ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

Кеңестік империяның адамзатты қырып-жоюға арналған жойқын қаруды сынап көруге таңдап алған аумағы – қазақ топырағында 1949 жылдың 29 тамызында бұрқ ете қалған жойқын жарылыс 1991 жылға дейін жалғасып, Абайдың атамекенін қасірет пен көз жасына тұншықтырып келгені рас. Биыл Семей полигонының жабылғанына 34 жыл толып отыр.
29 тамыз күні ауданымыздағы Семей полигоны ардагерлеріне арнап қойылған «Тағзым» ескерткішіне Құрметті қарауылмен гүл қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға жиналған Семей және Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан ардагерлер мен аудан тұрғындары алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлының құттықтауы төмендегіше өрілді:
– Осыдан 34 жыл бұрын БҰҰ- ның Бас Ассамблеясында полигонды түбегейлі тоқтатуға алғаш рет талап қойған қазақ елінің мәлімдемесі халықаралық деңгейде қуатталып, заңды шешімін тапты. Бұл қазақ мемлекетінің ғана емес, Жер атты алып планетаны мекендеген бүкіл бейбітсүйгіш халықтың ортақ арман-тілегінің орындалған күні. Осыдан кейін жыл сайын бұл күнді арнайы атап өту дәстүрге айналған. Қырық жылдан аса уақыт ажал дүмпуі тітіреткен қазақтың топырағында 456 рет сынақ өткізіліп, одан 1,5 млн кісінің зардап шеккені белгілі болып отыр. Бұл тарихқа да, келешекке де сұмдық қиянат екені бәрімізді де ашындырады.
Осындай ауыр аймақта өз өміріне залалын біле тұра батыл байламмен бас тігіп, азаматтық көмек-қолдауын аямаған 174 жаңақорғандық сарбаздың дені бүгінде қариялық жасқа жақындап келеді. Жасырып-жабатыны жоқ, қатерлі аймақта алған зардаптың кесірінен сол ардагерлеріміздің көбінің саушылығы қатарынан көп кейін, жан жарасы да тереңірек. Бірақ ешбірі тағдырына өкінбейді. Азаматтық борышының өтеуі деп біледі. Келешектің жарқын таңдарын бірге қарсы алып, ұрпағының өміріне енді қайтып қатер төнбесе екен деп тілейді. Осынау аға ұрпақтың ерлікке пара-пар қадір-қасиетін ұлықтап, ерлігіне бас иіп, тағзым етуді дәстүрлі түрде жалғастырып келе жатқан жеткіншектер көңілінде бұл күннің маңызы ерекше сақталады. Қазақ еліне тағдыр енді қайтып мұндай сынды арқалатпасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді. Келесі кезекте көпшілік алдында Жаңақорған ауданы «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шераздин Жұмабайұлы сөз алып, жүрекжарды лебізімен бөлісті.
Тағзым алаңына гүл шоқтарын қою рәсімінен соң дүниеден озған марқүмдар рухына арналып Құран бағышталды.
Баян ҮСЕЙІНОВА




