№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қара сөзге қасиет қондырған

Қара сөзге қасиет қондырған


Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар көркем сөз өнері – көшпелі ғұмыр кешкен дала сахнасындағы даналарымыздың бізге қалдырған құнды да киелі қазынасы. Осындай ғасырлар үнін қозғайтын, кешегіні бүгінге жеткізу жолында талай тарихтан сыр шертетін, жүйке-тамырды балқытып, шәкірттеріне тіршілік тынысын сездіріп, асқақ мінезімен ортасында абыройға бөленіп жүрген Әлшекей Бектібайұлы атындағы өнер мектебінің Әмір Мәжитов атындағы көркем сөз оқу шеберлік сыныбының жетекшісі Сәбира Әлімбетованың ауданның мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі орасан зор.


Жастайынан жүрегі өнер деп соққан бұрымды қыз 10-сыныпты бітірісімен Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, сахна саңлағы Құдайберген Сұлтанбаевтан тәлім-тәрбие алады. Еңбек жолын аудандық мәдениет үйінде бастап, аудандық радио торабында журналист Кенжебек Әбдімәуленовпен қатар қызмет атақарады. Қос жұмысты қатар алып жүрген жас қыз мұнымен шектелмейді. Оқуын ары қарай жалғастыру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына қайта оқуға тапсырады. Осылайша өмір тіршілік жалғасын тауып, аудандағы Әлшекей өнер мектебіне жұмысқа қабылданып, өзімен жаңа леп ала келеді. Сәбира Бердейбайқызының келуімен өнер мектебінде көркем сөз оқу шеберлік сыныбы ашылады. Алғашында сегіз оқушымен жұмысын бастаған білікті маманның сыныбында қазіргі уақытта 31 бала қара сөзден қамшы салдырмайтын өнерге машықтануда.
– Үш жылдық оқу жылын қамтитын Әмір Мәжитов атындағы әдеби драма көркемсөз оқу шеберлігі сыныбының кіріспесі Хакім Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен бастау алса, екінші жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, жазушы Сәбит Мұқанов, Дүкенбай Досжан, ал, үшінші жылы осы аталған ақын жазушыларды толығымен қайталап, сонымен қатар жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларымен де таныстыру мақсатында аудандық кітапханамен тікелей байланыста жұмыс жасаудамын. Сабағымыз жаңылтпаш айтудан басталады. Осылайша тіл жаттықтырып сабағымыз жалғасын таба береді. Сыныпта топпен жұмыс жасау үрдісін пайдаланып келемін. Ол да болса сабақтың қызықты өтуімен қатар, таланттардың ашылуына септігін тигізеді, – дейді ұстаз Сәбира.
Иә, халық даналығынан бейхабар бала сөз қадіріне жете алмайтыны рас. Қазіргі жаһандану заманында адамзат қоғамын озық технология билеп-төстеп барады. Бір қорқыныштысы – рухани даму артта қалып келеді. Екеуінің арасындағы алшақтық ұлғая берсе, аса зор қауіпке айналатыны белгілі. Сондықтан білікті маман ізденуден еш жалықпай сөз өнерін дәйекті сөздермен, мақал-мәтелдермен кестелей отырып, келешектің патриоттық бағытта өзін-өзі тану бағдарламасы аясында тәрбиеленуіне ден қойып келеді.
Шығармашыл ұстаздың талантты шәкірттері де жетерлік. Атап айтсақ, Әсел Күнтуған Алматы қаласында телеарна саласында, Ақжүніс Әлім театр, ал, Әлмахан Шахмардан кино саласында білікті маман екендерін дәлелдеп жүр.
Ұлағатты ұстаз Халықаралық «Атадан – мұра» байқауында «Үздік ұстаз», Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен «Ы. Алтынсарин» медалімен, Республикалық «Үркер» ұлттық шығармашылық дамыту орталығының «Алғыс хатымен» және «Үздік жетекші» номинациясымен, «Білім–Нұр» республикалық ғылыми-әдістемелік байқауының «Құрмет грамотасымен», Халықаралық «Бейбітшілік Әлемі» Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел мақтанышы» және «Алтын Адам» дипломымен, «Ақ көгершін» халықаралық байқауында «Лучший педагог» дипломымен марапатталды.
Оның шәкірті Әлмахан Шахмардан: Алғаш Сәбира апайымның сыныбында үш жыл алған білімім текке кетпеді. Осы күндері түрлі сериалдар мен киноларда бағымды сынап жүрген жайым бар. Бұл да болса Сәбира Бердейбайқызының жемісті еңбегі деп білемін, – деп ұстаз еңбегіне шын ризашылығын білдірді.
Шәкірт жетістігі – ұстаз абыройы. Лаура Жандарбек халықаралық «Атадан-мұра» байқауынан ІІ орын, Жанель Сұлтанбек Республикалық рухани-патриоттық байқаудан «Көркемсөз шебері» номинациясы бойынша Бас жүлде, Сүндетхан Әмзеев халықаралық байқауда көркем сөз оқудан «Алтын қалам» номинациясын, Мұрагер Болатбек «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен «Жас талант» байқауында ІІ орын алғаны үшін марапатталса, қазіргі таңда Ресейдің Мәскеу қаласында оқитын Анастасия Балясникова да ұстаз мақтанышы.
Мәнерлеп оқу, прозалық оқу, драмалық оқу, шығарма, эссе жазу деген сияқты сан саланы қамтитын өнер сыныбында кент оқушыларымен қатар Төменарық, Қыраш, Бірліктен арнайы келіп оқитын оқушылар бар екенін білдік.
Қаншама түлектерді ұшырған өнер мектебі ұжымының ортақ ой-тілектері де жоқ емес. Ол ғимарат мәселесі. Ескі, көнеден келе жатқан мектеп үйінде бүгінгі талаппен жұмыс жасау көп қиындық тудырып келеді. Армандары асқақ өнерді жарқырата дамытуға арнайы сахнасы, ыңғайлы жағдайы бар жаңа ғимарат берілсе дейді.
Бір ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы ана асыл жары Әбдірейім Өміров ағамызбен төрт немере көріп отыр. Екеуі де білдей өнер адамдары болғандықтан немерелері де осы биіктен табылса дейді.

Лаура БИБАСАРОВА.
25 мамыр 2019 ж. 1 144 0