№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ДОМБЫРА – ШЕЖІРЕ!


Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын,
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.
Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.
Қадыр Мырза Әлі өлеңінде домбыра мен қазақтың тағдырлас, мұндас, сырлас екенін меңзейді. Ақынның пәлсапалық ой-толғасын тереңірек талдай түссеңіз алашпен бірге "Мәңгілік Ел" ретінде салтанат құратын бір өнер болса, ол – домбыра өнері екенін ұғасыз.
Расында, домбыра қазақтың ғасырлар толқынына жасырған шежіресін сақтаған музыкалық аспап. Сондықтан, домбыраны қазақ жұрты шаңырағында қастерлеп төрге іліп, ұрпағына аманат етіп отырған. Тіптен, домбыра ұлттық кодты бойына сақтап, қос ішегіне сан ғасырлардың ақыл ойы мен көңіл-күйін сыйдырды.
Домбыраның осындай құдыретін түсінетіннің бірі – Гүлжазира Кембилова. Сегіз жасында қолына домбыра ұстаған өнерпаз 32 жылдан бері домбыраны жанына серік етіп келеді.
– Домбыра – дүлдүлдің дүбірін, Ұлы Дала Елінің рухын асқақтатады. Елдікке үндейді. Заманымызға Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Әлшекей және т.б кемеңгер күйшілер арқылы жеткен домбыра өнері, бұл – бүкіл әлемдік қазына, – дейді күйші.
Расында, сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі небір қатал сындардан өтсе де, халық рухының алтын діңгегі саналатын домбыра өнерін жоғалтпай, ұлттық, көркемдік сипатын сақтады. Оны дамытып, өркендетті. Қазір күмбірлеген домбыра үніне елітпейтін пенде жоқ. Мейлі ол шетелдік болсын.
– Күй – құдіретті, күй – сиқыр. Оның тылсым үні өзге елдердің салтанатты сахналарында естілуде. Себебі, күй – құдіретті. Оны түсіну үшін түйсік, сезіну үшін сезім, игеру үшін икем қажет. Домбыра өнері, қазақ күйі – адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, адамның жан жүрегін тербетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Оның қасиеті де, құдіреті де – мәңгілік! – дейді өнерпаз.
Гүлжазира Кембиловадан домбыра өнеріне қалай келгенін сұрағанымызда:
– 2-сыныпқа өткенімде әкем Әлшекей атындағы өнер мектебіне әкеліп, Ғазиза Оразалиеваға тапсырды. Онда төрт жыл домбыра өнерінен тәлім алып, күйдің құдіретін бойыма сіңіре бастадым. Одан кейін Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде күйшілік өнерді тереңірек түсіне түстім. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жоғары білім алдым, – деді ол.
– Еңбек жолыңыз жайлы сыр тартсаңыз...
– Еңбек жолым Алматы қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінде ұстаз ретінде бастадым. Сосын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы "Жас Ұлан" оқушылар үйінде домбыра үйірмесінде істедім. Әлшекей өнер мектебіне келгеніме үш жылдың жүзі болды.
– Сізді түрлі байқаулардан олжа алып жүргеніңізді білеміз. Шәкірттеріңіздің жетістігімен мақтана аласыз ба?
– Шәкіртсіз ұстаз – тұл, дегендей шәкіртімен кәсіби біліктілігіне баға беріп жатады. Бұл тұрғыдан келгенде, Құдайға шүкір, мақтана алатын шәкірттерім бар. Мәселен, Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінде елге белгілі күйші Мұрагер Сауранбаевке тәлім бердім. Ол АҚШ-та өткен «Армысың, Голливуд!» фестивалінде «Алтын жұлдыз» наградасын алды.
– Домбыраны қалай таңдайсыз?
– Домбыраның жасаған ағашына, қызметіне қарай таңдаймыз. Күйшілерге даусы қоңыр, таза дыбысты домбыра маңызды. Сосын орындаушының дене құрылымына қарай шанағы, мойыны таңдайды.
– Домбыраның құдіреті неде?
– Атының тұяғы жеткен жерге әмірін жүргізген әйгілі Шыңғыс ханның Жошы деген ұлы болған. Жошы да хан боп өткен. Даңқты әкесінен тиген еншісі – Ұлытау мен Азау теңізінің арасында керіліп жатқан байтақ далада алғаш Алтын Орда мемлекетінің шаңырағын көтерген. Құландай жөңкілген көшпелі елдің басын қосып, әмірін жүргізген.
Күндердің күнінде аңға шыққан Жошы хан аңдып жүрген жендеттерге тап келеді. Хан айбатын шақырып, ұрысқа кірісіп кетеді. Бірақ, саны басым жендеттер Дешті Қыпшақ даласының қағанын мерт қылады.
Енді қайтпек керек? Болар іс болып қойды. Қандай құдірет болса да қайтып Жошыны тірілте алар ма?! Сол жерде қанды қол тобыр «ханның ұлы құлан аулап жүріп мерт болды!» деген сылтауды желеу етіп, Жошы ханның жансыз денесін ордасына алып қайтады.
Енді Шыңғыс ханға қалай естірту керек?! Жұрт қиналып, сендей соғылысады. Жанын қиып, суырылып шығар ешкім болмайды. Ал, жаман хабарды жасырып қоя ала ма?! Онда да, Шыңғыс ханнан мүмкін емес. Осылайша ел есеңгіреп, дал болады.
