыс хат алып жатыр.
Жалпы, ақындық – табиғи талант болғанымен, үнемі ізденісті қажет етеді. Поэзиялық кітаптарды көп оқып, өлеңді өрістетудің, ойды жеткізудің түрлі тетігін меңгеру қажет-ақ. Кітаптан алшақтай бастаған заманда жас буынға ізденістің жолы үзіліп бара жатқандай. Дара тұлғаларға арналған мүшайраларға дайындық аздығынан тұлға туралы танымы төмен болуы да ойланатын жағдайға айналды. Мәселең, табан астынан сұрақ қойсаң, тұлғаның туған жері, шығармалары, кітаптарының атауын білмей аңтарылып қалатындарды жиі кездестіреміз.
– Өзіңіз түрлі ортада, кездесулерде Манап ақынды жиі еске алып, әдемі естеліктер айтып отырасыз? Өміріңізде үлкен маңызға ие тұлға секілді...
– Шындығында Манап ақын суырып салып та, жазып та айтысудың озық мектебін қалыптастырушының бірі әрі бірегейі ғой. Ақын Манап – әр сапардан оралғанда, сағына күткен егіншілер мен малшылар қауымына үгітші, насихатшы қызметін пайдалана отырып лекциялар мен баяндамалар жасайтын еді. Сондықтан ол – үгітші, ол-ақын, ал - айтыс ақыны, ол – домбырашы, ол – актер, ол – кітапханашы, ол – фольклоршы, ол – этнограф, ол – психолог. Өйткені, ол айтар сөзін, көрсетер қызметін еңбеккерлердің қас – қабағына, көңіл-күйіне қарап саралайды. Талантты Манаптың сан қырлылығына тамсанған
Ә.Тәжібаевтің «Манаптың бір өзі – бір театр» деген сөзінің өзі ақын өнеріне берілген үлкен бата емес пе еді?! Ілгерідегі айтыскерлердің дәстүрінде, ең бірінші ауыл арасындағы той-жиындарда, шілдехана, келін түсіру, қыз ұзату секілді елдің басы көп құрылған жерлерде айтысып, көзге түсіп, елдің ілтипатына, халықтың қолдауына ие болып, ақын атағын алатын еді. Сонан соң барып үлкен додалы айтыстарға түсіп, елінің, қауымының намысын қорғайтын болған. Қазіргі айтыс ақындарының көбісі елдің сынынан өтпей-ақ, ауыл арасында өлеңші дәрежесінде жүріп-ақ үлкен сахнаға шығып жатады. Мұндай жайлар айтыс өрісінің өркендеуіне кері ықпалын тигізері анық.
– Қазір мектепте қанша шәкірт тәрбиеленіп жатыр?
– 14-15 ке жуық шәкірт тәрбиеленіп отыр. Жиырма төрт ауылдық округтерден 7-8 ден ақындық өнерге жақын балалар бар. Байқап қарасақ, ауданымызда соңғы уақыттарда дарынды жас ақындар толқыны қалыптасып келеді. Мұны облыстық, республикалық додаларға қатысып бақ сынап жүрген жастардың қатарынан аңғаруға әбден болады. Жазба ақындыққа біразы ысылып, қара өлеңнен қатар түзуге жарап қалыпты. Мүшайраға жиі қатысып, өзінің талабын байқатып жүр. Осы тұста бір нәрсені айта кетейін, кезінде Манап Көкенов пен Есіркеп Қоңқабаевтың өздері жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, газет беті арқылы бір-бірімен айтысып отырған. Солай уақыт өте келе шыңдалып, суырып салма ақындыққа бет бұрған ғой.
– Бұл бір әдемі дүние екен. Неге қазіргі жас буындар осылай біздің төл газетіміз арқылы бір-бірімен айтысып отырмасқа. Қарапайым халыққа үлкен рухани азық болар еді.
– Дұрыс айтасың, бұл бір өнегелі іс қой. Осыдан 2-3 жыл бұрын Аманбай Өтебаев пен Нұрлан Жапековтың ортасында осы газет арқылы айтысу үрдісі басталған еді. Кейіннен аяқсыз қалып қойды. Енді жас ақындар арасында қайтадан қолға алсақ деген ойымыз бар. Осы бағытта киелі сөз өнерін бойына қондырып, ізденісін арттырып жүргендер баршылық. Кей ақындарымыз бір мүшайрада орын алмадым деп, келесі додаға келмей, қарайып қалатыны бар. Ақын болу – бәсекелесу емес, өзгенің қателігінен сабақ алып, тәжірибе алмасу. Сондықтан өрге ұмтылған өрендер өлеңнен қол үзбегені дұрыс.
– Дұрыс екен, сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Өмірдің әр сәтінен сабақ алу. Жүрекпен жұмыс жасап, әр істеген ісіңнен нәтиже шығару. Ал шәкірттеріме үнемі «Талант бір пайыз, қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деп айтып отыратыным тағы бар. Әке-шешеден көрген тәрбиеміз болар, өз еңбегімізге сыйынып, биікке жетсек дейміз. Ең бастысы, алдымда отырған болашақ өнер жұлдыздарынан сана сезімі, мәдениеті жоғары тұлға қалыптастыруды басты парыз тұтып келемін.
– Әңгімеңізге рахмет. Келешек мұраттарыңызда биік мінберден таныла беріңіз.

Сұхбаттасқан Әсел РЗАЕВА

06 мамыр 2021 ж. 7 918 0