Жүректегі жылылық
Әлия мектеп бітірісімен арман қуып Алматы қаласына келіп, жүрек қалауымен дәрігерлік институтқа оқуға түсті. Екінші курстан соң жазғы демалыста жүргенінде өзінен 7 жас үлкен, көрші ауылдың Сәкен деген жігіті, соңына түсіп, жақын жеңгелерін араға салып, ақыры мұны қолына түсірді. Әлия қанша қарсылық білдіргенімен, ел ішінің салтынан аса алмай, қайтып келген қыз жаман, ата-анамды жерге қаратпайын деп, сол үйде қалды. «Әрі қарай өзіміз оқытамыз, ешқандай уайым жемеңдер» – деп уәде берген құдалар жағы сабақ уақыты жақындағанда сөзден тайқыды.
«Қайдағы оқу, оқудың үлкеніне түстің. Сенің міндетің – күйеуің мен енеңнің жағдайын жасап, сәби әкелу» деп қысқа қайырды енесі. Әлия әбден жылап, әке-шешесіне жалынған. Сонда ата-анасы: «Біз, енді ештеңе де істей алмаймыз. Қыз – жат жұрттық деген. Бізден кеттің, енді сен сол елдің келінісің. Баста ойлануың керек еді. Енді енең мен күйеуің не дейді, сол болады» – деп шығарып салды.
Әлия амалы жоқ, оқуды ұмытып сол үйдің күйбең тіршілігіне кіріседі. Жұмысқа да тұрмайды, қайтып оқиын деп сөз де қылмайды. Сөйтіп жүргенде өмірге Сәбиті, одан кейін Ғабиты, қызы Арай мен кенже ұлы Айдын келді. Міне жиырма жыл алтын босағасында арттырған бақыты осылар.
Бірақ қатал ененің мінезінің жібімеуі, келіннің әр ісінен кемшілік тауып, үйде ұрыс шығаруға әуестігі, намысына тиіп, балаларының көзінше жер-жебіріне жетуі бір тиылмады. Тіптен немерелеріне де тым жайсыздығы қиын еді. «Жәй сөйле, дыбысың шықпасын. Көршінің, досыңның үйіне барма, олар да келмесін. Беймезгіл дастархан жайма, ысырап қыласың. Бір турамнан артық нан жеме, семіріп кетесің. Теледидар көрме, бұзады». Осындай сөздермен кішкентайлардың да ығырын шығарып жіберген. Ал өзі ертеден қара кешке дейін теледидар алдында сериал көруден басқаны білмеді.
Жүйкесі тозған Әлияның денсаулығы сыр беріп, басы ауырып құлап қалатын болды. Мұны көрген балалары аналарына жаны ашып жатса, әжелері «Тұрыңдар былай, өлмейді шешелерің, қояншығы ұстап жатыр» деп жолатпайды. Осындай сөздер әбден қажытқан Әлия бір күні өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсағалы жатқан жерінен енесі көріп қалып, аяғына жығылып, үйге алып келеді. Арада бір апта үнсіздіктен кейін, Күләш апа баяғы әдетіне басады. «Жығылғанға жұдырық», Астанада құрылыста жүрген күйеуі өндірістік жарақат алып, ауылға қайтты.
Бұлардың күні бұрынғысынан да ауырлады. Енесінің зейнетақысы, балаларға беретін жәрдемақыға күн көру оңай емес. Төрт баланың да киімі, оқу заттары, керек жарақтары тағы бар. Осының бәрін ойлағанда Әлияның таусылғаны соншалық, салы суға кетіп, өмірден баз кешіп кетеді. Міне, осы жағдайдан кейін Әлияның өмір сүруге еш зауқы жоқ. Үнемі тұнжырап, мазасы болмай, шаршап, өз денесін өзі көтере алмай жүреді.
Ауруханаға жатқанына төртінші күн, екпе, дәрі-дәрмек қабылдағанымен нәтиже жоқ. Тамаққа тәбеті жоқ, ешкіммен сөйлесуге де зауқы болмай кереуеттің бір бұрышында қалың ойға шомып отыра береді.
