№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыдыр ата аспанда ма, жерде ме?

Қыдыр ата аспанда ма, жерде ме?

  Халқымызда осындай ұғым, ұлағат­ты тіркес бар. Қазақ тарихында, қай заманда, қай қоғамда болмасын, жете­гінде көрінбейтін жолбарысы бар, төбесінде бұлты бар, аузы дуалы, сөзі уәлі, әрдайым айтқаны болып, көздегені келетін, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, қасиетті жандар аз болмаған. Міне солардың арқасында қазақ көктеп-көгеріп, ес жиып, егемен мемлекет атанды.

   
   Осы ретте хан Абылайдың түсін жорыған Бұқар жыраудың көрегендігіне тоқтала кетсек. Бұқар жырау: «Шаты­рыңның алдына келіп шөккен жолбарыс өзіңнің бақ талайың. Сен өзің бір жолбарыс едің. Оның шөгіп, басын көтере алмай жатып алғаны – жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ талайың көтерілмейді. Баяғыдан бері жүріп-жүріп есіл Абылай сартта өліпті дегізбей, осы жерден аман-есеніңде қайта ғой. Екінші, аю болғаны – өзіңнен соңғы заман аюша алысып, өтетұғын заман болады. Оның соңында түлкі болғаны – түлкіше бұлаңдап жүріп кү­нелтетін заман болады. Онан қоян болғаны қоянша кебектен кебекке қорғалап жан сақтайтын амал болады» деген ғой.
  Осыдан 300 жыл бұрын Моңке айтқан:
Ала-шұбар тілің болады,
Дүдамалдау дінің болады
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі, биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Өтірік сөйлейтін, екі жүзді інің болады.
Әйелің базаршы болады, еркегің қазаншы болады,
Халықтың қанын сорған надандар болады,
   Қабағын түйіп, қайыр тілейтін адамдар болады, – деуінде не мән бар?
Қазақтың сөз өнерінің киелілігі, кемелдігі сондай, таудай ұғымды бір-ақ сөйлеммен түйіндеп, зердеңізге құйып береді.
Кісіге мінездеме бергенде бір ғана тіркеспен тұлғаның бүкіл болмысын алақанда тұрғандай анық танытады. Мәселен, «Пейілі тар адамның ішінен қыл айналмайды» дейді.
   Қазақ деген халықтың кейде баладай аңғал, кейде даладай дархан, кейде қара дауылдай дүлей, алған бетінен қайтпайтын намысқойлығымен қатар қабысқан бітім-болмыстары қаншалықты қарапайым болса соншалықты тұңғиық, терең. Оны кез-келген кілтпен аша алмайсыз. Оны ашу үшін ұлттың коды қажет.
   Табиғаттың әлі де адамзатқа белгісіз сырлары көп. Соның бірі – Қыдыр әулие. Халықта Қыдыр көрген бақ пен дәулетке кенеледі деген сенім бар. Ыбырай Жақаев осындай қыдырға кезіккен кісі болған. Тұла бойы күннің батар-батпас шапағына малынып, күріш атызының үстімен кебісі суға тиер-тимес ақ сақалды кісі келіп: Шырағым, ырысың осы жерден болады. Аумин! – деп бата беріпті. Сөйтті де ғайып болады. Есін жиса, «Әумин» деп күбірлеп тұр екен. Ыбырай ата бұл оқиғаны ешкімге айтпай, бір сыр етіп ішінде сақтаған. Қыдыр дарыған жердің даңқы туралы әлем таныды. Ал Ыбырай Жақаевтың нақыл сөздері елмен бірге әлі жасап келеді.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт», «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар», «Ел аш болса, тоқпын дегенің өтірік, ел тоқ болса жоқпын дегенің өтірік», «Көз – нұрдың ұясы, көңіл – сырдың ұясы». «Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің, кімнің алыс-жақынын іс түскенде білерсің», «Жорға мінген жолдастан айрылады, көп жасаған құрдастан айрылады», деген тәмсілдер нағыз өмірдің өзінен алынған даналықпен тең.
   Бүгінде желілерде, «Әділ сөз», «Тура сөз» деген айдармен айқұлақтанып ақыл айтқыштар көбейді. Айтып тұрғандары қазақтың қамы, халықтың жайы болып көрінгенімен құлаққа өтпейді, жүрекке жетпейді. Құр әшейін сөздің қадірін кетірген айқайшыларға ұқсап жүрегіңді айнытады. Тура сөзді кім айтады, өмірден көрген-түйгені, тоқығаны көп, тарихты таразылай алатын, жақсы мен жаманның аражігін ажырата білер, алдымен өз құлқы таза, ой-мақсаты шынайы апайтас азамат айтады. Оның сөзі өтімді. Тұла бойыңды қан қыздырып, намысыңды қамшылайды. Еріксіз бас идіреді. Тура сөзді айту үшін алдымен Тоқтар Әубәкіров болу керек. Нағыз сөз қуаты деп соны айт. Ал ешкім де болмай тұрып, елге жөн сілтеймін деу жүгенсіздік. Қазақ мұндайды «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?» деп бір-ақ сөзбен түйіндеген.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

27 қараша 2018 ж. 2 755 0