» » » Бала денсаулығының сақшысы

Бала денсаулығының сақшысы

«Өмірде орнын тапқан азамат – мамандығын дұрыс таңдаған адам» деген тәмсілді Кенжеқыз Қалыбаеваға қарата айтуға болады. Ұрпақ саулығы үшін қызмет ететін балалар неврологын «Сенбілік сұхбатқа» шақырып, әңгіме тиегін өмірден түйген ақтарып, ойлары, көзқарасы турасында білдік.
Бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Содан болар жасөсіпірімдердің сау­лығы қоғамның басты назарында. Мұның жауапкершілігін ширек ға­сыр­дан астам өмірін балалар жүйке жүйесі ісіне арнаған білікті дәрігер жақсы түсінеді. Ісіне адалдығы оны өзгелерден ерекшелеп те келеді. 2019 жылы Денсаулық министрінің «Денсаулық саласына сіңір­ген еңбегі үшін» медалін алуы соған дәлел. Одан бөлек, екі жыл қатарынан облыстық, аудандық «Үздік дәрігер» номинациясымен марапатталды.
Дәрігерді марапаттарымен құт­­­тықтап, жемісті қызметтің сы­рын сұрадық.
– Жетістікті әркім әр түрлі қабылдайды. Көп ақша, әдемі үй, қымбат киім, саяхат жасау тағы сол сияқты сыртқы белгілерді жетістік деп ойлайды. Енді бірі қызметте көтерілу, мемлекеттік марапаттарға ие болуды жатқызады. Мен үшін жетістік – әрбір емделушіге ем қонып, ауруынан құлан таза айыуы, – деп бастады әңгімесін ол.
– Медицина саласына қалай келдіңіз?
– Бала кезімнен дәрігер болуды ар­мандадым. С.Асфендияров атындағы меди­цина университетінде педиатор мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды аудандық емханада бастадым. Дәрігер болу адам өміріне жауапты мамандық бол­ғандықтан үнемі оқу, іздену, тәжірибе жинақтау маңызды саналады. Осындай жауапкершілік балалар неврологы болуға жол ашты. Міне, содан бері ұрпақ саулығы жолында жұмыс жасап келе жатқаныма отыз бес жылдан асты.
– Дәрігер еңбегінің бағалануын қалай түсіндірер едіңіз?
– Әуелі өзіне артылатын жауап­кершілік жүгі ауыр екенін түсіну керек. Адамның басты байлығы – оның саулығы. Дәрігердің еңбегі осы аталған жайт орындалғанда ғана жақсы нәтиже береді. Жетістікке жету жолын сөз еткенде дәрігердің қолы шипалы, жүрегі кең болуы керек. Адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан, бүкіл күшіңді, біліміңді салып, дені сау ұрпақты қалыптастыру әр дәрігердің асыл міндеті. Осыны өмірлік ұстанымыма айналдырдым.
– Тәжірибесі мол білікті маман ретінде осы күні балалар ара­сында жиі кездесетін ауру түрлері жайлы айтсаңыз?
– Балалармен жұмыс жасаудың өзіндік қиыншылықтары да бар. «Дені сау бала – дені сау ұлт» демекші, міндетім балалардың денсаулығына жауапты маман болғандықтан селқос қарауға мүлдем болмайды. Медицина саласында ұлт байлығы – балалардың өмірі бөлек тақырып. Қазіргі туылған балалардың 70 пайыздан астамы түрлі аурумен туылады. Көбіне сәбилер туа бітті жүрек ақауымен туылса, мидың зақымдануымен екінің бірі дүние есігін ашуда. Мидың ішінде су жиналу, туа бітті өкпе ауруы мен сөйлеу қабілетінің төмендігімен туылған балалар да ауданымызда көптеп кездеседі. Олармен жұмыс жасау емдік шараларын жүргізу менің міндетім болса, ары қарай логопед, невропотолог және психологтар біріге жұмыс жасайды. Осы аталған мамандар жұдырықтай жұмылғанда ғана дені сау ұрпақ қалыптастыруға үлесімізді қоса аламыз.
