Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Өмірден түйгенімді кітап еткім келеді»

«Өмірден түйгенімді кітап еткім келеді»

«Қазір тоқшылық заман. Технология қарыштап дамығанымен адамдар арасындағы қарым-қатынас әлсірей түсті. Қария ретінде осы жағдайға сергек қарап, немере-шөберелеріме бір-бірін сыйлаудың, сенудің парқын түсіндіріп жүрмін» дейді ел ағасы Айдар Әуезбек. Ақсақалмен «Сенбілік сұхбат» алаңында қоғамдағы өзекті мәселер жайында сөз өрбіттік.


– Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе – ажырасу. Мұның себеп-салдары неде?
– Дұрыс айтасыз. Жастардың ажырасуына алаңдап отырмын. Оның артында бейкүнә сәбилердің тағдыры тұр. Енді оның себеп-салдары көп. Ең бастысы, қоғам­да ерлердің беделінің төмен­дегені. Сосын әлеуметтік мә­се­лелердің толық шешілмеуінің әсері бар. Нарықтық қатынас құн­дылық­тар­ды өзгертті. Мұның да ықпалы бар.
– Жаңа ер азаматқа бай­ланысты дедіңіз. Сонда бүгін­гінің ерлері қандай болу керек?
– Ер – шаңырақтың егесі, елдің тірегі. Бағзы заманнан солай. Бірақ нарыққа әйелдер епті болып шықты. Бүгінгінің ерлері отбасына тұтқа болып, ұрпағына тәлімді тәрбие, саналы білім сіңіре алуы тиіс.
– Елді алға сүйреуде басшы­лардың орны биік. Жалпы басшылар қандай болуы тиіс?
– Әрине, жақсы басшы елге құт. Ең бірінші, басшы өзінің өнегелі ісімен елдің бірлігін арттырып, татулығын жарастыруы тиіс. Яғни мәдени-рухани құндылыққа баса мән бергені жөн. Осындайда Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегені ойға келіп тұр. Айтайын дегенім, халықтың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайымен бірге, идеологиялық құндылықтар дұрыс дәріптелуі тиіс. Онсыз қоғам жолынан жаңылады, ада­сады. Мәселен, біздің әкім Руслан Рүстемұлын жоғары бағалаймын. Үнемі қариялардың сөзіне құлақ асып, ақылдасып, көрегендік танытып келеді. 2015-2016 жыл­дары ауданды басқарған кездері маған құттықтау хатын берген еді. Осы сыйлығын жоғары бағалап, көрнекті жерге іліп қойдым.
– Енді өзіңізге тоқтала кетсек, балалық шағыңызды жиі еске аласыз ба?
– Әрине, бізді ерте есейткен, қанатымызды қатайтқан тағдырды қалай ұмытамын. Қиындығы мен қызығы мол бала күнімде болған оқиғалар бір кітапқа арқау болады. Сауатымды ауылда ашқаныммен, 4-9 сыныпты Жаңақорған кентінде оқуға тура келді. Әдепкіде Қалдан әпкемнің үйіне жатып, кейін №3 мектеп-интернатта жатып оқыдым. Ана көңілі әркез алаң ғой, «балам интернаттың өміріне сіңісе қояр ма екен?!» деп уайымдайтын. Бірақ ортаға тез үйреніп, сабаққа ден қойдым. Жетінші сыныпты оқып жүргенде әпкем мен жездемнің үйінде жүргенмін. Жездем бір мекемеде беделді еңбек ететін. Түстенуге келген жездем: «Айдарға машинадағы туфлиді әпер, әжетіне кисін» деген еді, әпкем неге бұлданғанын білмедім. Сол брезент туфлиді маған қимады. Сол бала күнгі реніш есімде қалыпты.
Анам Тұрғаш Палымбетқызы өте еңбекқор, құймақұлақтың өзі еді. Кімнің кімге қандай туыс болатынын, өңір тарихын жиі айтып отырушы еді. Бала болғандықтан мәнін терең ұқпасақ та зейін қойып отырушы едік. Бүгінде сол сабақтастықтың ізін суытпай, өз ұрпақтарыма ел шежіресін айтып, есімде қалған тарихты қағазға түсіріп жүрмін.
– Естелік кітап жазып жатыр екенсіз? Мақсатыңыз қандай?
– Өткеніме ой жүгіртсем, қан­шама оқиғаларға куә болып­пын. Жадымда қалған жар­қын күндер туралы, көрген-білгенімді, ойға түйгенімді қағазға қаттап жүрмін. Бәлкім, кейінгі ұрпақ жоғын түгендегенде бір қажетіне жараса, текке уақыт жоғалтпағаным.
– Бала қымбат па, немере қымбат па?
– Шүкір, ұл-қыздарым да, неме­релерім де елге абыройлы еңбек етуде. Қайсарым ветеринар дәрігер, Асқарым «Ана мен бала» облыстық орталығында дәрігер, Мұхтарым УЗИ аппаратының бі­лікті маманы, Шалқарым Жаңа­қорған аграрлы-техникалық кол­лед­жінде инженер, Алтынайым жеке кәсіпкер, Жұлдызайым зей­нетақы қорында есепші. Ата-анаға барлық перзент бірдей ғой.
– Немерелеріңізге ертегі жиі оқисыз ба?
– Әр жексенбіде шамам кел­ге­нінше батырлар жыры мен ертегілер оқып, өз ойымды сабақ­таймын. Қазір ақпараттық технология заманы, олар интер­неттегі аудиоертегілерді жиі тыңдайды. Ұнағанын не түсінбеген тұсын бізден сұрап жатады.
– Соңғы оқыған шығар­маңыз?
– Ел шежіресіне ден қойған­дықтан, тарихи жерлердің аңыз-әңгімесін көп оқыдым. Сонда осы өңірде өмір сүрген Жанай деген батыр туралы ел аузынан жазылып алынған мәліметті оқыдым.
– Туған елдің түлегі ретінде сізді қандай мәселелер тол­ғандырады?
– Ел арасында құр байбалам салып, халық арасындағы бірлікке іріткі салушылар бар. Қазіргі уақытта дауласуды тыйып, ел мүддесіне мойын бұру маңызды. Төле бидің «Денсаулық – керек, білім – керек, әділдік керек. Осы үш керекке бірлік керек» деген өсиеті бүгінгі қоғамның басты ұранына айналса, әлемді дендеген індеттен де, одан үлкен қиындықтан да, аман-есен өтеріміз анық.
– Қандай арманыңыз бар?
– Мынау коронавирустан еліміз аман-есен еңсеруін тілеймін.
– Өмірден не түйдіңіз?
– Алла адамның пейіліне қарай береді екен. Басыңа қандай іс түссе де, оның бір құпиясы бар, артында қайыры бар. Сабыр жеңіске бастаса, тәубешілік тағ­дырыңды тұрақты етеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Мақпал МАРҚАБАЙ

07 қазан 2020 ж. 6 635 0