Саламатты өмір – саулықтың негізі

Елімізде алғаш рет төл мерекесі белгіленіп, ресми түрде атап өткелі отырған санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің күні сау да саламатты өмір орнықтыруда қажырлы тер төккен кәсіби мамандар үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе.
Бұл – біздің салаға берілген жоғары баға әрі қоғам алдындағы жауапкершілігімізді де арттыра түсері кәміл.
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тарихы өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастау алады. Біздің әріптестер түрлі індетке қарсы күресте оба, сібір жарасы сияқты қауіпті аурулардың ошағын жоюда, туберкулез, қызылша, полиомиелиттің таралуын тежеуде үлкен ерлік пен табандылық танытты.
Соңғы жылдары, әлемді шарпыған коронавирустық пандемия кезінде сала мамандары алғы шептен танылып, табанды еңбегімен халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауда қажырлы қайрат көрсетті.
Ауданда алғаш рет 1958 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасында санитариялық – эпидемилогиялық бөлім ашылып екі адаммен жұмыс жасаған. Ал 1963 жылы аудандық 3-ші дәрежелі санэпидстанция болып қайта құрылған. 2003 жылы Жаңақорған аудандық санэпидстанция мекемесі, Жаңақорған аудандық санитариялық – эпидемилогиялық бақылау басқармасы және сараптама орталығының аудандық бөлімшесі болып қайта құрылымданды.
Мекемені әр жылдары басқарып келген Асан Нәбиев, Халила Спатаев, Тұрсын Мещанов, Асхан Отарбеков сынды азаматтардың мекеме тарихында өз қолтаңбасы бар.
Олар өз кезеңінде ауданның эпидемиологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға зор үлес қосып, халық денсаулығын қорғауда жауапты міндетті абыроймен атқарды.
Бүгінгі таңда басқарма мамандары денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету жолында табанды еңбек етіп келеді.
Кәсіби мереке қарсаңында әлеуметтің әл-ауқатының кіршіксіз қалыптасуына кепілдік болуда сала қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбектеріне табыс тілеймін.
Шынар Айдарова,
Жаңақорған аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы





Пікір 5