Жайдары мінезді Әлекең

Қай уақытта көрсең де ақсары жүзінен мейірім мен күлкі табы қатар есіп тұратын Алмас аға Досжанұлы кімге де болса жылы ұшырасады. Қарт қаратаудың қойнауындағы Ботасоқты өзенін бойлай орналасқан Ынтымақ ауылы қоғамда өзіндік орны бар ұл-қыздарды дүниеге әкелген. Ідия Мұстафаев, Орынбасар Бәйімбетов секілді қоғам қайраткерлері мен Әбжан Құрышжанов, Жарылқасын Тұрлыбеков, Гүлсара Алтынбекқызы, Шәркүл Таубайқызы, ағайынды Әшім мен Мәмет Исамбаев секілді ғалымдарды, Еңбек ерлері Кәдір Тағаев, Сапарбай Сұлтанмұратов, ақын, жазушы-журналистер Құлан Алдабергенұлы, Дүкенбай Досжан, Файзулла Сахи, Ертай Бижіітұлы, Совет Исамбайұлы секілді шашасына шаң тимеген азаматтарды дүниеге әкелген өңір. Қызылорданың «Швейцариясы» атанған осы құт мекенде дүниеге келген Алмас ағаның көптің бірі болып қалмауы да өмір заңдылығы. Алты жасында әкеден қалған Алмас өмір ағысына қарсы жүзді. Қызыл Қайраттағы (қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы) орта мектепті бітіргеннен кейін туған жерге қайта оралады.
Әлекең алғашқы кезеңде Жаңақорған қоныстық кеңесінде хатшылық қызметте жүргенінде өзінің іскерлігімен, адамдармен етене қарым-қатынасымен келген жұмыстарын тез шешіп беретін іскерлігімен танылды. Алмас Досжанұлы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1987 жылы қызыл дипломға бітіріп шықты. Содан да болар, 1985 жылы аудан басшылығы оны Қаратөбе ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына ұсынды. Алмас Бекжігітов жаңа қызметке бара салысымен ауылдың әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына білек сыбана кірісті. Ауылда жаңа балабақша ашылды, клуб үйі күрделі жөндеуден өтіп, оған музыкалық аспаптар алынды. Сексенінші жылдардың соңына қарай ауылдағы заман талабына сәйкес келмей қалған орта мектептің жанынан заманауи жаңа мектеп салдыруға аудандық бюджеттен қаржы бөлдіруге қол жеткізді. Өкінішке қарай одақтың тарқауына байланысты мектеп құрылысына қаржы бөлінбей орта жолда тоқтап қалды. Мектеп арада 7 жыл өткеннен кейін асармен бітті. Кеңестік дәуір тарқап егемендік алғаннан кейін ол сол ауылға тұңғыш әкім болып тағайындалды. 1994 жылы «Ақүйік» ауылдық округіне әкім болып ауысып, 1998 жылы «Жаңақорған тынысы» газетіне редактор болып тағайындалды. Бұл тоқыраудың апогейіне жеткен кез болатын. Жұмысшылар 6-7 айлап жалақы алмаған, кәмелетке жасы толмағандар мен мүгедектер жәрдемақысын, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмай қалған кез болатын. “Жығылғанға жұдырық” демекші, ауданда қыстық қатты отын жоқ, әлектр жарығы 10-12 сағаттап өшеді. Міне осындай қысылшаң кезде ол редактор болып жұмысқа кірісті. Бюджеттен газетке берілетін субсидия барынша кеміген. Шаруашылықтар тарап, газетке жазылу бұрынғы 6200-ден 1000 данаға түсіп кеткен. Штаттар қысқарып редакцияда 3-4 ақ адам қалған. Бұрынғы сарынмен жұмысты алға апарудың мүмкін еместігін бек түсінген Әлекең жұмысты жаңаша мазмұнда ұйымдастыруды қолға алды.
Осы кезеңдері мен газетке менеджерлік қызметке қабылдандым. Сол 1999 жылдың 17 тамызынан бастап менің газеттегі өмірім басталды. Баспасөз жазылымын шаруашылықтар мен мекемелерді жағалап жүріп, бірін ағалап, бірін көкелеп жаздырып, газет тиражын 1800 данаға жеткіздік.
Әлекең негізі жаңалыққа жаны құмар жан дер едім. Мен редакцияға алғаш келгенде газет линотиптік әдіспен қолдап басылатын. Жаны жаңалыққа құмар Әлекең офсеттік басылымға көшкен көршілес «Түркістан» газетінің редакторы Балтабай Нұржановпен газетті солардың баспаханасында шығаратын болып келісті. Өйткені біз отыратын ғимарат Қызылорда облыстық баспаханасының меншігі екен. 2000-ші жылдың күзінде ғимаратты босату жөнінде қатынас келді. Осы күннен бастап әр мекемені жалдап тұрдық. Солай бола тұра облыста бірінші болып 2001 жылдың күзінде Түркістан баспаханасынан бір ROMOER-313 баспа машинасын алдық. А-3 форматта газет шығаратын бұл машина да бізге біраз жыл қызмет етті. Оған қағазды Түркістаннан, кейін Шымкент пен Алматыдан тасыдық. 2011 жылдың күзінен бастап аудандар арасында тағы да бірінші болып газет А-2 форматта түрлі - түсті болып шығарыла бастады. Мұның өзі Әлекеңнің тек іскер басшы ғана емес, шебер ұйымдастырушы екендігінің айқын мысалы болса керек.
