№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

№18 (8832) 8

08 наурыз 2025 ж.

№17 (8831) 4

04 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » » Атакәсібін ардақтаған ғалым

Атакәсібін ардақтаған ғалым


«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге». Абай хакім айтқан осы қағиданы санаға сііңіріп өскен ғалым ағамыз Құдайберген Жұмаділлаұлы ғылым жолына бар ғұмырын арнаған жан.


Ол 1945 жылы наурыздың 15 жұл­ды­зында Жаңақорған ауданы По­ли­т­от­дел (қазіргі Машбек ауылын­да) дүниеге келді. Малшының жанұясында өскен ұлан онжылдықты №55 «Бірлік» орта мектебінде «Алтын медальға» оқып бітірді. Мектепті бітірген соң көмекші шопан болып бекітіліп ата-анасының қолын ұзартты. Екі жылдан соң кеңес армиясы қатарына алынып әскери борышын өтеп оралды.
Негізінде азаматтың өмірлік таң­дауында өзі өскен әулеттің сүйегіне сіңген атакәсіпке деген құштарлықтың қуаты басым болары анық. Бала кезінен көзі қанық өскен сыралғы кәсіпке деген құштарлық оны Алматыдағы мал­дәрі­герлік институтқа жетеледі. Осы оқу орнын 1971 жылы «ғалым-зоотехник» мамандығы бойынша үздік бітірді. Одан әрі осы оқу орнының аспирантурасында білімін жалғады. Аспирантураны бітірген 1975 жылдан бастап жарты ғасыр уақыт Қазақстандағы қой шаруашылығы саласы ғылымының ту тігер мекемесі – Қазақ қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында еңбек етті. Аталған мекемеде ғылыми қызметкер және аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Құдайберген Жұмаділлаұлының ғылыми жолы еліміздегі етті майлы бағыттағы құйрықты қойларды асылдандыру және олардың жаңа тұқымын шығарумен тығыз байланысты болды. Осы бағытта «Әртүрл» бітім-өнімділік типті қарғалы қойы қошқарларының тұқымдық қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалым ұзақ жылдар бойы елімізде аса бағалы кілемдік ақ және ақшыл түсті табиғи түбіт және жоғары сапалы ет-май өнімдерін беретін құйрықты қой тұқымын шығару және жетілдіру жолында еңбек етті. Үздіксіз ізденіс, маңдай терінің арқасында осы аталған қой тұқымының басты авторларының бірі болып танылды. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымы саласында үлкен маңызы бар, ірі селекциялық жетістік болды. Осы бағыттағы көпжылғы зерттеу жұмыстары нәтижесінде «Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымын шығару және жетілдіру» деген тақырыпта докторлық диссертациясын да қорғады.
Қой тұқымының бұл жаңа түрі еліміздің шөл және құрғақ дала аймақтарының қатал табиғатына өте жақсы бейімделген. Мұнан өзге ғалымның тікелей басшылығымен Батыс Қазақстан облысының «Бірлік», Атырау облысының «Сүйіндік», «Мақаш» тұқым мал зауыттарында қазақы «Еділбай» қойының өнімділік және тұқымдық қасиетін жетілдіріп, асылдандыру жұмыстары жүргізілді. Алматы облысының шаруашылықтарында қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларының өнімділігі жоғары топтары шығарылды.
Атырау облысындағы «Мақаш тұқымы мал зауытында» өзінің тікелей жетекшілігімен «Еділбай» қойының жоғары сапада, жылдам өсіп-өнетін, қатал табиғатқа бейімделген екі сұрыпты тұқымына патент алған ғалым осы өндірістік тәжірибенің басты авторларының бірі болды.
Ғалым-селекционердің зерттеу нәтижелері бойынша 100-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 2 монография, етті-майлы құйрықты қой тұқымын бонитировкалау жөніндегі үш нұсқаулық жарық көрді.
Ғалым еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы елеулі жетістіктері үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен, мемлекеттік деңгейдегі бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды.
Қазақта «Көргені жақсы көш бастайды» деген сөз бар. Төл мамандығы – кітапханашылық қызметте қырық жыл тер төккен жары Анар Сақбайқызы екеуі тәрбиелеп жетілдірген перзенттері әке жолын қуған ғалымдар. Тұңғышы Нұрлан зооветеринарлық институт қызметкері, Нұржаны да ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Биязы жүнді қой шаруашылығы бөлімінің» меңгерушісі, «Етті меринос қой тұқымының» авторы. Кенжесі Наржан да ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, етті майлы қой шаруашылығы бөлімін басқарады. Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойының «ақсарбас» тұқымдық сұрпының авторы.
Туған жеріміздің бір түлегі ретінде елмен етене араласып, хал-жайына алаңдап отырар ағамыз атакәсіптің бағын ашуда кәсібіи тұрғыда қамқорлығын аяған емес. Шаруаларды мемлекеттік тұрғыда қолдау бағытында биік мінберлерде де мәселе көтеріп жүрді.
Кісілік болмысына келсек, қашанда әділін айтып, азаматтық ұстанымынан танбаған турашыл азаматтың жауһар өнерді де қадірлей білер жұмсақ жүректілігіне талай тәнті болдық. «Сегіз қырлы, бір сырлы» терең сипатқа ие елжанды тұлға домбырамен ән салғанда сайын даланы кең құшағына сыйдырған құштарлықпен шырқар еді.
Осыдан он жыл бұрын, жетпіс жылдық мерейтойында өзімен институтта бірге оқыған, еңбек жолында бірге қызмет істеген ғалым әріптестерінің Құдайберген Жұмаділлаұлы туралы шынайы лебіздерінен ол кісінің білімділігіне, таңдаған мамандығына адалдығына, табандылығына терең көз жетіп, тұлабойына тұнған ізгілікті қасиеттің баршасы төл перзентіне дархан даласының жомарт тартуы екеніне іштей мақтаныш сезімде оралғанымызды жасырғым келмейді. Сол жолы досқа деген бауырлық пейілімізді іркіп қалмай, жүректен шыққан жыр шумақтарымен кестеледік:
Қаратаудың баурайында туған ұл,
Табиғатын тал бойына жиған бір.
Титтейінен терген білім маржанын,
Қалың елдің кәдесіне бұрған ұл.

Сырдарияның суына сан жуынған,
Кісілікке белді бекем буынған.
Асқақтатқан атакәсіп иесін,
Бабалардың қорғап жүрсін киесі!

Елдің дәулеті пен байлығын еселеуде күн-түн еңбектеніп, бүкіл отбасымен ауыл шаруашылығы ғылымын өрге сүйреп келе жатқан аға туралы талай жақсы тілек тіл ұшына үйірілгенімен оны жұп-жұмыр жеткізуге ақындық қабілетіміздің бар жеткені осы болды.
Сексеннің сеңгіріне келгенде өзі әнге қосқан қарлы Алатау бауырынан мәңгілік тұрағын тапқан жан ағаның өзі өмірден өткенімен өзін ғана емес, сөзін де, атқарған ісін де өлтірмей, әрі қарай жалғайтын ұрпағы қалды соңында. Бұл кез келген жанға бұйыра бермейтін теңдесі жоқ бақыт.

Ерғали Оразбеков,
ауыл шаруашылығы
саласының ардагері,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы

15 наурыз 2025 ж. 89 0