Балалар байқауы бағасын алды
Бұл шара байқау емес, әдеби әлеуетті шығармашылық кеш тектес кең көлемде жасалды. Кітапханашылардың дайындығы бір бөлек, балалар «өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей, ыстық ықыласпен келген. Көзден ұшқындаған жалын от, кеудені кернеген рухани алып күш айрықша байқалды. Ат терлетіп келген конкурсанттың дені 19 ауылдық округ мектептерінен, ал аудан орталығындағы 4 мектептен де талапкер бар, ұзынырғасы 39 бала бақ сынады.
Жаңақорған аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырған биылғы «2022 – Балалар жылына» және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар әдебиетінің классигі, жерлесіміз А.Сопыбековтің туғанына 85 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің абызы – Адырбек» онкүндік жобасы аясында «Сырдың азаматы, өнердің қазанаты» атты аудандық байқау өтті.
Байқау 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы сын «Өлеңінен керемет сыр өрілген» атты көркемсөз оқу болса, келесі кезекте А.Сопыбековтің шығармашылығынан «Сынық әйнек», «Кітап», «Менің әліппем» атты өлеңдерін мәнерлеп оқу еді. Үшіншісі - «Төлдер мінезі» атты көркемсөз оқу кезеңі болатын. Бұған балалар ерекше дайындықпен келген. Соңынан «Балаларға базарлық» атты көркемсөз оқу кезеңінде мысал, жұмбақ, ертегі, аңыз өлеңдерінен жатқа айту жағы да сынаққа қойылды.
Әділқазылар алқасына ақын әлеміне жатық, шығармашылығымен етене таныс кітапхананың тұрақты оқырманы, зиялы зейнеткер Әбибулла Шерімбетов, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ұстаз Үмбет Абибуллаев, «Жаңақорған тынысы» газетінің қызметкері, журналист Айсұлу Алданазар іріктелді.
Ашылу салтанатында аудандық кітапхана директоры, аудандық мәслихат депутаты Әсемкүл Тілеубергенова қатысушыларды қанаттандырып, шығармашылық өкілдерін шабыттандырып сөйледі.
-Ақын Адырбек – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, табиғи тұла бойы періште баланың пайымын дөп басатын мінезге де, шығармашылыққа да тән еді. Бүгін ерекше қуанышқа тоқталғым келеді, біздің кітапханаға ақынның есімін беру ұсынысымыз ескеріліп, атқарушы биліктен қолдау тауып отыр. Біз ақын Адырбек ағамызбен мақтанамыз, оның кәусар кеудесін жарып шыққан өлеңдері руханиятымыздың алтын қоры болып қалыптасты. Байқау жас таланттарды өсіре берсін! - деді. Ал, ақынның жары Шарипа Шерімбетова болса, ерекше толғаныспен сыр шертті.
– Аталарыңызбен 60 жыл бірге ғұмыр кештім. Ол дауыс көтеру дегенді білмей өтті. Жүрегі жұмсақ, көңілі бала көзқарасындай нәзік болатын. Оның оқырманы да балалар еді. Үнемі үйге оқушылар келетін. Қыз сыны, жігіт сұлтаны секілді сайыстарға арнау өлең жазып беруді сұрайды. Ал, ол болса, өлеңді жазып, қолына тәттілер ұсынып, жетектеп көшенің көлік жоқ жағына өткізіп, шығарып салатын. Міне, балалар ақыны болуының бір сыры осындай болатын, - деді.
Бүгінгі шараның басты қонағы болып, ақынның қызы Ләззат Сопыбекова да қатысты.
Байқау әдеттегідей қызу жүрді. Бірінен-бірі қалысар емес. Күн сүйген қара домалақ балалардың әдебиетке әуестігі бәрімізді қуантты. Дегенмен сайыстың аты сайыс, жеңімпаз анықталуы тиіс. Сонымен әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі 1орынды №51 орта мектептің 2 сынып оқушысы Бақдаулет Оразбек жеңіп алды. Енді екінші орынға Әлшекей атындағы өнер мектебінен келген 3 сынып оқушысы Інжу Тұрсынбек көтерілді. Үшінші орынға №169 орта мектепбінің 4 сынып оқушысы Әбдікамал Кәусар лайықты деп мақұлданды. Оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айту керек, ақын шығармашылығына арналған онкүндіктің бұл байқау алғашқы беташары ретінде аталды. Сайыстағы жалғасын таба береді.
Қаныбек ӘБДУОВ