Қыз қылығымен көрікті

Әсілінде, қыз бала тәрбиесі – ұлт болашағының айнасы емес пе?! Инабат пен ізгілік нұры төгіліп тұрмаған ақша жүзге, биязы, қою тұнық қара көзге тәрбиесіз құйған білімнен қандай қайыр?...
Жаһандану жағдайымен жарысу дейміз бе, әлде үйдегі тәрбие тізгінінің тым босаңдау болуынан ба, әйтеуір бұл күндері бұрыш-бұрышта темекі түтініне тұмшаланған танакөздер көбейген. Көз ала берді кем-кетігіңді түгендеп, боқтап-боралап, өткен-кеткенді сырттай-ақ сынап, жөнге салып алатындар да жоқ емес. Қарның ашатыны қаршадай қаракөздер мектеп қабырғасынан-ақ осылай қалыптасып кеткені. Қыз баланың тәрбиесі – ұлт болашағын қалыптастырудың негізі. Қыздардың бойында адами құндылықтарды, ізеттілікті, білімділік пен мәдениетті қалыптастыру бүтін ұлттың бүгінгі «бас ауруы». Ал, білім ордасы – осы қасиеттерді сіңіретін басты орын.
Әу бастан ақ әдемілік пен әдеп, сұлу көрік пен сыдырғы мінез бір-бірінен бөліп-жара алмайтын қыз баласы бойындағы егіз ұғымдар емес пе еді. Десе де, бүгінгі қоғамда қыз тәрбиесінде бірталай қиындықтар тұсау боп тұрғаны тағы бар. Жоғарыда айтқанымыздай, мектеп қабырғасынан бой ұзатпай-ақ бойжеткендер бетімен кеткендей ме дейсің. Қазіргі таңда мектеп жасындағы қыздардың тәртібі, мінез-құлқы және әлеуметтік ортаға бейімделуі көптеген мәселелерді тудырып отыр. Бұл тек бір отбасылық немесе мектептік деңгейдегі проблема емес, бұл – қоғамдағы құндылықтардың, тәрбие беру жүйесінің өзгеруімен байланысты үлкен әлеуметтік құбылыс. Қыздардың ішімдік ішуі, темекі шегуі, үлкендерге қарсы агрессивті мінез көрсетуі, ата-ананың сөзін тыңдамауы – осының бәрі ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтардың белгісі.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, мектеп қабырғасындағы қыз балалардың жүріс-тұрысы мен киім киісінен-ақ үркитіндей күйге жеткеніміз рас. Оның бәріне көз жұма қарағанның өзінде бейауыздана сөйлеп, тек өздерінің ғана емес үйдегі бар жақсыны алдарына тосқан ата-анасына да сөз келтіріп жатқандарын ойлағанда кешегі ақ маңдай арулардың ізі де қалмаған ба деп қорқасың. Болмысына біткен биязы мінезінен бой суытып, үйден шыға бергенде-ақ сұлу сылқымға айналатын қаркөздерге кім қой дейді?
Ең алдымен, бұл мәселенің түп-тамыры отбасы институтындағы өзгерістерден басталады. Бүгінгі таңда көптеген ата-ана жұмыс басты болып, балаларға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейді. Кейбір отбасыларда ата-ананың өздері тәртіпсіздікке, ішімдікке әуес, балаларды кері әрекеттерімен тәрбиелеп жатыр. Отбасындағы жылудың жетіспеуі, балаға махаббат пен тәртіптің дұрыс үлгіде берілуінің жоқтығы жасөспірім қыздарды өзіндік қолдау іздеуге итермелейді. Бұл қолдауды олар кейде дұрыс емес ортадан, мектептегі тәртіпсіз топтардан, әлеуметтік желідегі жалған құндылықтардан іздейді. Сонымен қатар, бүгінгі медианың да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі заманғы әлеуметтік желілер мен теледидар қыздар үшін теріс үлгілерді көрсетеді. Танымал болу, жеңіл ақша табу, сыртқы сұлулық пен материалдық байлыққа негізделген құндылықтар жасөспірімдердің ой-өрісін улап жатыр. Олар агрессияны, тәртіпсіздікті, моральдық нормаларды бұзуды «еркіндік» немесе «ерекше болу» деп қабылдайды.
