Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтып, мәдени сабақтастықты арттыратын уағдаластық арқасында мазмұнды мәдени-рухани шаралар өткізілуде. Соның бір айғағы, жерлесіміз, «Түркістан қаласының құрметті азаматы», қарымды қаламгер, драматург Жолтай Жұматтың екі бөлімді, бес көріністі «Мұңмен алысқан адам» атты драмасын осы айдың басында Ташкенттегі «Хамза» атындағы Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында сахналанды. Оны Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы сазды драма театрының әртістері сахналаған болатын. Бұл қойылымды өзбекстандық ағайындар ыстық ықыласпен қабылдап, ризашылығын білдірген еді. Осы театр ұжымы өткен аптада аталмыш спектакльді киелі Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтіметов атындағы драма театрында қойды. Жақсыны көрмек үшін деп бізде арнайы барып көріп қайтқан едік.

Жерлесіміз Жолтай Жұмат-Әлмашұлының екі бөлімді, бес көріністі «Мұңмен алысқан адам» атты драмасы бұл тағдыр тауқыметімен атажұрттан жырақ кетіп туған жеріне жетуді аңсаған Асан қарияның жат елден жұмақ тапқанымен, сағыныш меңдеген жүрегі сабыр таппаған сәтімен бастау алады. Спектакльдің бірінші бөліміндегі оқиғалар Францияның бір қаласында өтсе, екінші жартысы Қазақстанда өрбиді. Спектакль оқиғасы осы Асан абыздың туған елге баруға берік белбайлауына байланысты балалары мен келіндерінің арасында пікірталастан туындайды. Қойылымды көріп отырып, оны ойнаған әртістердің образға кіре алғандығын, оны шынайы болмысымен ойнағандығы көңіліңе күдік тудырмайды.
Әсіресе жүрегінде сағыныш оты маздаған Асан қария рөліндегі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаровтың, бизнесінен өзге ешнәрсеге қызықпайтын тоңмойын үлкен ұлы Марат образын сомдаған ҚР мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов, марқұм анасы Қоңырбүбінің айтқан ертегілері мен батырлар жырына сусындап өсіп, өзінің Қазақ деген ұлы халықтың перзенті екендігін енді сезініп жүрген Елжанның (әртіс Нұрлыбек Кенжеахметов) әкесін қолдауы, және олардың келіншектері Эльция (актриса Әсел Шәкіржанова), Маржанның (актриса ҚР мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова), кекілді бала- немересі (актер Төленді Әлғожин), екінші бөлімде Қазақстанға келгеннен кейін кездесетін тақиялы жігіт (актер Қуаныш Маратұлы) пен мұртты жігіт (актер Асылан Кенжетай) арқылы Қазақстандағы әлеуметтік қайшылықтар билік пен қарапайым халық арасындағы келіспеушілік туралы ой түйесің, салмақтайсың.
Үлкен ұлы Мараттың әкесінің арманын түсінгісі келмейтіні, өзінің қазақ екендігін біле тұра мойындамауы қарияны ойға жетелейді. Қалың ой құшағына бой алдырған Асан қария: – Мен о баста қатты қателескен екем. Шешелерің Қоңырбүбіні сол кезде тыңдасамшы.
Ол айтушы еді. Осы балаларға қазақша тәрбие беруіміз керек. Қазақтың ертегі-жырларын көп оқығаны мақұл. Сонда өз ұлтын сүйіп өседі деп. Мен жас кезде оны тыңдамадым. Маратты француз мектебіне бердім. Қазақтың Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын деген батырлары болғанын естімей өсті.
Сен ес біле бастағаннан Қоңырбүбі өз жанынан бір елі шығармады. Қашан көрсем де саған батырлар туралы дастанды айтып отыратын. Бір жолы ұрысып, «Сен баланың басын әбден қатырдың» дедім. Қоңырбүбі «Әлі көресің, осы Елжан мейірімді бала болып өседі» деді де қоя салды. (кішкене кідіріп барып) Со шіркін бірдеңені білген екен-ау! Мен байқамағанды байқапты, – деген қария – Мен о баста қатты қателескен екем. Шешелерің Қоңырбүбіні сол кезде тыңдасамшы.
Әсіресе Асан ақсақалдың екі ұлының әкенің туған жерге деген сағынышы туралы мынадай диалог өрбиді.
Елжан– Біздің әкей соңғы жиырма жыл бойы іштей күйзеліп, мұңайып өмір сүріп келе жатқанын шынымен-ақ сезбегенің бе! Соны да байқамағаның ба?..
Марат: Әкей неге мұңаяды? Қандай жоқшылық көріп жүр? Көңілі не қаласа, соның бәрін жасадық емес пе!
Елжан: Қарны тоқ адамда мұң болмайды деу өте ұшқары ұғым. Ол мұң – туған топырақты сағынудан туған мұң! Әкей өз ішіндегі мұңмен талай жылдан бері жалғыз алысып келеді.
Марат: Ау, әкей екеуіңнің осы мұңнан басқа айтарың бар ма! (ашулана, екі қолын ербеңдетеді) Сол туған жер... өз елінің азаматын шын қадірлей алатын болса, баяғыда... неге тоз-тоз етіп, бет-бетімен бытыратып жіберді? Неге өз халқына жаны ашымады?