Әлекең осы қиын қыстау кезеңнің өзінде «Жаңақорған тынысы» газетінің 1933 жылдың 1 қыркүйегінен шыға бастағанына 70 жыл толуына орай оны кең көлемде атап өту мақсатында сол кездегі аудан әкімі Нажімадин Мұсабаевқа арнайы кіріп, мерейтойды өткізуге рұхсат алды. Қыркүйек айының соңына таман мерейтой жоғарғы деңгейде аталып өтіп, аудан әкімінің мәжіліс залында конференция өтті. Мерейтойға 30-ға жуық газет редакторлары, онан өзге ғалымдар мен ақын-жазушылар, шаруашылық пен мекеме басшылары қатысып, ақ тілектерін жеткізді. Ұжым болып, мерейтойға келген 200 адамға «Әнуар» мейрамханасында дастархан жайылды. Осы дастарханға мемлекет тарапынан бір тиын қаржы бөлінген жоқ. Мерекелік шара ұжым мүшелері мен бірнеше демеушінің арқасында абыроймен өтті. Бұл да болса Әлекеңнің ұйымдастырушылық қабілетінің бір қыры десек артық айтқандық бола қоймас.
Әлекең тек басшы ғана емес халық қалаулысы ретінде Кеңестік дәуірдің жетпісінші жылдарынан бастап 1994 жылға дейін поселкелік, ауылдық, Кеңестің депутаты болса, 2007-2011 жылдар аралығында аудандық мәслихат депутаты болып сайлаушылыр аманатын орындады.
2005 жылы біз кент әкімшілігінің ғимаратын паналадық. Бұл уақытта газет тиражы 5000 данаға жетіп қалған, жағдайымыз да қалыптасып тұрақты жалақы алатын болғанбыз. Редакция бұрын қарызда болып келсе 2004 жылдан бастап жылды пайдамен қорыттық. Осы бір қалыпты кезеңде Әлекең ұжым мүшелеріне өзіміздің жеке ғимаратымыз болмай көсегеміздің көгермейтінін алға тарта келе өз жалақыларымызды өсірмей, сол қаржыға редакция ғимаратын салуды ұсынды. Ұжым мүшелерінің келісімін алысымен іске кірістік. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлыбек Жолдасбаевтың қолдауымен жер алдық та құрылысты бастадық. Бір жылда мемлекеттен бір тиын қаржы алмай ғимаратты бітіріп 2006 жылдың күзінде кірдік.
Әлекең ұжым мүшелерінің кейбір ерсі қылықтарын көре тұра оларға дауыс көтермейтін, олармен қарапайым ғана тілдесетін. Кейде “ана жігіттерге неге қатты айтып ұрыспайсыз?”, дегенімде, Әлекең әнтек жымиып қойып:
– Ерубайжан, мен де ұрысуды жақсы білемін. Бірақ олар шығармашылық адамдары ғой, оған қатты ұрыссаң оның көңіл-күйі бұзылады. Ал көңіл-күйі бұзылған адам жақсы оқырман оқитын мақала жаза алмайды, деп маған басу айтатын, олардың көптеген кемшіліктеріне кешіріммен қарайтын.
Осы редакцияда жиырма жылдай жұмыс істеп зейнет демалысына шықтым. Алғашқыда менеджер болып қызмет етіп газет тиражын көбейтумен айналысып ел аралап жүргенімде, бірде мені шақырып алып:
– Ерубай, осы сенің фотоаппаратың бар емеспе?, деп сұрады.
– Иә, бар.
– Сен үнемі ауылдарды аралап жүрсің ғой, тек газатке оларды жаздырып қана қоймай еңбек озаттарын, шаруашылықтардағ жақсы істерді, ауылға көмек қолын созып жүрген кәсіпкерлерді суретке түсіріп, оны қысқа ғана комментариймен газетке беріп отыр”, – деді. Сол күннен бастап менің алғашқы шығармашылығым басталды. Келесі жылдары қысқа репортаж бен хабарламалар көлемі ұзарып мақалалар шыға бастады. Сонымен тілші болып ауысқан мен кейін бөлім басшысы болып зейнет демалысына шықтым.
Әлекең зейнет демалысына шыққаннан кейін аудандық ардагерлер кеңесі жанынан «Ардагерлер мерейі» атты газет шығарып, оны үш жылдай басқарды.
Әлекең берекелі отбасының отағасы, абыз ақсақал. 1972 жылы Бибараш Омарқызымен шаңырақ көтеріп, 4 ұл, 1 қыз өсіріп тәрбиеді. Бірақ бір кем дүние емес пе, арпа ішіндегі бір бидай қызы – Айгүл институтты бітірер жылы ауыр науқасқа шалдығып жастай өмірден озды. Қазір ұлдарынан жиырмашақты немере мен шөбере сүйген қадірменді қария осы сәуірде жетпістің бесеуіне шықты.
Сөз соңында айтарымыз, қаламыңыздың ұшы мұқалмасын. Сіздің әлі де болса халыққа береріңіз көп демекшіміз.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Жаңақорған ауданының
құрметті азаматы