Мектептегі тәртіптің әлсіреуі де осы мәселеге өз үлесін қосып жатыр. Қазіргі уақытта мұғалімдердің құзыреті бұрынғыдай берік емес. Кейбір ата-аналар балаларын қорғау мақсатында мұғалімдерді кінәлап, олардың әрекеттерін шектеп қояды. Мұғалімнің қолында баланы тәрбиелеу тетігі жоқ болғандықтан, оқушылар өздерін еркін сезініп, тәртіпсіздікке жол беретіні айдан анық. Мұндайда, кешегі «еті сенікі, сүйегі менікі» деп, баласын сеніп тапсыратын ата-аналарды сағынып кетесің. Бірақ қазір ондай сенімнің сынығы да қалмаған. Қарапайым мысал, біз мектепте оқып жүргенде мектептің табалдырығын аттамай кеткен ата-анамыз бүгінде әдейілеп, арнайылап мектепке қарай жиі жол тартып отырады. Әрине мұның астарында әр үйдің еркесін «травмадан» сақтау тұр. Яғни, «Неге мені қолдамайсың?», «Неге түсінбейсің» деген травмашыл толқынның уәжі...
Тек қана материалдық құндылықтарды насихаттайтын қоғамда адами құндылықтар екінші орынға сырғиды. Содан-ақ, сылқым мен сабаз, асып-тасыған мен жоқ-жұтаң өзіндік статустарын оңай-ақ белгілеп алмай ма? Ал бұл нәрселер топ ішінен топша құрылып, бірін-бірі кемсітіп, оқушылар арасындағы буллингтің бастау алуына бірден-бір себеп. Жасөспірім қыздардың агрессияға бейім болуы, ішімдік пен темекіге әуестенуі – бұл олардың өзіндік мәселелерін шеше алмауының, эмоциялық қолдаудың жоқтығының белгісі дейді психолог. Олар агрессия арқылы назар аудартуға тырысады немесе өздерін қорғанышсыз сезініп, жаман әдеттерге бой алдырады. Бұл жерде ата-ана, мектеп, қоғам үштігі бірігіп жұмыс істеуі қажет.
«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, кейбір ата-аналар қыздарының шынайы болмысынан бейхабар. Өткенде бір басқосуды құрбыларымызбен кенттегі кафеде ұйымдастырдық. Үйдің тірлігі бар, кешкі тамақты реттеп кештеу жиналдық. Барған кафеміздің жеке вип кабинасының ашық тұрған есігінен ортамыздағы бір келіншектің оқушы қызы калянды бұрқыратып отырғанын көріп, төбемізден мұздай су құйғандай күйге түстік. Қыздың анасы да сел соққандай болып, абдырап қалды. Шын мәнінде, қызы сол күні құрбысымен тестке дайындалмақшы екенін айтып, сыныптасының үйіне қонуға сұранып кеткен көрінеді, – дейді Феруза Ахметова. Үш қыз өсіріп отырған ана қызғалдақтарына қанша жерден сенгенімен, ортаның әсер етуінен алаңдаулы екенін де жасырмады.
Психолог Айда Айнақожаева мектеп жасындағы жасөспірім қыздардың бойынан көрініс табатын теріс әрекеттерді өтпелі кезеңдік өзгерістермен байланыстырады. Маманның айтуынша 14-18 жас аралығындағы қыздардың мінез-құлқындағы өзгерістердің орын алуы қалыпты жағдай. Бастысы уақытша деп жүрген әрекеттердің әдетке айналып кетуінің алдын алу керек. Ол үшін жеткіншектермен ашық әңгіме құрып, жан-жақты қолдау көрсету маңызды, – дейді психолог.
Қыздардың жүгенсіз кетуі – болашақ ұрпақтың қандай болатынын көрсететін айна. Егер қазір бұл мәселеге назар аудармасақ, ертеңгі күні қоғамда адамгершілік, тәртіп, сыйластық сияқты құндылықтардың жойылып кетуі әбден мүмкін. Шынтуайтында қай үйдің қызы болмасын оң-солын танып, ақ пен қараны ажыратуға ықпал жасайтын сырлас ана мен төбесіне қойып еркелетсе де еркінсітпейтін, қабағында қатуы бар әкеге мұқтаж.
Жәмила ЕРМАХАН