Сол кезде Шыңғыс ханның оң тізесін баса отыратын Кетбұға деген жырау бар екен. Жұрт амал таппай қамалып тұрғанда, Кетбұға суырылып шығып хан ордасына беттейді ғой. Табалдырықтан аттай бере Кетбұға:
– Уа, хан ием, саған Тәңірінің рахметі жаусын һәм сенің қол астындағы барлық жанға тыныштық болсын! – дейді.
Өз жарлығы өзіне шаншудай қадалып отырған Шыңғыс хан түнерген қалпы:
– Саған не керек! – десе керек.
Сонда Кетбұға жырау:
– Хан ием, мен бүгін бір жаман түс көрдім. Сол түсімнен көкірегіме қайғы-шер толып, өзіңе ғана мұңымды шаққалы келдім! – дейді де, қолындағы домбырасын бебеулете жөнеледі.
Алғашқыда мың сан тұяқ дала төсін дүбірлетіп, делебені қоздыра еліктіргендей болады. Бұған бір сәт селт етіп, көңіл бөліп үлгермейді, домбыра шанағынан азынап өрген азалы үн Шыңғыс ханның еңсесін қайта басады. Сол азалы үн үдей өксіп, орны толмас өкініштің лебіндей шегін тарта сарнайды. Әлгінде ғана желдей жүйткіген мың сан тұяқтың дүбірі енді қаралы хабар жеткізген бейбақтың ширыққан зарындай жонын шымырлатады.
– Япыр-ай! – дейді Шыңғыс хан. – Бұл не ғажап! Тап Жошы өлгендей жүрегімнің егіліп қоя бергені қалай!
Шыңғыс ханның аузынан осы сөздің шығуы мұң екен, сыртта қамалып, дағдарып тұрған халық «Хан иемнің өзі айтты, Жошыдан айырылдық!», – деп ұлардай шулап, еңіреп қоя береді. Болған істің шындығына енді көзі жеткен Шыңғыс хан сол жерде бармағын шайнап, екі иіні селкілдей еңірейді екен.
...Хан жарлығы екі болмайды, сол жерде Кетбұға қолындағы домбыраның қалақ бетін ойып, жаман хабарды естіртуші ретінде шанағына балқыған қорғасын құйылады. Домбыра бетінің ойық болуы содан қалып еді дейді.
Міне, домбыраның құдіреді. Сөз жетпегенді, сазбен жеткізіп ханның һақарын басады.
Мұндай әңгімі халықтың арасында өте көп.
Бір-екі мысал айта кетейін.
Бір кедейдің маңдайына бітіп, таңдайына талшық етіп отырған мал дегенде жалғыз «Бозінгені» бар екен. Жазғытұрым сол Бозінген боталайды. Бір айдан кейін Шу өзені тасыған кезде бота жардан құлап мерт болады. Ботасын іздеген Бозінген күндіз-түні боздап күңіренгенде, зарлы даусы бүкіл ауылды басына көтереді.
Жануардың боздаған даусына көңілі босаған Сарша: «Жар басындағы жантақты жанынан кешкен нар жейді» дегендей, жануар, әбден қиналдың-ау», – деп, қолына домбырасын алып, «Бозінген» деген күйін шығарыпты.
Ертеректе Алтай тауларында бұғы тектес аша тұяқты, күйіс қайыратын, тұр-тұлғасы көркем, шоқтығы биік, түсі кер қызыл бұлан деген аң болған. Бір кезде Бежең ауылының жігіттері Қанас өзенінің бойынан осы аңның бір бұзауын ұстап алып қолға бағады. Аңның зәбірсіз момын, тұқым жақтан сирек, киелі қоңыр аң екендігіне көзі жеткен Бежең осы аңды үйіріне қосып қоя береді. Осының артынан ұзақ толғаныс арқылы «Ерке бұлан» күйін шығарады. Күй өте әсем болады. Бежеңнің өз ұрпағынан Мақаш деген домбырашы көп шертеді екен. Кейін ауылдастары оны Мақаш демей «Ерке бұлан» дейді екен.
Бұдан түйетініміз: күйшілік өнерден адамның көңіл-күйін, қуанышын, мұңын тануға болады.
– Домбырамен сырласып тұрарсыз...
– Әлбетте, домбыра досым болғалы қуанышым мен қайғымды бөлісіп келемін. Жалпы, домбырамен сырын бөлісетінде депрессияға түспейді екен. Өйткені, домбыра жанынды емдейді.
– Жастардың домбыраға қызығушылығы қалай?
– Өте жақсы. Әлшекей атындағы өнер мектебінде 25 оқушы, Тәрбие орталығында 30 тәлімгер тәлім алады. Сондай-ақ, жастар "Адайды", "Балбырауынды" үйретіңізші деп келеді.
– Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы жарлыққа қол қойды. Енді шілде айының бірінші жексенбісі домбыраның құдіретін ұлықтаймыз. Мұның қажеттілігі неде деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы ұлттық код пен рухани болмыстың кілтін жаңғыртатын бағдарлама. Ал, домбыра – "ұлттық кодтың" құпия кілт ашатын құрал. Оның бойында қазақ халқының шежіресі мен жүріп өткен жолы сайрап жатыр.
Қадір Мырза Әлінің:
– Баба қазақ кебісті
Тас қапасқа өшікті.
Іздеймін деп кеңістік,
Кентін тастап көшіпті...
...Бәрін тастап Осы күн
Жеткен ұлы мұратқа.
Домбыра мен бесігін
Тастамаған бірақ та! – деген өлеңінен домбыраның қадір-қасиетін түсіне түсесіз.

ТҮЙІН. Расында, домбыра – халықтың үні, тілі, арманы, мұраты. Оны жаңғырту, ұлтты жаңғыртумен тең...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
30 маусым 2018 ж. 1 840 0