Елжан: Баяғыда-а... қиын-қыстау кез болған. Ол – екі аяқты пенденің емес, сол кездегі қисық саясаттың қателігі.
Марат: Жарайды, ол кезде саясат қателескен екен делік. Ал, одан кейін неге іздемейді? Қай қазақ бауырым еді деп біздің соңымыздан сұрау салды? Асан шалдың ұрпағы бар ма деген кім бар? Жоқ! Іздеген, іздеу салған жан жоқ қой.
Елжан: Кезеңдік саясаттың салқынына бола бүкіл елге, барша жұртқа топырақ шашуға болмайды. Қазақ бәрібір іргелі ел болып қалады. Ел болып жатыр да. Өйткені, ел бастайтын есті жандар өсіп-жетілді. Өзгеге шапағаты тие алатын жақсылар, парасаттылар, көрегендер келді.
Марат: Бар болса болар. Алайда олар маған не көмек істей алады? Елге оралып, «маған көмектес, фабрика ашып бер» десем, қолынан келе ме? Әрине, жоқ. Жаңа жерге барып, істі басынан бастау – өте қауіпті екенін өзің де білесің. Оның аяғы немен бітеді – оны болжау қиын.
Елжан: Әкей бізге көшіңдер, бұл елді біржола тастаңдар деп отырған жоқ қой, мені елге жеткізіңдер дейді.
Марат: (қызбалана сөйлеп)Елде не бар, ойбай-ау! Онда барсақ, турасын-ақ айтайын, әні-міні дегенше, көн етікті көптің бірі болып шыға келеміз. Көп тобырдың біріне айналамыз.. Тіпті аз уақыттан соң бізді бәрі де ұмытады. Франция арманға айналады.
Елжан: Бәрібір елдің аты – ел. Әсіресе, әкейдің арманын орындасақ, ол үлкен шаруа емес пе! Перзенттік парыздың өтеуі, – деп ағасына тоқтау салады.
Осы орайда дана халқымыздың «Іскегіне қарай– піспегі», «Апама жездем сай» деп айтқандай Мараттың әйелі Эльцияның да күйеуінің пікірін қолдауы, ал керісінше Елжанның әйелі Маржанның да өз күйеуінің пікірін жан-дүниесімен қорғауы сені еріксіз мойындатады.
Спектакльдің финалында туған жеріне жеткен Асан қарияның жүрегіне 70 жылдан астам уақыт шемен болып қатқан «Сағыныш» деген мұңлы арманның орындалуын қарт жүрегі көтере алмай, туған жеріне жеткеннен соң небары бір айға жетпей туған жер топырағынан мекен табуы да шындықтан ұзамаған.
Әкесін туған жер құшағына берген Елжан да әйелі Маржан мен балалары да Атамекенде қалуды ұйғарады. Оны оның соңғы эпизодтағы көрерменге қарап тұрып: «Кеудесіндегі кермек мұңмен жалғыз алысқан қайран әкемнің сүйегін өзінің туған жеріне жерлеу үстінде менің де денемді әлдебір түсініксіз сезім буып тұрды. Сол сезім не? Қандай сезім сол? Қасиетіңнен айналдым, қазақ елім! Қандай қисық қылығың болса да, бәрібір сен маған ыстықсың! Қымбатсың! Сосын да сенде қаламын. Мен өзіңмен мәңгі біргемін енді-і... Балам, айтпақшы, кеше Жапониядағы Марат ағаның баласы Пернебек телефон соқты. Ол: «Мен мұнда Қазақстаннан келген бір топ жігіттермен жолықтым, арасында ақылды, көрікті қазақ қыздары да бар, солардың әңгімесін тыңдасам, біздің еліміз өте әсем мемлекетке айналыпты» дейді. Мен сол қазақ жігіттерінің арасындағы бір қызға ғашық болып қалған сияқтымын» дейді. Қалай десе де, Пернебек ақыры өз қанына тарта бастады. Ол қазақ жерінде жұмыс істеуге бел буды. Тіпті анасы Эльция да оның ойын құп көріп отыр. Тек Марат ағам... – деп ағасының да , сол секілді адасып жүрген бауырластарын туған жерге қайта оралуларын тілеп тұр.
Драматург мақсаты да сонда: «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас. Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы. Ел - елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы. Туған жердің қадірін, шетте жүрсең білерсің. Сағынған елін аңсайды, сары ала қаз көлін аңсайды», – деп дана халқымыздың ізгі армандарын байлыққа екі қолын малыған Асан қарияның мұңлы сағынышы арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу болса керек.
Осы орайда біз де өз тарапымыздан қазіргі таңда «қағанағынан жеріген малдай» туған жерінен безініп шетел асып кеткен ұландарымызға «Өзге елде сұлтан болғанша – өз еліңде ұлтан бол», «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, әлі кеш емес ертерек елге оралыңдар, маңдай терің туған жеріңе тамсын дер едік. Өйткені дарақ бір жерде көктейді... Біз де, көрермен де ойда қалдық.
P.S... Спектакль соңынан сахна төріне көтерілген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, драманың авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы мен жергілікті театр ғимаратында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық сазды драма театрының ұжымына жақсы спектакль қойғаны үшін алғыс білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Жолтай Әлмашұлы осы драманы сахналау үшін арнайы ықылас бөлген облыс басшылығына алғысын білдірді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
11 маусым 2019 ж. 1 496 0