№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЫНТЫМАҚҚА ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

ЫНТЫМАҚҚА ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-күні басталатынын мәлімдеді. Бүгінде барша мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамы әлемдік деңгейдегі мәртебесі биік мереке ретінде аталып өтеді. Елімізде Құрбан айт мерекесі жыл сайын бұқаралық сипатта, халықтың белсенді атсалысуымен өткізіліп келеді. Осыған орай, барша мұсылманның ұлық мейрамы қарсаңында Жаңақорған ауданының бас имамы Садулла қажы Омаровпен тілдестік. Құрбан айттың қадір-қасиеті мен құрбандыққа қандай малды шалуға болатынын және өзге шариғи үкімдерді имамның сөзінен жазып алдық. Бас имам әуелі аудан тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтады.

– Бірінші кезекте барша жаңақорғандықтарды Қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Ұлық мейрамда Жаратқанның разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, бұқара шат-шадыман қуанышқа бөленетін күн. ҚМДБ мәлімдегендей, биыл астрономиялық тұрғыдан айдың тууы 1-тамызға сәйкес келді. Ал 2-тамызда зулхиджа айы басталды. Енді 11-тамызда Құрбан айт мерекесі басталады деген сөз. Бұл күннің ұлықтығы сол – адам баласы осы күні өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Асылы «құрбан» сөзі араб тілінен аудар­ғанда, «жақындау» мағынасын береді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал, – деді Садулла Сүннетуллаұлы.
Иә, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді екен. Онда кісінің ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, басқаларға жана­шырлығы таразыға түседі. Оған қоса, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарт­тығы сыналатын күн.
Айта кететіні жыл сайын кенттегі орта­лық алаңда Құрбан айт мерекесін тойлау жал­пыхалықтық сипат алып, әсіресе балалар мәз-мейрам болып, ұлық мейрамның ұлықталуы жоғары деңгейде атап өтілуде. Бас имам биыл да осы игі үрдіс жалғасын табатынын жеткізді.
– Күні кеше ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақме­шіт-Сырдария» орталық мешітінде Сыр имам­дарының алқалы басқосуы болып, Құрбан айт мерекесіне дайындық барысы пысықталды. Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмаларын таныстырып, ұлық мерекені кең көлемде атап өтуді жүктеді. Оған қоса, «Мектепке жол», «Ел үлесі пәтерге» республикалық қайы­­рым­дылық акциясына имамдардың үлес қо­суы, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, жалғызбасты аналарға барынша көмектесуді тапсырды.
Құрбан айтта жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластығын арттыруға бастамашы болуға қарекет жасаудамыз. Сондықтан кенттегі аудандық орталық мешіт, «Қум сахаба», «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің жамағатынан құралған «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті жастарымен бірлесіп, кең көлемде аталып өту жоспарда бар. Өйткені, бұл жалпыхалықтық мереке.
Яғни кішкентай жас өрендерімізді орталық алаңға апарып, мерекелік көңіл күй сыйлай білсек, өскелең ұрпақтың бойында Құрбан айтқа деген ізгі көзқарас қалыптасады. «Береке үлкендерде» демекші, айттың бірінші күні таңғы тоғыздан бастап орталық алаңда киіз үй мен арнайы жайлар бой тіктейді. Ел ағалары мен зиялы қауым өкілдеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, және жалпы халыққа құрбандық малынан дастархан жайылады. Оған спорттық шаларар мен балалар ойындары ойнатылады. Оларға арнайы сый-сияпат бар. Ал бүлдіршіндерге «Жеңіс» саябағындағы ойын алаңқайларын бір күнге тегін ойнатуға кәсіпкерлермен келісіп жатырмыз. Және тегін такси жүргізу жайы да жоспарда бар. Ең бастысы – мұның барлығы да аталмыш үш мешіттің жамағаты мен жергілікті кәсіпкерлер қауымының қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асады, – деді ауданның бас имамы.
– Енді құрбандық тақырыбына ойыссақ. Шариғи шарттар бойынша құрбандық шалу кімге міндет?
– Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы және Құрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал», – десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!» – деген.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
– Көпшілік арасында мекемедегі ұжым­мен бірлесіп, яғни 15-20 адам бірігіп, не әр жылғы тумалар 10-15 бала бірігіп, қошқар сойып жатады. Шариғат бұған не дейді? Жалпы бауырлар бірігіп құрбан шалуға бола ма, және нені ескерген жөн?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Құрбандық шалған кезде мына жәйттарға назар аударған жөн. Ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!
Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн.
– Шалынған құрбандықтың етін тұрмысы тұралаған және әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларына таратып жатады. Жалпы кімдерге таратқан абзал?
– Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсын өзіне жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін – садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
– Соңғы сұрақ. Құрбан айттағы тазалық мәселесімен түйіндесеңіз...
– Расында құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қал­дырмай жиып-теруді құнттаңыз. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Сонымен қатар құрбан шалушылардың қаперіне ысырапқа жол бермеу керектігін сала кеткіміз келеді. Малды бауыздап тек оның етін ғана алып қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын және басқа ағзаларын таза­лап алу керек. Оның бір түйір еті де ысырап болмағаны игі. Ысырап етуді Алла тағала жек көреді.
Айта кететіні, Жаңақорған ауданында Айт намазы 11-тамыз күні сағат 06:30-да оқылады.
– Рахмет, сұхбатыңызға.

Әбдісамат ӘБДІШ
06 тамыз 2019 ж. 1 082 0