№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

№29 (8843) 22

22 сәуір 2025 ж.

№28 (8842) 19

19 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » » Зағип жандардың Наурызы

Зағип жандардың Наурызы


Апта басында «Зағиптар қоғамының» аудандық филиалының қызметкерлері Әз-Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Дәстүрге айналдырған мерекелік шараға ардагер аға буын және шараға демеушілік жасаған жандар, чемпион спортшылар арнайы ат басын бұрды. Ізгі ниеттерін, жылы лебіздерін жеткізді.


Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген мерекелік шараларды назардан тыс қалдырмауға тырысады. Оның ішінде зағиптар қауымы қандай мереке болсын атап өтуге дайын тұратынын көріп келеміз. Жағдайлары күрделілеу болғанымен олардың да қоғамда өзіндік орны бар. Өнер, спорт, басқа да салаларда бағындырған белесі аз емес. Мәселен, спорт саласында қол күрестен жастар жағы сары құрылық бәсекелерінде талай топ жарды. Сондай-ақ, парадзюдошы Олжастың өзі әлем сахнасында қазақ еліне алтын алып келген бірден-бір балуан. Өнер сахнасында жүрген жандар да жүлдесіз емес, сондықтан оларға деген құрмет қашанда биік. Бүгінгі мерекелік ақ дастарханға Шыңғыс Азнабаев баптайтын чемпиондар қонақ ретінде келіп, ризашылығын білдірді.

– Жалпы, аудандағы іс-шаралар мен қоғамдық істерден біздің қыз-жігіттер тыс қалмауға тырысады. Бүгінгі мерекелік жиынды ұйымдастыруға атсалысқан зағип жандарға алғыс айтамыз. Сондай-ақ, демеушілік білдірген сайлау үйі қызметкерлеріне көп рахмет!, – дейді аудандық мүгедектер қорының төрағасы Нуридин Исмайлов.

Азғантай ғана ұжым болғанымен ауқымды шараға мұрындық болатын олардың әрбір тағылымды сәттерін басылым бетінде жариялауға тырысамыз. Он екі мүшесі сау бола тұра өмірге өкпесі көп жандарға үлгі бола алатын бұл азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Олардың дүние дидарын осылай ашқаны үшін емес, сынаққа сынбай, қоғам алдында өздерін борыштар сезініп, сәл болса да үлесін қосуға талаптануы ғажап. Жазмыштың жазғанына жасымайтын жандардың басым көбінің көз жанары жарымжан. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз көз жанарынан толық айырылған деуге келмейді, десе де жарық әлемнің нұрын толықтай көруге қабілетсіз. Алланың сынағына сынбай, қайта өмірге құштар жандармен жұмыс жасап, рухани демеу болып жүрген аға-іні бауырларымыздың жігеріне тәнті болдық.
Бұл мекемеде қазір 6 қызметкер еңбек етеді, олардың өздеріне жүктелген жұмыстары бар. Көбісі қоғамдық негізде жұмыс жасап жүрген жандар.
Жалпы аудан бойынша бұл санатқа енген 120-дан аса тұрғын бар. Олармен тікелей жұмыс жасап, мүмкіндік болса ауыл-ауылды аралап, ардагерлердің жағдайларын біліп тұрамыз. Жастарды жұмысқа шақырып, спорт, өнер, басқа да үйірмелерге қатысуға ынталандырамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық жарыстар жиі өтіп тұрады, – дейді «Зағиптар қоғамының» аудандық филиал төрағасы Ілесбек Тұрмағанбет аға. Оның бұл орталыққа басшылыққа келгеніне көп бола қоймағанын білеміз. Аз ғана уақыт ішінде ұжымды ұйыстырып, жұмыла еңбек етіп келеді.
Мекеме ауласындағы кішкене ғана аумаққа гүл егіп, аула ішін сәнді етіп тұр. Олар мемлекеттің қамқорлығына ризашылығын жеткізді, уақытылы жалақысы мен әлеуметтік көмегін алып тұрады. Сондай-ақ, осы санаттағы азаматтарды таситын арнайы бекітілген көлік бар. «Инвотакси» қызметі жарымжан жандарға тегін қызмет көрсетеді. Ауданда олардың саны төртеу екен, ауылдық жерлерден ауданға келетін қызметкерлерді алып келіп, қалаған уақытында үйіне жеткізіп салады. Тек бір ғана талап-тілегі бар, ол жаңа ғимаратқа немесе кез келген нысанның бірінші қабатынан орын алу. Өйткені, олардың отыратын мекен-жайы екінші қабатта, шығатын баспалдағы да биіктеу.
Қысқаша айтқанда, Наурыз мерекесін өз деңгейінде атап өткен жандардың жасап жатқан еңбектеріне тәнті болып қайттық.

Әли ТЕМІРБЕК
08 сәуір 2025 ж. 273 0