Ауруханада жатса да намазын қаза қылмайтын жасы жетпістен асқан Күнімай апа Әлияның осы отырысын көріп, таңғы астан кейін әңгімеге тартты: «Қызым, сені сонша не мазалайды? Ешкіммен сөйлеспейсін, араласпайсың, ас-суды да бірге отырып ішпейсің. Қандай түбі жоқ тұңғиық ой мен шексіз уайым бойыңды басып тұрған, айтшы бөлісейін, анаңдай адаммын ғой» деп қасына келгенде Әлия өзін ұстай алмай жылап жіберді. Әлия басынан өткен жағдайдың бәрін Күнімай апаға айтып берді. Бұрын-соңды дәл осылай ақтарылып, ешкімге сырын айтпаған еді. Жаным деп бауырына басып, арқасын қағып айналғаны жібітіп жіберді ме, Әлия тоқтамастан бар шындығын Күнімай апаға жайып салды. Күнімай апа Әлияны құшақтап, «Бәсе, мұңлы көздеріңнің астында біраз сырдың тұрғанын сезіп едім. Сабыр ет, қызым. Бақытты адам өткенге өкінбейтін, болашағынан қорықпайтын және ертеңінің жақсы болатынына кәміл сенетін адам. Қорықпа қызым, сенде әлі- ақ бәрі жақсы болады, маған сен жаным, апам айтып еді ғой дерсің» – деп жұбатады.
Осы сөздерден кейін Әлия әжептеуір еңсесі көтеріліп, бойынан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанын сезінді. Беті-қолын жуып келіп, Күнімай апаның қасына шәй ішуге жайғасты. Кәдімгідей бойы жеңілдеді. Палатаға келіп, жайғасып алды да Күнімай апа сөзін жалғады:
– Қызым, адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Осы өмірінде адам жақсыны да, жаманды да, ащыны да, тұщыны да көреді. Сол арқылы адам өмірінің мәні мен мағынасын түсініп, кез келген жағдайға қарсы тұрып, өз өмірі үшін күресуді үйренеді. Қызым, сен сонша ауыр жүкті көтеріп жүрген нағыз батырсың! Екінің бірінің қолынан келе бермейді, бұлай сабырлы болу. «Сабыр түбі сары алтын» деген сөз бар. Сенде бәрі де бар, бастысы отбасың, күйеуің, ұлдарың мен қыздарың бар. Бәрі де есен-сау, аман. Басыңда баспанаң бар. Қалғанының бәрін жасап алуға болады, жаным. Барынша сабырлы бол. Алла енеңе де ақыл-ой берсін. Барыңды бағалап, шүкіршілік жасап, қанағат ет. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдыр. Сен өткен бұл жолдармен мен де өткенмін, сенің анаң да өткен. Қазір міне отырмыз ғой алдыңда, ештеңе болмағандай» деді. Әлияның арқасынан жүк түскендей жеңілдеп, терең тыныстап, өмірге деген құштарлығы артып, жүзіне күлкі үйіріліп, Күнімай апаның өзіне деген сенімділігіне дән риза болып, құшақтап, ризашылығын білдірді.
Әлия осы түнде тыныш ұйықтап, таңертең ұйқысынан сергек оянып, кезекті емін алып, көңілді жүрді. Күнімай апасын жақын тұтып, қасынан шықпай, жылы сөзінен өміріне нәр алғандай. Сол күннен бастап Әлияның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, ауруханадан жақсы көтеріліп, емделіп, отбасына оралды. Көп ұзамай Әлия ауылындағы мектепке еден жууға жұмысқа тұрды. Қолы бос кезінде қызы Арай екеуі мектеп асханасына түрлі тәттілер пісіріп апарып, өткізіп жүрді. Олардың бұл әрекеттері көршілерінің ойынан шығып, той-томалақ пен жиындарға тапсырыс берушілер көбейді. Одан әрі ауылдан шағын кәсіптерін бастап кетті. Көктем шыға ерлі-зайыптылар ұлдары Ғабит, Сәбит, Айдынды қасына алып, ауылдың шетінен егістікке жер алып, шаруаға кірісті. Қауын, қарбыз, бақша дақылдарын егіп, сол жылы Алла кәсіптерінің берекесін беріп, табысты болды. Міне, осыдан кейін Әлия мен Сәкеннің отбасының берекесі кіріп, жаңаша өмір басталды. Ия, кәсібіңнің нәсібін берсін деген осы да. Адам небір тығырықтан шығамын десе, жүректегі үміт отын өшірмей, қайта оны үрлеп маздатып, тығырықтан шығар жол табуға болатынын өмір көрсетіп отыр. Қиналғанда қол үшін беретін Күнімайдай апаларымыз көп болса екен. Жақынына жанашыр болатындай жақсы адамдар көбейсін.
Гүлзипа Сарбасова