№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Жеңіс – жасты жанардағы қуаныш күні

Жеңіс – жасты жанардағы қуаныш күні


Жарық дүниеге келген адамзаттың басты миссиясы – өсу, өну, соңына ұрпақ қалдыру. Сондықтан әрбір атқан бейбіт таңға тәубе ететін үлкен-кіші болып жер шарында тыныштықтың, тұрақтылықтың мәңгі болуын тілейді.
Адамзат өміріне қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл.
9 мамыр – жеңіс күніне орай Жаңақорған жұртшылығы орталықтағы «Тағзым» алаңына бет түзеп, соғыста шейіт кеткен марқұмдар рухына тағзым етуге жиналды. Олар сыр бүккен ескерткіштерге, мызғымас мүсіндерге айналып, туған жер төсінде қалып қойған боздақтар рухына бас иіп, құрметті қарауыл күзеткен мәңгілік алау жанына қып-қызыл гүл шоқтарын қойды.

9-мамыр – Жеңіс күніне арналған сал­танатты шараны ашқан аудан әкімі Мажит Самитұлының құттықтауы төмендегіше өрілді.
– Құрметті қауым! Қымбатты жерлестер!
Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Отан соғысы – халқымыздың тари­хындағы ең қиын да сындарлы кезеңдердің бірі болды. Қан майдан мен тылда жанкештілік­пен еңбек еткен ата-бабаларымыздың, елін сүйген ерлер мен аналардың арқасында бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткіздік. Бұл – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, бірлік пен ынтымақтың, ерлік пен төзімділіктің нағыз үлгісі.
Жаңақорған ауданынан майданға бес мыңға жуық азамат аттанып, олардың тең жартысынан астамы жат жерде қалды. Олар Мәскеуді қорғады, Сталинград пен Курск шайқастарына қатысты, Украина мен Белорус майдандарында партизан жорықтарында болды. Еуропа елдерін неміс басқыншыларынан азат етті. Берлинге дей­ін барып, Рейхстагқа шабуылмен кірді. Ауданымыздың мақтанышына айналған ер жүрек батырларымыз – Әнуар Әбутәліпов, Александр Дмитриевич Романовтар Кеңес Одағының Батыры атанса, Айтмағанбет Нақыпов «Т-34» маркалы танкісімен Бер­линге алғашқы болып кіріп, Рейхстагқа ту тігуге жол ашты. Жаңақорғандық Са­па­бек Мұсылманқұлов КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның басшылары қатысқан Потс­дам конференциясында Құрметті кү­зет­те тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыста ер азаматтармен қатар нәзік жандар да өз ерік­терімен майданға аттанды. Солардың арасында жерлесіміз Рәзия Ысқақованың есімі айрықша. Батыр апамыз жауып тұр­ған қорғасын оқтың арасынан 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқарған. Ерліктері үшін Кеңес медицинасының офицері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері атанған. Басқа да көптеген жаңақорғандық жауынгерлер жауға қарсы күресте оқ пен отқа оранып, ерлік пен майдан жолдарынан өтті. Сонымен қатар, 46 жаңақорғандық ер-азаматтар офицер шенімен елге оралып, бейбіт өмірдің іргесін қалауға атсалысты. Жауынгерлеріміздің бұл батырлығы ел есінде мәңгі сақталады.
Тылда қалған ата-әжелеріміз, ана­ла­рымыз бен жасөспірімдер күн-түн демей еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Алақандай ауылда отырып-ақ майданға киім-кешек, азық-түлік дайындаған тыл еңбеккерлерінің жанкештілігін ұмытуға болмайды. Олар өздерінің қажырлы еңбегімен Жеңіс шежіресінің беттерін алтын әріппен жазды.
Өкініштісі, ауданымызда бірде-бір соғыс ардагері тарихи 80 жылдық мерекені қарсы ала алмады, 2 соғыс ардагерінің жесірі және 153 тыл еңбеккерлері бірге ғұмыр кешуде. Қатары сиреп барады. Бұл – әрине жанымызға батады. Алайда олардың ерлігі мен өнегесі ұрпақ санасында мәңгілік сақталады, – деді ол.
Кеше, Астанада өткен Жеңіс 80 жылдық салтанатты шеруіне қатысып, тыл ардагері Шайдарбекқажы Әшімұлының да өз айтары бар.
Жеңіс мерекесі қарсаңында Рейхстагқа ту тіккен ерлерімізге жол ашып Бранденбург қақпасына дейін мініп барған танкісі Берлин­де соғыс құрбандарына арналған алаңның постаментінде сақтаулы тұрған Айтмахан Нақыпов ағаның «Т-34» танкісінің көшірмесін елдегі демеушілер болып туған жердегі «Тағзым» алаңына әкеліп қойған болатын. Жиналған қауым Айтмахан көке мінген танкті айнала жүріп танысты. Онда: «Жеңіс жалауын желбіретуге жол ашқан «Т-34» танкісінің оқ көздеушісі Айтмахан Нақыповтың есімін туған халқы ешқашан ұмытпайды» деп жазылып қойылған.
Осы күні аудан әкімі Мажит Самитұлы Айтмахан Нақыповтың қызы Жанар Айт­маханқызына Құттықтау грамотасын табыс етті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
10 мамыр 2025 ж. 403 0