– Қазір балалардың денсаулығы әлсіреп кеткені шындық. Қандай шаралар қажет?
– Бала дәрігері болудың бақыты бөлек. Болашағын ойлаған ел балаға жағдай жасайды. Осы ретте ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан ел үлкен үміт күтеді. Басты байлығымыз бала үшін аянбай жұмыс жасап келе жатқан денсаулық саласы мамандарының жұмыстарын да жоққа шығаруға болмайды. Нәтижелі ем-дом алу барысында ауруынан құлан таза айыққан емделушілеріміз де бар. Сондықтан бала денсаулығы әлсіреп кетті деген тұжырыммен толығымен келісе алмаймын. Дегенмен жүкті әйел дәрумендерді қолданып, табиғи тағамдарды тұтынғаны абзал. Дене қозғалысын арттырып, салауатты өмір салтын ұстанғаны жақсы. Сонда дені сау ұрпақ дүниеге келеді...
– Кішкентай баламен тіл та­бысу да оңай шаруа емес, осы тұр­ғыдан келгенде балалар дәрі­герінің бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Өзі ауырып отырған баламен тіл табысу әрине, оңай емес! Әсіресе бес жасқа дейінгі балалар ақ халат киген дәрігерден қорқады. Сондықтан біз ең алдымен ата-анасымен тіл табыса білуіміз керек деп ойлаймын, ол кісілерге дерт туралы, сондай-ақ алдымызда тағы да қандай зерттеулер күтіп тұрғаны жөнінде мағлұматты түсіндіру маңызды. Кейбір кішкентай емделушілеріміз бәрін қалт жібермей қадағалап, әрбір эмо­циямызға мән беріп отырады. Өте сезімтал келеді. Сондықтан ата-анамен психологиялық тұрғыда дұрыстап сөйлесу керек-ақ. Сонда ғана әрекетімізге, жылы сөйлегенімізге қарай кішкентай емделушіміз де бізге қарай жақындай бастайды.
– Баланың денсаулығына ата-ана жауапкершілігі жайын­да не айта аласыз?
– Ауырып тұрған баланы дер кезінде емдесе, оның денсаулығы тез жақсарады. Өкінішке орай көптеген ата-ана өз бетінше емдеуге әуес. Мәселен, бала жөтеліп тұрса интер­неттен қарап немесе дәріханаға барып «баламның мына жері ауырып тұр еді» деп, дәрі-дәрмек алып, өздері емдей бастайды. Сосын ауруы әбден асқынғаннан кейін бізге әкеледі. Кейде ауру асқынып, созылмалы түрге айналып жатады. Осындайда ата-ананың жауапкершілігіне қайран қаламын.
– Осы жөнінде оқырман­дары­мыз бен ата-аналарға қан­дай кеңес бересіз?
– Жалпы ата-аналарға берер кеңе­сім, ауруды басуды емес, оның алдын алуға көп көңіл бөлу керек. Алғаш ауру белгі берген кезде білікті мамандарға апарып көрсетуге көңіл бөлген жөн. Егер балаға нақты диагноз қойылып, дер кезінде ем алса, ауруы созылмалы болмайды. Әрбір бала бөлімшелік дәрігерде тіркеуде тұрады. Дені сау баланың өзін үш айда бір рет дәрігеріне қаратып тұру керек. Өйткені ата-анасы байқамаған, жаңадан басталып келе жатқан ауру белгісін дәрігер байқауы мүмкін.
– Сіз үшін өмірдің ең басты құндылығы неде?
– Мен үшін өмірдегі басты құн­дылық өз науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру. Өзім бір кездері емдеген адамдарды кездестіріп, олар алғысын жаудырған сәттегі қуаныш сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Олардың кейбірінің есі­мін білмесем де, арнайы келіп аман­дасып, әр күнгі ісіме сәттілік тілеп жататындары да бар. Мені нағыз дәрігер қылған осындай өмір сабақтары.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Лаура БИБАСАРОВА

06 маусым 2020 ж. 3 161 0